«Шебердің қолы алтын». Ежелден қолөнершілер түрлі әдіс арқылы көздің жауын алатын әрі тұрмыс тіршілікке қажет дүниелер жасаған. Ал заманауи қолөнерде дәстүрлі тәсіл, трендтер мен инновацияларды үйлестіру маңызды рөл атқарады.

«Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күні аясында С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, креатив-суретші Дәулетбек Тойшыбаевтың «Kilem Аrt» атты заманауи өнер көрмесінің ашылуы өтті.

Kilem art облыста алғаш рет ұйымдастырылды. Көрмеде кілем бетіне салынған қазақтың белгілі аналары және арулары бейнеленген кілем-картиналар көпшілік назарына ұсынылды. Туындыдағы кейіпкерлердің образдары шынайылығымен ерекшеленеді.

Дәулетбек Тойшыбаев – реалист суретшілердің бірі. Декоративті кескіндеменің креативті түрлерімен айналысып, қазақтың тарихи тұлғаларының бейнелерін стринг-арт арқылы суреттейді. Туындыларында тек майлы бояу ғана емес, күріш пен құмды да қолданады. Жұмыс барысында тәжірибе жасағанды жаны сүйеді. Сұхбаттасу барысында қолөнер шебері көрменің ашылуына 2 ай дайындалғанын айтты.

– Көрмеге жалпы 15 жұмыс әзірленді. Көркемсурет галереясының аумағына байланысты көрерменге 12 туынды ұсынылды. Картиналар негізінен арнайы тапсырысқа салынады. Оқырмандармен кері байланыс барысында көрме ұйымдастыру туралы ой келді. Кейін Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының ұсынысымен өнер көрмесін өткізу жұмысына кірістік, – деді Дәулетбек Ділдабекұлы.

Қызылорда облысындағы жалғыз көркемсурет галереясы 2014 жылы ашылып, 2019 жылы С.Айтбаевтың есімі берілді. Галерея мамандары суретшілер мен қолөнер шеберлерін қолдау, жұмыстарын насихаттау мақсатында жас таланттармен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Kilem art: кескіндеменің креативті үлгісі

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жас таланттарды қолдау, креативті хаб құру және туындыларды коммерцияландыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Көркемсурет галереясында айына 2 мәрте іс-шара ұйымдастырылады. Облыс тұрғындарына жаңа туындыларды таныстырып, мәдени орта қалыптастыруда бұл көрменің маңызы зор, – деді Кенже Ахметова.

С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының меңгерушісі сәуір, мамыр айында өтетін іс-шараларға да тоқталды. Сәуір айында қолөнерші Қарлығаш Ілиясованың туындыларын таныстыру және сату мақсатында көрме ұйымдастырылады. Ал мамыр айында Қызылорда облысының әкімі және Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен халықаралық симпозиум өткізу жоспарлануда. Сыр елінің тарихын, елеулі оқиғалар мен батырлар ерлігін насихаттау төңірегінде өтетін жиынға 20 суретші қатысады.

Қазақтың жәдігері саналатын кілем арқылы қолөнерді дамыту − тың идея. Креативті индустрия дамуына шығармашылық және мәдени саланың әсер ететіні анық. Осы орайда Сыр өңірінде таланттардың және қолдаушылардың бары қуантады.

Әлия ЖАНАБІЛҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!