ХХІ ғасырдың аса танымал кино бағытының бірі – дорама. Жарты әлемді жаулаған корей киноиндустриясы жастардың танымында алғашқы орында тұр десек, артық емес. Оған себеп бұл бағыттағы туындылардың әдемі сахналары, миға ауыр салмақ салмайтын, тиісінше мағыналы, жеңіл контенті секілді.

Дорама корей мәдениетімен бірге ел экономикасының да ажырамас бөлігі, ерекшелігі. Бұл жанр жапон комиксі манганың экранизациясы ретінде алғаш рет Жапония мемлекетінде көпшілікке ұсынылған. Жапондықтар ағылшынның «драма» сөзін қызық мәнерде айтып, нәтижесінде «дорама» сөзі пайда болыпты. Ал бүгін жалпылама Азия телесериалдарының қай қайсысы да дорама аталып жүр.

Біраз танымал дорама манга, манхва (корейлік комикс), вебтун негізінде түсіріледі. Мысалы, «Жігіттің сабаздары» дорамасы жапон жазушысы Йоко Камоның мангасы негізінде түсірілген. Ал әйгілі «Ыстық ұя» сериалына Вон Су Ённың манхвасы себепкер болыпты. Цифрлық комикс саналатын вебтундарға да түсірілген дорамалар саны аз емес.

Дорамалардағы ең танымал мотив – романтика, яғни, махаббат тақырыбы. Орташа ұзақтығы 10-35 серия. Бір серия ең ұзақ дегенде тек бір сағат шамасында уақыт алады. Дорамада күнделікті өмірде кездесетін оқиғалардан бөлек фантастикалық жайттар да беріледі. Алайда әдетте корейліктер сериалдың жалғасын түсірмейді. Егер көпшіліктің сұранысына ие болып, аудитория мен маркетинг жайы мүмкіндік берсе ғана жалғасы түсіріледі.Бұл индустрияда сирек кездеседі. Айта кетейік, голливуд фильмдерінде ғашықтар алғашқы кездесуде-ақ сүйісіп, ашық көрсетілетін болса, дорамада қыз бен жігіттің бір-бірінің қолынан ұстайтын сахнасының өзі тағатты тауысып, бірнеше кездесуден кейін ғана орын алады. Яғни дораманың осындай ерекшелігі оны жасөспірімдердің, отбасының түгел жиналып, қысылмай қарауына мүмкіндік сыйлайды. Орта Азияның консервативті мемлекеттерін дорама жанры осынысымен баурайды.

Көпке ұнайтын, әсер сыйлаған, танымал дорамалар тізімнің басында «Гоблин» туындысы тұр. Сюжет бойынша 900 жыл бойы тірі жүрген ажалсыз демон Токкэби кеудесіндегі қылышы алынғанда ғана о дүниеге аттана алады. Бір күні Токкэби өзін демонның қалыңдығымын деп санайтын жоғары мектеп оқушысы Ын Такты жолықтырады. Жайбарақат өлудің оңай шешімі табылғандай көрінеді. Дорама жүрек пен миға салмақ салар тақырыптарды көтереді: өмір мен өлім, шынайы махаббат, қалтқысыз достық. Бұл тақырыптар адамзат үшін мыңжылдықтардан бері қозғалып келе жатқанымен, мәдениеттің маңызды бөлігі іспетті. Себебі күнделікті тіршілік тынысымен біз байқай бермейтін, кішкентай бірақ жылы сәттер, жүрекке жылу сыйлайтын мейірім осындай туындылар арқылы санамызда қайта гүлдеп, өмірге ғашық болуға, мейірімге шақырады. Өнердің міндеті де осы болса керек.

Жақсыгүл ОРАЗАЛИЕВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!