Фото: Музыкалық жас көрермен театры
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының «Гауһартас» музыкалық драмасы премьерасының өткеніне тура 1 жыл толды.
Халықтың көзайымына айналған «Гауһартас» музыкалық драмасы, көрермен назарына 165 мәрте сахналанып еліміздің театр кеңістігінде рекордтық көрсеткіш жасады.
Қойылым көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабековтің ең алғашқы тырнақалды көлемді прозалық туындысы «Гауһартас» повесінің сахналық нұсқасы — музыкалық драма жанрындағы қойылымға жетпісінші жылдардағы ата кәсіп шопандықпен айналысып, қарапайым ғана тіршілік кешкен шағын отбасының шынайы өмірі мен кісілік келбеттері арқау болған.
Қойылымның (қоюшы режиссері — Асхат Маемиров) жетістіктеріне тоқтала кетсек, қойылымдағы кейіпкер Салтанаттың рөлін театрымыздың актрисасы Инабат Ризабекова сомдайды. Ол осы қойылымдағы «Салтанат» рөлі үшін «Сыншылар жүлдесі — 2023» марапаттау кешінде «Жыл актрисасы-2023» номинациясына ие болды.
«Гауһартас» музыкалық драмандағы халық әні «Құдаша» әні мен биі әлеуметтік желілерде санаулы сағатта миллионнан аса қаралам жинап, хитке айналды. Тіпті, Қытай еліндегі жастардың бейнежазбасы да тараған болатын.
Сондай-ақ, «Гауһартас» музыкалық драмасы жақында «UMAI-2023» ұлттық жүлдесінің «Театр өнері» номинациясы бойынша: «Үздік спектакль» номинациясын иеленген болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!