фото: ашық дереккөзден алынды
Мәдениет деген кезде ойыңызға бірінші не келеді? Сіз атаған жауаптың бәрі дұрыс. Бұл – театр, кино, адамның өзін-өзі ұстауы, қоғамда қалыптасқан адамгершілік қасиеттер, дұрыс сөйлеу, өнер, дәстүр секілді ұстанымдар жиынтығы. Мәдениет – көшеде жерге қоқыс тастамаудан бастап, мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық ойлауға дейінгі аралықты қамтитын ұғым. Біз бүгін қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз? Технология дамыған, ақпарат тасқыны жүрген, бірақ рухани құндылықтың құны қысқарған кезеңдеміз.
Біздің қазір танитын тұлғаларымыз – Илон Маск, Марк Цукерберг сынды алыптар. Олардың еңбегін, талпынысын, әлемге әкелген жаңашылдығын жоққа шығара алмаймыз. Алайда шыны керек, олар туралы сөз қозғаған кезде ең бірінші олардың материалдық жағдайы әңгіме болатыны сөзсіз. Көпшілік білетін «Forbes» тізімін мысал ретінде алуға болады. Бұл – әлемдегі ең бай адамдардың аты мен байлығын есептейтін құрал. Бұл тізім әр ел бойынша да жеке-жеке қарастырыла береді. Бірақ қалай ойлайсыз, біздің ақшамен, мүлікпен жарысқанымыз қаншалықты ойға қонымды? Сонда ХХІ ғасыр сырт көзбен ғана сынап, тек қалталыны танитын заман ба?
Осы ретте Ахмет Байтұрсынұлының «Білім жарысы» атты мақаласы еске түседі. Бізде ақшаны бәске, ойынға салу кең таралып жатқанын жоққа шығара алмаймыз, бірақ қазақта бәйгенің басқа түрі ерекше құрметке лайық болған еді. Ол туралы Алаш қайраткері «Білім жарысы дегеніміз – бай адам пәлен мың ақшаны бәйгеге тігеді де, мәлім етеді: осы ақшаны пәлендей іс істеген кісі алады деп. Мысалы, пәлен ауруға ем тапқан я пәлен ғылымнан, яки өнерден жаңа жол тапқан, я пәлен турасында жазып, кітап шығарған адамдарға беріледі дейді. Ал бәйге тігілді. Енді ат жарысы болса, әркім атын жаратып, бәйгеге қосар еді, білім бәйгесі болған соң, білімділер бәйгеге қосылады. Бәйгеден дәмесі бар білім жүйріктері бірінен бірі озуға жүйріктігін аяп қалмайды. Тап дегенді табуға ойланады, істе дегенді істеуге қарманады. Ақырында әркім істегенін, тапқанын сынға жібереді. Сыншылары ғылым ордасында тұрған білімді ғалым адамдар болады. Бұлар қарап, сынап, бәйге кеседі. Еуропада, мысалы, Нобель сыйлығына тайталас, білім жарысы бар. Бұл жарыста бәйгені ғылым ауданында я әдебиет ауданында еңбек етіп озған адам я соғысқа қарсы һәм халық арасын жақындастыруға пікір жайған адамдар алмақшы» деп жазған еді. Сондағы білектілер мен біліктілер ортаға шығып, күш сынасып жүргенде біз тек қалтаның қалыңдығын сынағанымыз қаншалықты дұрыс?
Байтұрсынұлының бұл сөзінде үлкен мән бар. Ол байлықты мүлдем жоққа шығарған жоқ, бірақ бірінші кезекте «білім мен мәдениетті» қойды. Оған қарап біздің «ақшамен жарысу» үрдісіміз қоғамды рухани жұтаңдыққа алып бара жатқандай…
Бұл айтылған пайымның өзіндік себебі көп. Бірақ соның ішінде қоғамдағы адамдардың бойында сыйластықтың азайып кетуінен бе деп қорқамыз. Ол бәрімізге мәлім. Әсіресе қоғамдық көлікте бұл айтылған сын өз иесін табады.
