Қаладағы арбат бойында әдемі атмосферасымен ерекшеленетін жаңа орынның пайда болғанына көп бола қойған жоқ. Бірақ бұл бастамаға деген қала тұрғындарының қызығушылығы жоғары. Құдды бір кәріс дорамасындағыдай айнала қоршалған жарықтар. Жаңашылдыққа ұмтылған жастар. Әлдебір аспаптың сүйемелдеуімен көпшілікке ән арнаған таланттар. Мәдениет пен музыканы үйлестірген көше сахнасы… Осындай ғажап көріністің қалада қайталануына қандай дүние ықпал еткенін бүгін тарқатып айтуды жөн көрдік.
Күн ұясына батқан кешкі сәтті әдемі әуенге бөлеген жастарды арбат бойындағы «Coffee Like» кофейнясының жанынан көруге болады. Он бес жастағы жасөспірімдерден бастап үлкендерге дейінгі тұрғындарды қамтыған көше сахнасының ерекшелігі – жастарға мүмкіндік беруінде. Өйткені талай таланттар сахнаға шығуға қымсынып жүріп, бойындағы қабілетті бағаламауы мүмкін. Бұл тақырыпта кофейня иесі Рахатпен тілдескенімізде, жас кәсіпкер жастар үшін тың жобалардың керегін жеткізді.
– Ән айту өзімнің де бала күнгі арманым еді. Көше сахнасы кішкентай кездегі сол тілегімнің көрінісіне айналды. Себебі бізге келген өнерлі жастар тұрғындар алдында ән салумен қатар, бойындағы қорқынышын жеңіп үлкен сахнаға жолдама алуда. Расында көпшілік алдында өнер көрсету оңай дүние емес. Сондықтан біз жастарды қолдау мақсатында осындай бастамаға ден қойдық. Бастапқыда аймақтық полиция қызметкерлері заң тұрғысында рұқсат берілмейтінін айтып, біраз кедергі туындаған. Алайда уақыт шектеуі мен қоғамдық орынның тәртібі сақталатын болған соң келісім берілді. Қазір кешкі сағат 19.00-ден 22.00-ге дейін жастар ән шырқап, көңіл сергітіп, жаңашылдықтан идея ала алады, – дейді Рахат.
Айта кетейік, «Coffee Like» кофеханасында арнайы ән жазатын студия орналасқан. Ән жазу бағасы қалтаға қонымды болған соң, жастардың да өнер көрсетуге деген мүмкіндігі көбеюде. Ескі әндерге әр берген олар музыкалық аспаптарын өздерімен бірге ала келеді. Бір қуантарлығы, талантты жастар қазақша әндерді жаңа нұсқада орындап, ұлттық музыканы трендке айналдырып жүр.
– Бес жыл бойы Қытайда білім алған уақытта жастардың еркіндікте өмір сүретінін байқадым. Біздегідей емес, көшеде емін-еркін ән салуға, би билеуге болады. Бірде Қытайдағы қазақ жастары бас қосып, көшеде «Қара жорға» биін билегеніміз есімде. «Қазақстан» тәттісі мен құрт, әдемі әуен мен әсем би «Аспан асты елінде» ұлттық ерекшелігімізді танытуға мүмкіндік сыйлады. Сол сияқты кофейня жанындағы жастардың тек қазақша ән орындағанын көргенде шынымен риза болып, сүйсінесің. Жақында олар Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқады. Бойды шымырлатқан ән сол жердегі адамдардың бәрін ойландырғаны рас. Сондықтан алдағы уақытта осы жобаны дамытып, тұрғындар арасында ойындар, шоулар ұйымдастыру жоспарымызда бар. Көше сахнасында кез келген тұрғын ән шырқай алады, бірақ біз алдымен қандай ән орындалатынын бақылауда ұстаймыз. Себебі біз үшін сапа басты орында тұрады. Болашақта ашық алаңда ұлттық құндылықтарды насихаттап, шағын бейнежазба түсіріп, әлеуметтік желінің көмегімен өзгелерге таныту мақсатымыз бар. Кей қала тұрғындары көшеде ән салған жастарды табыс табу үшін жүр деп ойлайды, бірақ біздің мақсатымыз жастарды қолдау ғана, – дейді ол.
Қазіргі уақытта қала тұрғындарының қарбалас тірліктен бой жазып, бір сәт ашық аспан астында демалуы сирек құбылысқа айналғаны рас. Сол олқылықтың орнын толтырған көше сахнасы үлкен-кішіге жаңа эмоция сыйлап келеді.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!