Ортадан асып, жоғары класқа жақындаған 9 «ә»-нің оқушыларымыз. Сыныпқа жаңадан келген бір бала бар-тұғын. Қашан көрсең, рюкзагынан жарты тапа нан алып жатқаны. Соны ұлға да, қызға да бөлісіп отырады. Бір ғана көзқарасымен әсер қалдыратындай жанары ерекше, өткір. Қатардағы бозбалалардан қалыспайтын тентектігі де бар. Қысқасы, бізден төменгі сыныптың қыздарын біраз әуреге салған жігіт.
Қазір бар ма, білмеймін, сол кезде хат жазу, хат тасу деген дәстүр болды. Мүмкін соны көрген соңғы буын біз шығармыз. Ойлап қарасаңыз, ол да өнер. Кез келгеннің қолынан келе бермейді. (Шынымен…)
Екінші тоқсан, қыстың кезі. 5 минуттық әлде 10 минуттық па бәрібір, қоңырау соғылса, далаға шығып, қар атысып келеміз. Кабинетке қарды тығып әкеліп, қаннен қаперсіз отырған класстасыңа лақтырасың. Сосын оның жауабын келесі қоңырауда аласың. Кейде арты бір қыздың жылауына ұласып, енді қар лақтырмастай боп қалатынымыз да бар. Бірақ ертеңіне ештеңе болмағандай сценарийді қайталаймыз. Не керек, бір-біріміздің тентектігімізге де, қыңыр-қисықтығымызға да қанық боп алғанбыз.
Хат жазудың да қызығы қармен бірдей. Қоңырау соғылғанын естіген біз жамырап ішке келдік. Әлгі қаладан келген кластасым рюкзагынан хат тауып алып, оны кім салғанын сұрап жатыр екен. Апай әлі классқа кірмеген еді. Шуылдастық та қалдық.
– Кім жазған?
– Қәне, бірге оқимыз.
– Ап келш(і), мен оқимын.
– Дауысыңды шығарып оқы!
Осылайша ұлдардың біреуі хатты қолынан жұлып алды да, иесін ұмытқан күйі дауыстап оқи бастады. Қалғанымыз уағыз тыңдағандай ұйып, бір жерге жиналып алғанбыз. Хаттың бас жағында не жазғаны нақты есімде қалмапты. Бірақ бір қыз әлгі қалалық сыныптасыма сезімін білдіріп, жақсы көретінін айтыпты. Бізден төменгі сыныптардың бірінен келгені белгілі. Аал кім жазған екен? Ең қызық бөлігі де осы. Есеп дәптердің бір парағына жазылған хаттың ең астына, бұрышына кішкентай қылып « Кім екенімді білгің келсе, ертең 2-де спорт залға кел. Дшда бірінші тұратын қызбын!» деп жазыпты автор. Әдетте мектепте дене шынықтыру сабағында алдымен ұлдарды, содан соң қыздарды бой-бойымен сапқа тұрғызатын еді ғой. Кімнің бойы ұзын, сол алға шығады.
Бірнеше күннен кейін хат жазған қыздың кім екенін білдік. 7 класстың қызы. Сол оқиғадан кейін біраз уақыт бойы сыныптағылар әлгі қызды көрген сайын «ДШ-да бірінші тұратын қыз» деп мазақ етіп, екеуін қосып, рақаттанып алатын.
Арада біраз жылдар өтті. Қазір ешқайсысымыз қыздың бірінші боп сезімін білдіргеніне күлмейміз. Бұрынғыдай басқалардың хатын оқымаймыз. Алайда олай хат жазатын да, таситын да адам жоқ. Қар да лақтырыспаймыз. ДШ-да бірінші тұратын қыздың қайда екенінен де бейхабармыз. Мүмкін, есейе бастаған шығармыз?..

Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!