Астана қаласында мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумы өтті. Саяси шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және еліміздің түкпір-түкпірінен 2 500 депутат қатысты.
Жиында Парламент Мәжілісінің және «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов заң шығарушы органның қызметіне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ облыстардан келген мәслихат депутаттары сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
Ауқымды форумның пленарлық отырысын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қорытындылап, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жұмысын күшейте түсу, жергілікті басқару жүйесін жетілдіру, халықпен тікелей байланысқа баса мән беру жайын баса айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру қажеттігін атап өтті.
Енді басты тақырыбымызға ойысайық. Аталған жиында мінберге шыққан Мәжіліс депутаты Ринат Заитовтың көтерген мәселесі елдің есінде. Ол:
– Мәдени майданда қазақ үшін, оның руханияты үшін, ұлтымыздың ұлы болмысынан айырылып қалмау үшін, бүгініміз тозып, ертеңіміз азып кетпеуі үшін негізгі мәселе ұлттық дәстүр мен өнер. Тәуелсіздік алғалы бері еш ескерілмей, тасада қалған ұлттың төл өнерін төрге шығаратын уақыт келді. Қорқыт атамыздың қолынан түспеген қобыз, Сүйінбай сөзімен абыройымызды асқақтататын айтыс, күй атасы Құрманғазы мен Тәттімбет, Маңғыстаудан Сыр бойына дейін жыр төккен сүлейлер мен қайқылар, әлемді әнімен мойындатқан Әмірелердің мұрасы бүгінгі күні лайықты тұғырына көтеріле алмай келеді. Қазақ ұлтының перзенті ретінде бұл жағдайды жеткізбеу – маған сын. Өйткені дана халқымыз өткенін ескермегеннің келешегі болмайды деген. Салт-дәстүр мен ұлттық өнерді насихаттау келешек ұрпақтың санасын сергек, ойын салмақты, идеологиясын таза сақтайды, – деді.
Үкімет мүшелері толық қатысқан жиында мәжіліс депутаты ұлттық дәстүр мен өнердің ордасына айналатын оңаша шаңырақтың қажеттігін баса айтып, ұсыныс білдірді.
– Мәселен, Қытайдағы дәстүрлі Пекин орталығы, Италиядағы Ла Скала, Қырғыз ағайынның дәстүрлі Манас орталығы өз ұлтының төл өнері мен дәстүрін сақтап, дамытып отыр. Бізге де осындай республикалық деңгейдегі ұлтымыздың ән, күй, жыр, айтыс-термесін әлемге танытатын дәстүрлі ұлттық театр ауадай қажет. Ол жай ғана театр емес, қазақ ұлтының рухани байлығын баршаға паш етіп, ұрпақ тәрбиесіне оң әсерін тигізетін орталық болатынына еш күмәнім жоқ, – деді Ринат Рифхатұлы.
Мінберде айтылған дәл осы сөздер желіде желдей тарады. Оның дәлелі Ерлан Рысқали, Елмұра Жаңаберген, Айгүл Елшібаева сынды дәстүрлі өнер өкілдері қолдау білдіріп, парақшасында бөлісті. Дегенмен халық ішінен «басқа мәселе құрып қалды ма?» деген желеумен қарсылық танытқандар да табылды.
Осы орайда Мәжіліс депутаты айтқан әлем елдерінің дәстүрлі орталықтары жайлы оқырманға бірқатар мәлімет беруді жөн көрдік.
Қырғызстандағы дәстүрлі «Манас» орталығы
Қырғызстандағы Манас орталығы – ұлттық мәдени және тарихи мұраны сақтауға бағытталған мекеме. Орталық қызметкерлері Қырғызстанның халық эпосы «Манасты» зерттеп, насихаттаумен айналысады. Қырғыз халқының ең маңызды әдеби мұрасы болып саналатын аталмыш эпостың мазмұны ел тарихы, батырлық дәстүрлері мен мәдени құндылықтарын бейнелейді.
Орталық эпосты ғана зерттеп қоймай, сонымен қатар ұлттық мәдениетті сақтау, дамытуға да көп көңіл бөледі. Орталықтың басты мақсаты – «Манас» эпосының толық нұсқаларын жинап, оларды ғылыми түрде зерттеу, көпшілікке тарату және осы мұраны болашақ ұрпаққа жеткізу.
Орталық түрлі жобалар мен іс-шараларды ұйымдастырады, соның ішінде:
- Манасшылар фестивальдері – бұл дәстүрлі өнердің жандануына және көпшілікке көрсетілуіне арналған шаралар. Фестиваль барысында манасшылар халық ал- дында өз өнерлерін көрсетеді.
- Зерттеу және ғылыми конференциялар – эпосты зерттеумен айналысатын ғалымдар мен зерттеушілер үшін ғылыми алаң. Бұл жерде эпостың түрлі нұсқалары, мәдениет пен тарихтағы орны талқыланады.
