Жуырда Сыр өңірінің орман, аң және балық шаруашылығы саласының бір топ ардагерлері аймақтың солтүстік бөлігі – Қазалы және Арал аудандарына сапарға шықтық.
Мұндағы мақсатымыз – мәдени-тарихи орындарды аралау, қызмет еткен аудандық шаруашылық мекемелеріне барып, әріптестермен кездесіп, өңірді өркендету жолындағы ілкімді істерді бағамдау болатын. Мүмкіндік туса, білгенімізбен бөлісу еді. Бұдан бөлек, тарихи орындарды аралап, өшпес із қалдырған бабалардың кесенелеріне соғып, тарих түбіне терең үңілуді де мақсат еттік.
Сапар барысында табанымыз тиген әуелгі орын – «Мүсірәлі Әзиз» кесенесі. Тарихтан тін тартсақ, үш жүзге пір болған Мүсірәлі Сопы Әзиздің есімі күллі қазаққа белгілі. Осынау тарихи тұлғаға Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті мен Алтай бекетінің бойында 1998-2000 жылдар аралығында арнайы ескерткіш-кесенесі тұрғызылған. Мұнда келіп, әулие бабамыз туралы біраз мәліметке қанық болып, рухына құран бағыштадық.
Мұнан соң атбасын Жанқожа батыр бабаның кесенесіне бұрдық. Бұл нысан сонау 1992 жылы бой көтерген. Бүгінде киелі орынға тазалық жұмыстары жиі жүргізіледі екен. Жан-жағы жасыл-желекпен көмкерілген. Көркем сәулетімен келушілерге ерекше әсер қалдырады. Бізде қасиетті орында батыр бабаның тарихынан азды-көп мәлімет алдық.
Тарих беттеріне көз жүгіртсек, Жанқожа Нұрмұхаммедұлының батырлық даңқы ерте шыққан. 17 жасында алғаш хиуалық Тыхы есімді батырды жекпе-жекте найзасымен түйреп түсіріп, батыр атағы жалпақ елге сол кезден бастап жайылады. Одан бергі оның қатысуымен өткен ғасырға бергісіз оқиғалар тарих беттерінде хатталды, ұрпақ жадында сақталды. Бүгінде ерлігі ұрпақтың ұранына айналған саңлақ сардардың есімі ғасырдан ғасырға жалғасып келеді.
Қош. Мақала басында айтып өткендей, сапар барысында мәдени-тарихи орындарды аралаумен қатар аймақтың экологиялық маңызы бар сала орман шаруашылығына басыдық берілді. Соның ішінде Қазалы және Арал аудандық орман шаруашылығы мекемелеріне бас сұқтық. Орманшылармен кездесіп, қызмет барысымен таныстық.
Облыс үшін орман шаруашылығының маңызы зор. Экологиялық аймақ болғандықтан көркейту-көгалдандыру күн тәртібінен түспейтін мәселе. Ал сол қызығы мен қиыншылығы қатар салада орманды қорғау, сақтау және орман өртінің алдын алу мақсатында аяздың ызғары мен аптап ыстықтағы орманшылардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Әрине, орман шаруашылығы мекемелерінің бүгінгі ахуалы біз қызмет еткен уақытпен салыстыруға келмейді. Материалдық техникалық базасы, орманшылардың жалақысы сынды көптеген оң өзгерістер көңіл қуантады.
Байқағанымыз, мұнда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021-2025 жылдар ішінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 млн га сексеуіл екпелерін ұлғайту жөнінде тапсырмасын орындау үшін жүргізіліп жатқан жұмыстардың да қарқыны жоғары. 2021-2022 жылдары ұлтан басында 350 мың га сексеуіл егу жүргізілген. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын тауып, 250 га жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстары басталып кеткен.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен алынып, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда нәтижелі жұмыстар атқарып жатқан мекемелердің техникаларын көрдік. Өрт сөндіру автокөліктері, көшет қазу агрегаттары, тракторлар, УАЗ таблетка автокөліктері, арнайы мотоциклдар, патрульдік автокөліктер, барлығы соңғы үлгіге сай. Заманауи құрылғылар, байланыс құралдары мен қолда ұстап жүру рациялары күнделікті жұмысты үйлестіруде үлкен септігін тигізіп жатқаны айқын көрініс табады.
Арал теңізінің мәселесі әлемнің алаңдаушылығын туғызып, назарына іліккені белгілі. Бір түп сексеуіл ағашы 4 тонна құмды тоқтата алатын күшке ие екенін ескерсек, орманшылар жыл сайын мыңдаған, тіпті миллиондаған сексеуіл көшетін отырғызады. Алайда шығымы жүз пайыз оң нәтиже береді деуге келмейді. Дегенмен, теңіз табанындағы тыңғылықты іс 2025 жылға дейін жалғасатын болады. Осы тұрғыда біз де әріптестермен кездесуде жылдар бойы жинаған тәжірибемізбен бөлісіп, саланы ілгерілету мақсатында атқарылатын жауапты істе сәттілік тіледік.
Сахи БДАНОВ,
Орман шаруашылығы саласының ардагері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!