Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын мақсат-міндеттерінің ең бастысы – қоғамда өз орнын таба білген саналы, салауатты ұрпақ тәрбиелеу. Жасөспірімдерге адамгершілік-рухани тәлім-тәрбие беру, болашағына бағыт-бағдар көрсету бүгінгі қоғамның басты мәселесі деуге де болады. Ал оқушының бойына жағымды қасиеттерді сіңіру тек білім берумен ғана шектелмейді. Яғни оқушының ішкі жан дүниесін ояту және оң әсер ету нәтижесінде оның жоғарыда аталған адами қасиеттері қалыптасады.
Дегенмен балаға дұрыс тәрбие беру оның іс-әрекеттеріне шектеу қою дегенді білдірмейді. Оқушылар рухани-адамгершілік қасиеттерді, мінез-құлқын өз іс-әрекетінде, яғни қоғам ортасында тіршілік етуде қалыптастырып, ерікті таңдай білгені дұрыс. Яғни жасөспірімнің тұлға болып қалыптасуына ерік беріп, мүмкіндік беруі қажет. Демек, бала тәрбиесіндегі басты мәселе – оның қоғам мүшесі ретіндегі позициясына құлақ асу, құрметтеу. Сондықтан да әрбір оқушы өзін-өзі рухани жетілдіру үшін білім алуға, өзін тәрбилеуге ұмтылуы маңызды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі, олардың амандығы, білімі мен тәрбиесі – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі», – деп бала тәрбиесі туралы баса айтқан болатын. Осы мақсатта елімізде өткен жылы «Балалар жылы» деп аталып, бірнеше ауқамды жұмыстар атқарылды. Бұған оқушыдан бастап, ата-ана, мұғалімдер, жалпы қоғам атсалысты.
«Оқыту – тәрбиелеудің қуатты органы, бұл органды пайдалана білмеген педагог шәкірттерге әсер етудің ең басты және қажетті құралынан айырылады» деп бекер айтылмаса керек. Сондықтан жасөспірімнің бойына жастайынан ізгілік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіру мен тәрбиелеуде отбасымен қоса педагогтар да маңызды рөл атқарады. Педагог баланы тәрбиелеуде әр түрлі оң әдістерді пайдалана отырып, істелген жұмыстардың нәтижелерін, оқушыларының жеткен жетістіктерін зер салып талдауы қажет.
Жалпы, адамгершілік тәрбие дегеніміз – жеке тұлғаны қалыптастырудың, дамытудың негізгі бағыты. Ұстаз шәкірттерге жан-жақты тәрбие беруде әуелі осы адамгершілік қасиеттерді бала бойына сіңіруден бастайды.
Сондай-ақ «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, ата-ананың күн сайынғы атқарып жүрген жұмысы, қоғамдағы іс-әрекеті, бала тәрбиелеудегі көзқарасы жасөспірімнің қалыптасуына әсер етпей қоймайды. Балалардың үлкендер не айтса соны айтқысы, не істесе соны қайталағысы келетіні белгілі. Демек, ересектердің қоғамдағы жағымды әрекеттері мен қасиеттері жасөспірімдер үшін үлгі, тәлім болмақ.

Жанасыл ЕСЕНАЛИЕВА,
№266 мектеп -лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!