С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында 9 мамыр Жеңіс күні қарсаңында және ҚР Суретшілер одағының құрылғанына 90 жыл толуына орай ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Абызбеков Әбілда Қырбайұлының «Дала үні» атты  шығармашылық көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Көрменің ашылу салтанатында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Көзейбаев Сапар Алиасқарұлы және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, «Құрмет» ордені иегері Аманкелді Кененбайұлы, ҚР Суретшілер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Шилібаев Нұрлансөз сөйлеп, көрменің ашылуымен құттықтады.

«Дала үні» атты  шығармашылық көрмесі өтті

Өнердің нәзік иірімдерінен туындылар тоқыған қылқалам шеберінің еңбектерін жаңғырту, шығармашылығын дәріптеу – шараның негізгі мақсаты.

Көрмеге суретшінің ұлттық ойдан туындаған көркемдік талғамы жоғары 90-ға жуық кескіндеме туындылары  қойылып отыр. Суретшінің туындылары еліміздің көрнекті жерлеріне эпикалық үн қосқан дала сұлулығымен өнер сұлулығын ұштастырған түрлі форматтағы пейзаждар, еңбегі ерен тұлғаларға арналған қанық түстермен көмкерілген портреттер және ұлттық тақырыптағы ізденістік еңбектерден тұрады. Шығармашылығы түрлі жанрлар мен тақырыптарға толы. Бейнелеу өнерінің бірнеше түрін еркін меңгерген кемелді суретші. Суретші туған жерінің сұлу табиғатын, салу палитрасының алуан түрлілігі арқылы, яғни импрессионистік бағытта орындалған. Туған жердің түстік байлығын қанық жылы түстерді батыл қолдануы арқылы берілген.

«Дала үні» атты  шығармашылық көрмесі өтті

Абызбеков Әбілда Қырбайұлы 1956 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Алмалы ауылында дүниеге келген. 1974-1980 жылдары Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесін бітірген. 1980 жылдан Шиелі суретшілер шеберханасында және балалар көркемсурет мектебінде ұстаздық қызметін атқарған. 1983 жылы облыстық «Жігер» фестивалінің лауреаты. 1993, 2005 жылдары жеке шығармашылық көрмесі өткен. Республикалық, облыстық суретшілер симпозиумының қатысушысы. 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі. Шығармашылық еңбектері облыстық, республикалық музейлер мен жеке коллекционерлерде сақтаулы.

Көрме 2023 жылдың 5 маусымына дейін жалғасады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!