- Мәдени-ағартушылық бағдарламалар – мектептер мен жоғары оқу орындарында, сондай-ақ халық арасында «Манас» эпосын таныстыру, жас ұрпақты осы құндылықтарға жақындату бағытындағы жұмыстар.
- Халықаралық байланыстар – Қырғызстанның шекарасынан тыс жерде де эпосты таныстыру мақсатында түрлі халықаралық жобаларға қатысады.
Манас орталығы мәдениет министрлігінің қолдауымен жұмыс істеп, бүгінде Қырғызстанның ғана емес, жалпы түркі әлемі үшін маңызды орталықтардың бірі болып отыр.
Қытайдағы дәстүрлі Бейжің орталығы
Бейжің – аспан асты елінің астанасы, әлемдегі ең көне және тарихи маңызы бар қалалардың бірі. Ол бірнеше ғасырлар бойы Қытай империясының саяси, мәдени және рухани орталығы болып келді. Дәстүрлі Пекин орталығы – қаладағы ескі аудандар мен тарихи жерлерді қамтиды. Онда Қытайдың бай мәдениеті, архи- тектурасы және тарихы бейнеленген. Дәстүрлі Пекин орталығы Қытай мәдениеті мен тарихының символы болып, әлем елдерінен туристер жиі-жиі табан тірейтін жерге айналған. Мұндағы ең маңызды дәстүрлі орындар:
Тыйым салынған қала – Пекиннің жүрегі болып саналады. Мин және Цин әулеттерінің билік құрған тұсында салынған бұл кешен әлемдегі ең ірі императорлық са- рай. 72 гектар аумақты алып жатқан ол 980 ғимараттан тұрады. Қытай архитектурасының керемет үлгісі болып саналатын қала ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген. Деректерге сүйенсек, бұл сарайда тек император мен оның әулетінің мүшелері өмір сүрген, ал қарапайым халыққа кіруге тыйым салынған. Сондықтан «Тыйым салынған қала» деп аталып кеткен. Сарайдың әрбір бөлшегі императордың құдіреті мен билігін көрсетуге бағытталған, мұнда ежелгі қытайлық философияның элементтері, мысалы, инь және ян, бес элемент теориясы қолданылған.
Пекиннің тағы бір маңызды діни-мәдени нысаны – Аспан храмы. Бұл храм ежелгі Қытайдың діни өмірінің орталығы болып, императорлардың жыл сайын аспанға құрбандық шалу орны ретінде қызмет еткен. Аспан храмы ежелгі қытайлықтардың космологиялық көзқарастарын бейнелейді. Ол аспан мен жер арасындағы байланыс, табиғи циклдер және адамның табиғатпен үйлесімді өмір сүру қажеттілігі туралы идеяларға негізделген. Сондықтан храм кешенінің барлық элементтері, мәселен құрылыс заттарының пішіні мен бояуында аталған философия айғайлап тұр.
Хутундар – Пекиннің ескі аудандары мен тұрғын үйлері орналасқан тар көшелер. Бұл аудандар қала тұрғындарының күнделікті өмірінің айнасы іспетті. Хутундар алғаш рет Юань әулеті кезінде пайда болды, содан бері олар Пекиннің маңызды әлеуметтік құрылымына айналды. Бүгінде хутундардың бір бөлігі бұзылып, орнына жаңа құрылыстар салынғанымен, кейбір аудандар өз болмысын сақтап, туристер үшін ерекше қызығушылық туғызып отыр. Хутундарда серуендеу арқылы қытайлықтардың дәстүрлі өмір салтымен, тұрмысымен танысуға болады.
Пекин операсы – Қытайдың ұлттық дәстүрлі өнерінің 200 жылдан астам тарихы бар театрлық өнер түрі. Пекин операсы тек музыка мен драма емес, сонымен қатар дәстүрлі қытай философиясы мен этикасын паш етеді. Онда адамгершілік, батырлық, адалдық, патриотизм сияқты құндылықтар жеткізіледі.
Тяньаньмэнь алаңы – Пекиннің тағы бір символикалық орны. Бұл алаң әлемдегі ең ірі қоғамдық алаңдардың бірі және Қытайдың саяси һәм мәдени тарихындағы маңызды оқиғалардың орталығы. Ол Цин әулеті билік құрған жылдардың соңына қарай салынған. Тяньаньмэнь алаңының айналасында бірнеше маңызды ғимараттар орналасқан, олардың ішінде Қытай Халық тарихы мұражайы және Халық батыры ескерткіші бар. Алаң қазіргі Қытайдың саяси билігін, халық бірлігін және мемлекеттің қуатын айқындайды.