Бірде автобуста мынандай оқиғаның куәсі болдық. Автобуста терезенің жанындағы бір орын бос. Оған шамамен 2-3 сынып оқитын бала жайғасты. Автобус «Арай» аялдамасына келгенде көп адам мінді. Соның ішінде шамамен 40-50 жастағы апай да бар. Баланы бірде түрткілейді, бірде сөйлейді. Бала бүркеніп алды. Сонда жүргізушінің жанында отыратын үшеулік орындықтағы ер адам баланы жұлқылай бастады. Бала жылап қалды. Ал келесі аялдамада автобустан түсіп кетті. Ақылға салсақ, бұл жерде екі тараптың да істеген ісі дұрыс емес. Бізде не болғанын аңғару үшін біраз уақыт ойланып қалдық. Балаға ақырын айтып көргенде, не жаңағы ер адам өзі орын берсе бұл оқиға жолаушылардың көңіліне қаяу түсірмес пе еді? Мәдениеттің бір-біріңді сыйлап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден басталады дегені осы жерде айтылса керек-ті. Мұнда болған жайт кішкентай ғана мысал. Оны жалғастыра берсең біразға дейін барары анық…
Бұдан бұрын әлеуметтік желіде қаптап жүрген буллингтің де санын айту мүмкін емес екенін білесіздер. Жылдың басында Атырау облысында болған оқиға ортаға шыққанда қазақстандықтардың жүрегі мұңға толды. Алаңдаушылық тек мектептің, атаананың ғана емес, мемлекет деңгейіндегі мәселеге айналды. Бұл туралы Президенттің өзі де айтқан еді. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тұжырымдамасында «біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу сәнге айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді» деп айтқан еді.
Бұл – қазіргі қоғамның әлсіз тұстарының бірі. Себебі мәдениет деген кішкентай терминнің ішіне тәрбие сынды үлкен мағынаға ие тақырыптар жалғанады.
Жарнаманың жанын жаңарту керек
Осы тақырып туралы жазып отырып, әлеуметтік желі туралы да айтуды жөн көрдік. Мұнда жақсылап жайғасқан бауырларымыз әдептен асып бара жатыр. Олқылық жасаған адамның үстінен тергеу жасап, небір ауыр сөздерге орын береміз. Ал өзіміз төте жолдан тайғанда жұрттың сөзін сынға алатынымыз тағы бар. Сөзге бекем болуды естен шығарамыз. Сөз демекші, ғаламторда серуендеп жүріп, жарнаманың түр-түрін көретініміз рас. Оның санына қарап бұл бір күннің таптырмас элементіне айналғанын байқаймыз. «Eskimi» платформасының өткізген зерттеулеріне сәйкес, интернет қолданушылары күніне 400-ге жуық жарнама көреді. Әрқайсысының тілі әртүрлі. Екі тіл шұбырланып, «шок бағаны» санамағанның өзінде жарнамада мүлдем айтуға келмейтін сөздердің қолданысы алаңдатады. Әлеуметтік желіде қолданушылар «бағалардың аласаттауын», «абайла, погром цен» сынды айқайлап тұрған жарнамаларға сын айтып жүр. Оған қоса, жарнаманы қолданушылардың белгілі бір мәселені көтеретін бейнебаяндармен шатастыру оңай. Себебі затқа жарнама жасау үшін дүкендегі ұрлық, сатушының талып қалуы сынды дүниелер көбейіп кетті. Енді біз затты емес, контентті сатып жүргендейміз. Ал ол қоғамның мәдениетімен қаншалықты үйлеседі? Қуанышбек Шарманов «Жарнаманың заманы» атты жұмысында «Бұл заман жақсы мен жаманды, қымбат пен арзанды, керекті мен керексізді оп-оңай шатастырып алатын жарнаманың заманы болды. Кімнің жарнамасы күшті болса, соның аты бәйгелі болып, темірін жездей, жезін алтындай қылып жүрген уақыт. Бақылауға бағынбайтын, ретке көнбейтін осы бір бәле адамдықтан аттап өткенде, адалдықты таптап өткенде өтірік шындай болды, ақсақ тыңдай болды. Таланттыны талантсыз өрлетпеді. Ақылдыны ақылсыз сөйлетпеді. Білімді арзан қалдық. Ғылымды жалған қалдық. Терлемей мал табуға, лайықсыз атақ алуға ұялмадық» деп жазған. Мұнан кейін Қайнар Олжайдың «қазақ тілінде қате жазылған жарнама, ақпараттарға айыппұл салыну керек» деген пікірі еске түседі. Алайда тілге құрмет тек заң аясында ғана бекітілмеуі керек. Ол әр адамның бойында табыла білгенде ғана бізде мұндай жайттар азаяды.

Мәдениет – ұлт жаны. Егер біз рухани құндылықтарымызды материалдық игіліктерден биік қоя білсек, онда біз шын мәнінде мәдениетті, өркениетті елге айналамыз. Бірақ сол мәдениеттің ішіне кіретін ол біз атағандай дүние-мүлік емес, адам бойындағы білім жарысы, өзгелермен қарым-қатынасы, тіліне және өмірлік ұстанымына құрмет. «Тіріде сыйласпаған, өліде жыласпайды» дейді қазақта. Сол себепті бұл жарыста озып шыққан ұлт қана тарих сахнасында өз орнын сақтап қала алады. Бар айтарымыз, мәдениетті болайық! Өйткені адамдық – мәдениеттен басталады.
Мейір НИЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!