Өмірде екі түрлі байлық бар болса, бірі – білім, екіншісі – өнер екен. Өнер адамға туа бітетін өте сирек қасиет. Жасынан қазақ ән-жырына құштар боп өскен азаматтар жетерлік. Соның бірі – Ерасыл Кәрібаев. Қазақтың қай ақынын алсақ та Абайға еліктемей, одан бағдар, нәр алмай өтпеген. Кейіпкеріміз де ұлы ақынға еліктеп, үлгі еткен. Ол өнер жолын мектепте бастауышта оқып жүргеннен домбырада ән шырқаумен бастаған. Одан кейін «Қазанғап» атындағы Қызылорда жоғары музыкалық колледжінде «Үрмелі-соқпалы аспаптар» бөліміне, фагот аспабына оқуға түседі. Өнер жолындағы ең алғашқы ұстазы – Марлен Баймбетов. Қазіргі таңда Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында 4-курс студенті.

– Өнер жаныма жақын. Бала кезден сахнада жүруді, танымал болуды армандадым. Әкемнің арқасында мақсатыма жеттім. Маған берген мотивациясы біршама жетістіктерге жеткізді. Әрі қарай да өмірімді өнермен жақындастырдым. Кәсіби білім алып, шындалдым. Мықты-мықты ұстаздардан дәріс алдым. Кез келген аспапта ойнауға қызығушылық таныттым. Бүгінде ерекше аспапта өнер көрсетіп келемін. Десе де домбыра тартуды, гитарамен ән айтуды, скрипка, саксафонда ойнауды білемін. Ал фагота аспабына тоқталар болсам, ол өте қызықты құрал. Фагот үні өте әдемі және дыбыстарды ажырату оңай. Тыңдарманға ерекше әсер берері анық. Бұл аспапта ойнайтындар аз, қызығушылық танытатындар бар. Десе де орта жолдан тастап кетіп жатады, – дейді кейіпкеріміз.
Кейіпкеріміздің қиын деп айтуының себебі бар. «Фагот – оркестр құралы. Мәселен сіз домбыраны он-ақ күнде үйренесіз. Себебі ол – ұлттық аспап. Гитараны да жастар тез үйреніп кетеді. Ал фаготты көпшілікпен, яки оркестр­мен бірге орын­дайсыз. Топтық жұмысты жекелеп орындау, әрине, өзгешелік әкеледі. Қызылордада жүргенімде бұл аспаптың қыр-сырын меңгер­дім. Әлі де оқып, үйреніп келемін. Дұрыс ойнамаған, қателескен жерлерімді ұстаздарым айтып, көрсетіп отырады. Ерекше аспапта өнер көрсеткеннің жауапкершілігі де көп, жүгі де жетіп артылады. Қасындағы адамдарға зиян тигізбеу, олардың еңбегін зая кетірмеуді басты мақсат етесің. Жоғарыда айтып өткенімде дыбыстың жақсы шығуы ортақ нәрсе», – дейді ол.
Музыка – адамның жан дүниесімен сезініп, жан қалауына айналатын өнер. Оны жүрек тілі дейтіндер де бар. Тіпті, біреулер музыканы көңіл кілті деп санайды. Себебі тыңдаған адамның көңілі көтеріледі, жүрек түкпірінде әдемі бір әуен салтанат құрады. Музыканың ерекшелігі сондай, ол кез келген адамның ішкі сұлулығын, жүрегін сезінуге көмектеседі. Кейіпкеріміздің де адам жанына тыныштық сыйлап, өнері арқылы жүрекке жол тауып жүргені қуантарлық іс.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!