Қорытындылай келе дәстүрлі Пекин орталығы – бұл Қытайдың бай тарихы мен мәдениетінің басты айнасы. Қаланың осы бөлігінде бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени, философиялық және архитектуралық мұралар сақтаулы. Айта кетейік, жоғарыда аталғандар тек Қытайдың ғана емес, әлемдік мәдениет тарихындағы ерекше орны бар жәдігерлер.
Ла Скала театры: Италиядағы әлемге әйгілі опера орталығы
Ла Скала театры – әлемдегі ең атақты және беделді опера театрларының бірі. Милан қаласында орналасқан бұл мәдениет ордасы 1778 жылдан бері өнер сүйер қауымды классикалық музыканың үздік шығармаларымен таныстырып келеді. Ла Скала опера өнері мен балеттің ең танымал сахналарының бірі ретінде танылып, Италияның ғана емес, дүние жүзілік музыка тарихына үлкен үлес қосты.
Ла Скала театрының тарихы XVIII ғасырдан бастау алады. 1776 жылы Миландағы Корольдік театр өртке оранғаннан кейін жаңа опера театрын салу қажеттілігі туындады. Сәулетші Джузеппе Пьермарини австриялық патшайым Мария Терезаның тапсырысы бойынша орталықты екі жыл ішінде салып шыққан. Театр 1778 жылдың 3 тамызында композитор Антонио Сальеридің «L’Europa riconosciuta» операсымен ресми түрде шымылдығын түрді.
Ла Скалада Джоаккино Россини, Винченцо Беллини, Гаэтано Доницетти және Джузеппе Верди сынды әлемге әйгілі композиторлардың опералары көрермен назарына ұсынылды. Бұл сахнада ұлы композиторлардың туындылары алғаш орындалып, олардың шығармашылығын халықаралық деңгейде танылуына ықпал етті.
Театр өзінің классикалық үлгісіндегі архитектурасымен ерекшеленеді. Сыртқы көрінісі салыстырмалы түрде қарапайым болғанымен, театрдың ішкі дизайны сән-салтанаты мен керемет акустикасы талайды таңдандырған.
Театрдың көрермен залы 2000-нан астам адамға шақталып, бірнеше деңгейде орналасқан және қызығы мұндағы ең танымалы «балкондар» көрінеді. Олар театрға тән ерекшеліктердің бірі саналып, көрерменге қойылымды түрлі ракурстан көруге мүмкіндік береді. Театрдың ерекше акустикасы опера өнерінің жауһарларын тыңдауға ең қолайлы орындардың біріне айналдырды. Залдың архитектурасы дыбыстың біркелкі естілуін қамтамасыз етеді, бұл әртістердің орындаушылығын одан әрі әсерлі ете түседі.
Ла Скала сахнасы опера мен балет өнерінің ірі шығармаларының алғаш орындалуымен әйгілі. Мұнда Джакомо Пуччини, Вольфганг Амадей Моцарт сияқты ұлы композиторлардың опералары алғаш рет көрерменге жол тартқан. Әр маусымда театр сахнасында жаңа қойылымдар дайындалып, классикалық музыканың таңдаулы туындылары қайталанып көрермен назарына ұсынылып отырады.
Осы күндері де Ла Скала – әлемдік опера мен балет өнерінің ең маңызды орталықтарының бірі болып қала береді. Театр жыл сайын жаңа маусымдарын ашып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнер сүйер қауымға классикалық музыканың ең үздік туындыларын ұсынады. Ла Скала оркестрі мен хоры, сондай-ақ балет труппасы әлемдік гастрольдерге шығып, өнерін кең аудиторияға таныстырып келеді. Сонымен қатар Ла Скалада музыкалық білім беру бағдарламалары да бар. Мұнда жас таланттар опера өнері мен музыкалық орындаушылықтың қыр-сырын меңгеріп, болашақта сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік алады. Театрдың жанында Ла Скала мұражайы орналасқан, онда тарихи құжаттар, костюмдер және музыкалық аспаптар көрмесі ұсынылған.
Аталған театр 2017 жылдың тамыз айында Қазақстанға табан тіреген болатын. Хор, оркестр, солистер мен техникалық қызметті қосқанда толық құрам 260 адам Астана Опера театрында Джузеппе Вердидің «Фальстаф» операсы мен Людвиг ван Бетховеннің «Ре Минор, Ор 125 №9» симфониясын қалың көрермен назарына ұсынды.
Түйін. «Шала білім мен шалағай мәдениет бір құлатпай тынбайды» дейді Ғабит Мүсірепов. Жоғарыда келтірілген мәліметтер арқылы әрбір ұлттың тарихында мәдениеттің алатын орны қашан да биік екенін айтқымыз келеді. Біздің тілек – бабадан балаға жалғасқан төл мұрамызды қайта жаңғыртып һәм туризмді дамытып, әлем жұртына мәдениетімізбен мақтанатын деңгейге жету.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!