Қазақ – сөз қадірін өз қадірім деп бағалаған.Кеңдігін де, елдігін де, кемеңгерлігі мен көсемдігін де сөзге сыйғызған. Оның тарихы да, тағдыры да, тәлімі мен тәрбиесі де, даналығы мен дала көңілі де сол сөзде жатыр. Ауыздан шыққанәрлебізге, пікірге жауапкершілікпен қараған. Анығында «оттың шаласынан сөздің шаласы жаман» деп түсінген. Шектен шыққандар болса «жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табады» деп ескертіп отырған. Одан бөлек, ата-бабамыз «он бәленің тоғызы тілден» деп сақтандырғанын білесіздер. «Тіземмен сүріндірсең де, тілімнен сүріндіре көрме» дегенді айтқанда солар.Тілді аса жоғары баға­ла­ға­нын, сөзді құдіретті деп танығанын ха­лық­тың осындай қазыналы сөздерінен аңғаруға болады. 
Бәріміздің санамызда орныққан тіл­ді қолдана білу дағдымыз – сөз саптау. Сөз саптауымыз дұрыс болу үшін, алдымен, бүлдіршін жастан-ақ тілдің сөз байлығы, грамматикалық құрылымы мен дыбыстық жүйесі адам санасында мықтап орнығуы тиіс. Бұндай жерде, ең алдымен, халық әдебиетінің үлгілері – ертегі, өлең-жыр, аңыз-әңгіме және көр­кем әдебиет тілі арқылы орнығады. Қазіргі жас буын оқып-үйренуден гөрі компьютерге иек артып алған. Бұндайда шығармашылық қабілеттің отыз пайызы жоғалады. Бұл – шындық. Өйткені, кітап оқу, радио тыңдау мидың «елестетуіне», сезімді ой елегінен өткізуге, яғни мидың жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Компьютер жұмысты жеңілдететін теңдесі жоқ техникалық құрал, бірақ шығармашылық құрал емес. Мектепке барған баланы бірінші сыныптан бастап, мектеп бітіргенше тест арқылы оқытып, білімдерін бағалайтын қазіргі оқу жүйесібаланы ойланып сөйлеуге,өз пікірін жүйелі жеткізуге баулымайды. Әсіресе тіл-әде­биет, тарих сияқты пәндердің өзін тест тапсыруға бағыттау – қазіргі жастардың айтар пікіріне салғырт қарауын қалыптастырып жатқан тәрізді.

Айтар ойының тереңдігі мен салмақ­тылығына мән бермей айта салатындар көбейді. Әйтпесе, тіліміз кедейленіп, ше­шендігіміз кеміп жатқан жоқ. «Құнды сөз құ­нар­лы ойдан шығады» демекші, бар пә­ле ойлау машығымыз бен дағдымыздың дұрыс қалыптаспайжатқандығында болып отыр. «Иә, тіл ақылдың өлшемі, Сондықтан бет алды бос сөйлемей, бі­реулерді дәйексіз кінәламай, өсек сөзге жоламай, «сөй­легенше сөзіңе өзің қожа, сөйлеген соң – өзіңе сөзің қожа» дегенді есте ұстаған жөн болады.

Балауса Сыздықова,

 журналист


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!