Блогер Ілияс Мыңжасаров аталмыш фильм қылмысты насихаттап, өскелең буынға теріс тәрбие береді деп есептейді.
Блогер Ілияс Мыңжасаров Нұртас Адамбайдың «Келинка Сабина» фильмі қылмысты насихаттап, өскелең буынға теріс тәрбие береді деп есептейді. Бұл туралы ол желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Сюжетте қалалық байдың қызы Сабина алдау арқылы ұрланған. Уәде етілген Дубайдың орнына ол ауылға келеді. Фильмде бұл қылмыстық іс ешкімге залалы жоқ тентентік ретінде көрсетіледі. Жаңа отбасында оған агрессивті түрде қарайды және оны ешкім құрметтемейді. Жұмыс істеуге мәжбүрлейді, қорлайды. Кинода мұны да әзіл призмасы арқылы суреттегісі келген. Фильмнің айтпағы – Сабина айналасындағы нашар адамдардың кесірінен емес, өзінің ақымақтығынан зардап шегіп жүр. Ал шын мәнінде ол – нағыз жәбірленуші”, – дейді блогер.
Ілияс Мыңжасаровтың сөзінше, ұрлау, қорқыту, биліктің әрекетсіздігі, заңсыз бас бостандығынан айыру сияқты сан түрлі қылмыстар кинода күлкілі және көңілді оқиға ретінде көрсетілген.
“Соңында ол өз басына түскен жағдайдың игі тұстарын көре бастайды. Күйеуіне шын жүректен ғашық болады. Адам ұрлаудың соңы жақсылықпен аяқталады.Егер сіз ресми статистиканы қарасаңыз және еліміздегі шынайы қалыңдық ұрлау оқиғаларына көз жүгіртсеңіз, олардың барлығы мына фильмдегідей бақытты, баянды аяқталмайтынын түсінесіз. Сондықтан бұл тақырыпта күлкілі ештеңе жоқ”, – деп жазды ол.
Блогер Сабина секілді бақытты болып кетеді деген оймен елімізде қаншама қылмыс жабық күйінде қалып отыр деп топшылайды.
“Қысқасы, “Келинка Сабинаны” көрсетуге тыйым салу керек. Youtube та мұны зорлық-зомбылықты насихаттайтын фильм ретінде бұғаттауы керек”, – дейді Мыңжасаров.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!