Аса көрнекті кеңес педагогі Антон Макаренко: «Сіз ұлыңызды немесе қызыңызды тек қана өзіңіздің ата-аналық қуанышыңыз үшін ғана дүниеге әкеліп, тәрбиелеп жатқан жоқсыз. Сіздің отбасыңызда және сіздің басшылығыңызда болашақ азамат, болашақ қайраткер және болашақ күрескер өсіп келеді» деген. Расында өмірге келген әрбір перзенттің отбасы, қоғам, тіпті бүкіл әлем үшін өзіндік орны бар.
Ел болашағы – ертеңгі тәрбиелі ұрпақ десек, сол тәртіпті ұрпақ өсіру баршаға ортақ міндет. Олай дейтінім, бала тәрбиенің алғашқы сатысын ата-анасынан алса, өсе келе қоршаған орта мен қоғамдағы түрлі оқиғаларға қаныға отырып, жаңа дүниелер игереді. Онан соң өз уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын ұстазынан білім меңгереді. Осы уақыт аралығында дұрыс жол нұсқап, қызығушылығына қарай бағыттау нағыз майталман маманның шеберлігі. Ұлы Абай он тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы жаманды танидыдағы жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренеді деген емес пе?!». Әрине, жас өркеннің алдынан ылғи жақсы жаңалық пен бақытты күн кездесе бермесі анық. Ал, осы жолда сынбай, өзі құраған мақсатты баспалдағынан сүрінбей өтсе, міне, нағыз азамат сонда қалыптасады.
Баланың бос уақытының болмауы өзі үшін пайдалы. Себебі, уақыттың құндылығын біліп өскен бала бос уақытын тиімді өткізуді әдетке айналдырады. Даңқты қол басшы Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген екен. Расында, баланың тәрбиемен бірге тәртіпке бой ұсынғаны оның болашағының кемел болатындығының айқын дәлелі.
Гүлдана АСАНЖАНОВА,
Қызылорда қаласы бойынша қосымша білім беру оқу әдістемелік орталығы «Жас тілші» үйірмесінің жетекшісі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!