Кино өнер туындысы ретінде сұраққа жауап бермейді. Керісінше адам санасын сілкіп, сапалы сұрақ қояды. Жауап – өзімізде, күнделікті өмірде. Бір ғана ой арқылы бүкіл жағдайға басқаша қарап, өмірлік көзқарасты өзгертуге қауқарлы туындылар жетерлік. Бүгін оңтүстіккореялық киноиндустрияның жетістігі – жаңа туынды «Байланыста» кинокартинасы туралы сөз ететін боламыз.
Технология жағынан жетістікке жеткен сайын адамдар арасында бір-бірін алдау, алаяқтық, ақшасын жымқыру әрекеттері әдетке айналып барады. Бұған тоқтау жоқ па? Жаңалықтардан байқайтынымыздай екінің бірі киберқылмыстың жәбірленушісі ретінде ақшасынан айырылып, қарызға кіруде. Сіз мұндай жағдайға тап болсаңыз, не істер едіңіз? Алаяқтарға алданбау үшін не істеу керек? Отбасы құндылығы мен ақшаны тең алғашқы орынға қоятын екі тараптың қайсысы жеңіске жетеді? Детектив, криминал, боевик жанрларында түсірілген кинотуынды осы мәселені алға тартады. Толық метражды фильмнің ұзақтығы 109 минутты құрайды. Режиссёр Ким Гок пен Ким Сонның жаңа туындысы әлемнің әр түкпірінде, барлық елдің қоғамында бар, бірақ күнделікті тұрмыста біз назар аудара бермейтін маңызды мәселені қозғай білуімен құнын арттыра түскендей.
Жазушы, сценарист Пэ Ён Иктің кітабының желісі бойынша түсірілген кинотуындының жарыққа шыққан уақыты – 2021 жылдың 15 қыркүйегі. Алдымен сюжетке қысқаша тоқталып өтейік. Бас кейіпкер Со Джун есімді жас жігіт Пусан қаласындағы ірі құрылыс корпорациясында бөлім жетекшісі болып жұмыс істейді. Киноның алғашқы сахналарынан көрермен басты кейіпкер үшін өмірде бәрі жақсы, ретімен болып жатқанын түсінеді: жақын арада әйелімен бірге үй сатып алуды жоспарлауда, қызметте көтеріліп жатыр және ол осы жобаны аяқтаған кезде әйелімен астанаға, яғни, Сеулге көшу мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен бірге құрылыс саласына келгенге дейін Со Джунның полицей болғанын білеміз. Оқиға былай басталады. Отбасылық өміріне риза, бақытты кейіпкер өзінің шағын, жайлы кафесін басқаратын әйеліне қоңырау шалып, алда уақытқа жоспарланған акция туралы айтады. Алайда 5 минут өтпей телефонға тағы қоңырау түседі. Әйеліне құрылыс алаңында жазатайым оқиға болғаны, күйеуінің қол астындағы қызметкері қайтыс болып, абайсызда Со Джунға да айып тағылғанын, қазір оның қылмыстық істер департаментінде тергеуге алынып, қамалатынын жеткізеді. Әйелі ақпараттың жалған не шын екенін тексеруді ойлайды. Сол сәтте күйеуіне қоңырау шалса, телефоны өшіп тұрады, артынан полиция мен құрылыс алаңына қоңырау шалу арқылы қорқынышы расталады. Бойын үрей билеген әйел алдымен не істерін, қайда барарын білмей дал болады.
Сол сәтте Со Джунның заңгер досы хабарласып, қаза болған қызметкердің отбасына өтемақы беру арқылы соттағы істі шешуге болатынын, ол үшін үлкен сомадағы қаражат қажет екенін айтады. Өміріндегі ең қымбат адамын құтқарғысы келген ару үй алуға жинаған 70 миллионды дереу адвокаттың есепшотына аударады.
Ақша аударылғаннан кейін көп ұзамай Со Джун әйеліне телефон соғып, құрылыс алаңында ешкім өлмегенін, полицияға түспегенін, бәрі жақсы екенін жеткізеді. Тіпті, оның адвокат досы да жоқ екен… Телефон алаяқтарының құрбаны болғанын түсінген қыз банкке барып, аударым бойынша бәрін анықтамақ болады. Бірақ тым кеш еді: ақша банкоматтан шығарылған, адвокат достың кейпіндегі адам әлдеқашан ізін суытып кеткен. Оқиғалар шиеленісе түседі. Со Джунның әйелін көшеде көлік қағып кетеді. Сол күні Со Джунның қарамағындағылардың шотындағы барлық қаржылық жинақ та жоғалады. Әйелінен ұрланған 70 миллионмен бірге келтірілген залал үш миллиард корей вонын құрайды. Мұның барлығы фильмнің алғашқы он минутындағы оқиғалар ғана. Динамикалық жағынан фильм бір деммен қарап шығатындай қызықты. Осылайша бас кейіпкер полиция қызметкері ретіндегі кәсіби дағдыларын пайдалана отырып, қауіпті оқиғалар мен кездесулер тізбегінен өтіп, өзінің әрі әріптестерінің ақшасын қайтаруға тырысады. Соңына дейін күресуді мақсат еткен ол әділеттілік орнатып, өзінің және компанияның ақшасын қайтарады.
