«Балбұлақ» халықтық үлгілі би ансамблі әдемі би ырғағымен, талғамы биік, өзгеше қимыл-қозғалысымен ел ықыласына бөленіп келеді. Жақында Алматы қаласында өткен ІІ республикалық «Қамажай» бишілер конкурсына қатысқан «Балбұлақтың» бишілері бас жүлдені иемденді. Осы орайда ансамбль жетекшісі, Хореографтар одағының мүшесі Әсел Бекзат­қызымен тілдесіп, ұлттық бидің ерек­ш­елігі мен наси­х­аты тура­сында әңгіме қоз­ғаған едік.

Ансамбль бишілердің жас ерекшелігіне қарай үлкен, орта, кіші топтарға бөлінеді. Бүгінде «Балбұлақтың» үлкен топтағы бишілері сахнаға «Назкерім» биімен шығып, биіктерден көрініп жүр. Ал орта топтағы бишілер Әсел Базарханқызының жетекшілігімен бірге заманауи «Тәуелсіздік балалары» атты қазақ биін, ал кіші топ «Балғыншуақ» қойылымын көпке ұсынуда. Әселдің айтуынша, ұлттық биді сахнаға алып шығу оңай дүние емес.

‒ Ұлттық биді қою өте ұзақ уақытты талап етеді. Өйткені қазақша биде қимыл түрлері көп, ырғаққа бай. Бидегі әр қимылдың өз атауымен қоса оны орындаудың да арнайы техникасы болады. Биді қойғанда салт-дәстүрді, лириканы («Аққу» биі) қимыл-қозғалыспен жеткізуге болады. Қазақша биде ұлттық нақышты бұрыммен, торсықпен, кесемен, үкімен көрсетуге болады. Бірақ мұның бәрін үйлестіру ұзақ уақыт алады. Биді қойған кезде оның мағынасына сай сюжеті болу керек. Әйтпесе қойылым қызық болмайды. Сондықтан қазақша биге тақырып таңдамас бұрын алдын-ала жан-жақты зерттеп алған дұрыс. Ол үшін қазақы салт-дәстүр, ырымдар жайлы көп іздену қажет. Бидің ұтымды шығуына музыкалық ырғақ та ерекше әсер етеді. Музыкалық материалды тапсаң, қойылымның тоқсан пайыз жұмысы аяқталды деп есептеледі. Музыка табылған сәттен бастап би қимылдарын құрастыра беруге болады. Әрі қарай қойылым шығару, оны балаларға үйрету, бишілердің бірдей билеуі тәрізді жұмыстар жалғасып кете береді. Бишілер биді сахнаға шығарып, байқауларға қатысқан сайын би қимылдарына жаттығып, тәжірибе жинай бастайды, ‒ дейді ансамбль жетекшісі.

«Балбұлақ» бишілерінің байқауға дайындалатын әр би үлгісі үшін арнайы киім тігіледі. Ол үшін киім үлгісі, матасы, дизайны да алдын ала таңдалады екен.

‒ Суреттен де хабарым болған соң көбіне киімнің эскизін өзім сызамын. Бұл да үлкен ізденісті қажет ететін жұмыс. Бишіге аяқ киім ыңғайлы болу үшін міндетті түрде таза теріден тігілу керек. Сондықтан біз бишілердің аяқ киіміне сырттан тапсырыс береміз, ‒ дейді Әсел Бекзатханқызы.

Биыл «Балбұлақ» халықтық үлгілі ансамблінің құрылғанына 24 жыл толады. Осы уақытта ұлттық бидің биік өнер екенін талайға дәлелдеген ансамбль ұжымы әлі де сахна үшін еңбектенетініне сенім мол.

‒ Бүлдіршіндерге қазақша биді үйреткенде ұлттың тарихын, салт-дәстүрді барынша түсіндіруге тырысамыз. Олар ұлттық киімді киген сәттен бастап қойылымды түсіне бастайды. Біздің би тобындағы бүлдіршіндер де, олардың ата-анасы да ұлттық биді жақсы көреді. Сахнада заманауи немесе басқа ұлттың биін қойсақ та олар көбіне ұлттық биге мән беріп, «балаларымыз қазақша би билегенде әдемі көрінеді» деп қуана пікір білдіреді, ‒ дейді Ә.Бекзатханқызы.

Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ     

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!