Туған күндерде, той-томалақтарда ең жиі айтылатын тілек бұл – бақытты бол деген тілек. Бұл тілекті қуанышқа ортақтасып келген барлық адам айтып шығады десек артық емес. Қанша адам сізге ыстық ықыласын білдіріп, жүрекжарды тілегін ұсынса, сонша адам бақытты болуыңызға тілектестік білдіреді. Барлық адам аңсаған, армандаған, басқаларға да шын жүрегімен тілеген бақыт деген не өзі?

         Ертегілердің барлығы «…бай болып, барша мұратына жетіпті» деп аяқталады немесе «… сол елдің ханы әрі әділ билеушісі болыпты» деген жолдар да жиі кездеседі. Бұған қарап халық түсінігінде байлық та, ел басқару да бақыт екенін аңғарамыз. Мұндай бақыт қаймана қазаққа шапағаты тиіп, көп адамға жақсылық жасай алу мүмкіндігін сыйлайды, сонысымен қадірлі.

Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз былай дейді: «Бақыт атаулының екі түрі болады: оның алғашқысы – сырттай қарағанда бақыт болып көрінгенімен де, шын мәнісінде нағыз бақыт болып табылмайтын түрі. Ал екіншісі – өзінің мәнділігімен ерекшеленіп, ешқашанда айырбастауға болмайтын шынайы бақыт. Сырттай қарағанда бақыттың сипаттары болғанымен де, шын мәнісінде нағыз бақыт болып саналмайтын бақыттың түрін байлықпен, шат-шадыман өмірмен, атақпен, даңқпен және дүниеқұмарлыққа бой ұрушылықпен теңестірілгендіктен, оны халық игілігі деп те атайды». Демек ертегілердегі бай болып барша мұратына жетудің мәні көзсіз байлыққа ұмтылу емес, халық игілігі үшін болса деген ізгі тілектен туған әрі оның астарында жас ұрпақты еңбексүйгіштікке баулудың құпиясы жасырылған.

«Дені сау адамның мың тілегі бар. Ауру адамның бір тілегі бар» дейді халық даналығы. Адамға Алла берген өлшеусіз нығмет – денсаулықтың қадірін ұғындырған осы бір даналық ойда үлкен мағына жатыр. Рас, ауру адам Алладан дертіне шипа сұрайды. Денің сау, ақылың бүтін болса, жер бетіндегі жақсылық біткенді жаның қалап тұрады. Демек денсаулықтан артық бақыт жоқ.

«Шексіз бақытқа жетуге дәнекер болатын өнегелі өмір салты, салт-дәстүрлер мен ерік-жігер қабілеті, өзінің мән-мағынасы жағынан, шынайы әдемілік пен ізгіліктің, игіліктің қайнар бұлағы» деген ойшыл баба әл-Фарабидің тағы бір даналық сөзіне ден қойсақ, бақыт дегеніміз – адамның өмір салты. Күн шыққанда күліп оянатын, барлық нәрсеге балаша қуана алатын шынайылық, айна алдындағы адамға сүйіспеншілікпен қарау – бәрі-бәрі бақыттың күн сайынғы сәулесі іспетті.

Мәдина ҒАЛЫМҚЫЗЫ,

                                                                  Қ.Мұхамеджанов атындағы

                                                                  мектеп гимназиясы

                                                                  Қызылорда қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!