Актерлық құрамдағы Бён Йо Хан Со Джун рөлін тамаша орындап, қауіпті трюктерді орындау кезінде өзінің мұндай рөлге физикалық тұрғыдан дайын екенін көрсетті. Қайталанбас Ким Муйол қылмыстық алаяқтық топтағы бөлім басшысын тамаша ойнаған. Қатыгез, садистік көзқараспен өмір сүретін, тіпті, тозақ та өз жағында деп есептейтін кейіпкер жағымсыз әсер қалдырады. Ойнамайды – өмір сүреді. Аталған кейіпкер үшін бүкіл әлемде бір ғана нәрсе бар: ол – ақша. Міне, осындай ерекшеліктерімен фильм тек қана корей киноиндустриясында жоғары бағаланып қоймай, орыс тіліндегі аудармасы арқылы миллиондаған көрерменнің оң көзқарасына ие болды. Doramy.net дорамалар сайтының мәліметінше, фильмнің сюжеті 10-нан 9,5 балға бағаланса, актерлық шеберлікке 9,8 балл берілген. Бұл – кәсіби киносыншылардың берген бағасы болмаса да, әлемнің түкпір-түкпіріндегі киносүйер қауымның көзқарасы. Демек туынды тек қана көтерген тақырыбының өзектілігімен ғана емес, артистердің шеберлігімен, локациялардың дұрыс таңдалуымен, режиссердің әдемі жұмысымен де көз тартады.
Киберқылмыстың біздің қоғамға қатысы қанша дейсіз бе? Айта кету керек, соңғы екі жылда пандемия онлайн-төлемдерге көшуге түрткі болып, банк картасын сирек қолданатын азаматтардың өзі қолма-қол ақшасыз, онлайн есеп айырысуға көше бастады. Олардың артынан интернеттегі алаяқтар саны да арта түскендей. Елімізде қаржы алаяқтарына алданатындар да азаяр емес. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша жыл басынан бері 800-ден астам адамның атына өзге біреулер несие рәсімдеген. Интернет алаяқтық дерегі көбіне Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Қарағанды облысында тіркеледі-мыс. Аталған жағдайлар азаймай тұрғандықтан министрлік қазақстандықтардың жеке мәліметтеріне мұқият болуын сұрайды. Өйткені «Байланыста» фильміндегідей банк қызметкері ретінде хабарласып, телефонға келген кодты сұрайтындар айласын асырып кетуі мүмкін.
Қазір әлеуметтік желі арқылы да кез келген адам туралы ақпарат алуға болады. Сондықтан отбасыңыз, өз басыңызға қатысты жеке мәліметтерді жария етпеген жөн. Алаяқтың айласына кез келген адам түсуі мүмкін. Себебі қылмыскер жәбірленушінің жақтасы сияқты сыңай танытып, оған тығырықтан шығудың жолын ұсынады. Бұл тәсіл қазақстандықтарға жақсы таныс. Өкінішке қарай, білімді және сауатты адамдардың өзі осыған жиі ұрынып жатады.
Алаяқтық әдетте қалай жүзеге асады? Мәселен, сізге банк менеджері немесе банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалады да, телефонның арғы жағындағы сенімді дауыс сіздің аты-жөніңіз атап, өзін таныстырады және сізге белгілі бір сомаға онлайн несие берілгенін хабарлайды. Яғни өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын банк қызметкері операцияны уақытында қадағалап отырған кейіп танытып, оны болдырмау үшін сіздің көмегіңіз қажет екенін айтады. Бұдан кейін алаяқ, әдетте, бас тарту пәрменін беруді өтінеді. Сонымен бірге жеке деректер сұралуы мүмкін. Осылармен қатар, алаяқ сізден SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды. Оны айта отырып, сіз қылмыскерге ақшаңыздың кілтін бересіз. Код оларға құпия сөзді өзгертуге, жеке кабинетке кіруге, яғни, кез-келген қаржылық операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді. Соңында сіздің банк картаңыз бос, ал несиеңіз өтелмеген күйінде қалады.
Мұндай жағдайға ұрынбау үшін істеу керек? Алаяқтар қолданған барлық айла-тәсілдер адамның психологиясына тікелей байланысты. Яғни олар өз қылмыстарының құрбандарына жақтасқан сыңай танытып, алдымен оның сеніміне кіруді көздейді. Бұған дейін айтып өткендей, қоңырау шалушы «ақшаңызды сақтап қалуға көмектескісі келетінін» жеткізеді. Немесе ақша аудару кезінде шоттан жаңылысқандай болады. Алаяқтық кезінде назар аударатын тағы бір маңызды фактор – шұғыл әрекет ету. Сізге немесе қоңырау шалушыға қандай да бір қауіп төніп тұрғандай қауырт әңгіме айтылады. Мұндай төтенше жағдай адамды қалыпты мінез-құлқынан айыру үшін жасалады екен.
– Өткен жылы 4 мың істің 400-дейі ашылды. Қылмысты ашуда қиындық келтіретін нәрсе – олардың Қазақстан аумағынан тыс жасалатыны. Біз Интерпол арқылы өз сұрауларымызды бергенше көп жағдайда қылмыстың ізі суып кетіп жатады, – дейді ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз. Оның айтуынша, елде полицияның да, банк қызметкерінің де тұрғындардан құпия сөз немесе басқа да жеке ақпараттарды талап етуге құқығы жоқ. Банктер мұндай кезде телефон тұтқасын бірден қоя салуға кеңес береді және ешқашан жеке деректерді бермеуге шақырады.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!