«Күн» концептісі – барша адамзатқа ортақ, өзіндік мәні бар концептілердің бірінен саналады. «Күн» туралы түсінік әр адамда әр қилы таным-біліммен қалыптасқан. Ал «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»:
Күн. зат. 1. Таңның атуы мен күннің батуы аралығындағы уақыт; күндіз. Соңғы бес күн, бес түн бойы мен осындай қатал да болса әділ үкімді естуге өзімді-өзім дайындап едім (Б.Момышұлы, «Москва»).

  1. Күннің жоғарғы жиегінің шығуы мен батуы аралығындағы күн тәулігінің жарық болатын бөлігі. Күннің ұзақтығы географиялық ендік пен күннің ауысуына байланысты өзгеріп отырады (ҚҰЭ).
  2. 24 сағатқа тең уақыт, тәулік. Жаудың шабуылы іркіліп, Панфилов дивизиясы екі-үш күн тыныс алды (Т.Ахтанов, «Қаһарлы күн»).
    Бұл сөз ұғымдары осылай берілген, ал М.Жұмабайұлы өз өлеңдерінде қалай қолданыс тапқан, саралап көрейін.
    Қазақ поэзиясына Абай «жүрек» ұғымын, Мағжан «күн» концептісін әкелді. Мағжан Жұмабайұлы өлеңдерінде күн бейнесі біртұтас концепт арқылы танылады. Ақынның 60-қа жуық өлеңінде «күн» сөзі қолданылған. Жалпы өлеңдерінде «күн» сөзі 177 рет кездеседі [8.81]. Олар эпитет, теңеу, метафора, символ сияқты көркемдегіш құралдар, сонымен қатар еркін сөз тіркестері мен тұрақты тіркестері арқылы көрініс табады.
    Күн – ғалам бейнесін суреттейтін концепт. Ақын пікірінше, күн – ғаламның орталығы, адам жүрегіндегі жылулық пен мейірімділіктің қайнар көзі. «Күн – бұл мен» деп автор өзін күнге балайды, сондықтан аспан кеңістігіндегі күн оған жерден гөрі жақын:
    Көкте – Күнмін, көпке нұрым шашамын,
    Көңілге алсам, қазір ғарышқа асамын. («Мен кім?» өлеңі)
    Жердiң жүзiн қараңғылық қаптаған,
    Жер жүзiне нұр беремiн, Күн берем! («Пайғамбар» өлеңі).
    Күн – ғарыш денесі, ақын – оның туындысы іспеттес. Күн таңертең шығады, сонан соң батады, демек күндіз адамдарға жарығын төгіп, бірге болса, кешке адамдарды қалдырады. Мағжан да әсем жырларымен адам жанын жылытады, бірақ ол бір күні аспанға кететінін меңзейді, одан кейін өткен жылдардан тек оның өлеңдері ғана қалатынын сездіреді. Демек, «Мен кім?», «Пайғамбар» өлеңдеріндегі автордың образы – аспан жарығының бейнесі.
    Ал келесі өлеңінде ақын өзге салыстыруға жүгінеді, «мен күн баласымын» деп жырлайды:
    Күннен туған баламын,
    Жарқыраймын, жанамын.
    Күнге ғана бағынам. («От» өлеңі)
    Ақын от пен қараңғылықты қарама-қайшы қояды. От қараңғылықты оятады, онымен күреске түседі, күннің шығуымен қараңғылық жойылады. Оның барлық өлеңдерінің мағынасы бір түсінікте «от құдайының баласы» негізінде жатыр. От құдайының баласы күннің шығуымен туылып, күннің батуымен өледі деген ойды танытады. Өлеңде ақын бір-бірінен туындайтын «Күн – от – Құдай» тізбегін жасайды:
    Ақынның «Туған жер» өлеңін оқығанда, мына халық даналығы еріксіз ойға оралады: «Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық». Осы ой ақын өлеңінде айқын сезіледі:
    Сенен басқа жер де маған қараңғы,
    Жарық болар Шолпан, Айым, сен – күндей күлмедім бе.
    Тәтті суың дәмі аузымнан еш кетпес,
    Қалың нуың, қыр, суыңа жер жетпес. («Туған жер» өлеңі)
    Автор өз Отанының патриоты ретінде өзге елдің күнін де мойындамайды. Отанымыздың аспаны да, күні де, жері де әдемі деген ой айтады.
    Ақынның әр өлеңі сайын күн ұғымын сипаттау динамикасы арта түседі: ол адамның жүрегін жылытады, отпен жалындайды, қараңғылықты жояды, жанды күйдіреді, сезімдерді қыздырады. Сезімнің қызуы – ақынның күн сәулесіндегі өзгеруінің шарықтау шегі. Адам үшін күн жылуы әрқашан жағымды эмоциялар сыйлайды, күн жылуынан «қуаныш пен бақыт» тарайды деген ойларды айта отырып, тағы да автор аспан денесімен дәл салыстыруды қолданады:
    Күннен де астым мен күндіз-түн дедім бе?
    Күн тәкаппар. Мен көппен құшақтастым,
    Бұл ісімді күндікке мін дедім бе? («Жан сөзі» өлеңі)
    Күн – мәңгі жасайтын аспан жарығы. Ол көкте нұрын шашып тұрып, жер бетінде болып жатқанның бәріне куә. Ол біздің бабаларымыз үшін де, біз үшін де жарқырап, келешекте ұрпақтарымыз үшін де жарқырамақ. Ақын да өз өмірінде күн секілді болды, ол бәріне әрдайым риза болатын, күн болып, қараңғылықты жек көрді, күн болып күлімсіреп, жомарт болды.
    Кей өлеңдерінде күн – сүйікті қызының бейнесі, ақынды шабыттандыратын, күн музасы. Өзінің шығармашылығында ақын жиі күнді адамға айналдыра түседі. Оны мына етістіктер дәлелдей түседі, жазалайды, күледі, өледі, туылады, т.б.
    Жоғарыдағы мысалдардан аңғарылып тұрғандай, өмірдегі, қоғамдағы жағдайларға іштей наразылық білдіріп, торығумен, үмітсіздікпен сыртынан қарап қана отырмай, Мағжан поэзияда өзі туындатқан Күн бейнесі арқылы («Өзім – күнмін, өзім – от» болмаса «Мен – Күн ұлы, көзімде күн нұры бар», т.б.) өзі қоса кірігіп, дүниеде жүріп жатқан тірлікке араласуға ұмтылады.
    Ақын нені жырласа да, ерекше махаббатпен, шынайы жүрекпен жырлайды, сондықтан оның өлеңдері сырлы, сазды, тілі көркем.
    Тағы бір айтарым, күн автордың өлеңдерінің көпшілігінде бас әріппен жазылған. Ақын мұны күнді өз атымен санайтындықтан емес, көшпенді қазақ халқы үшін күннің үлкен маңызы бар екенін айтқысы келеді.
    М.Жұмабайұлы өлеңдеріндегі «күн» ұғымы арқылы жасалған тіркестер қазақ тілінің сөз саптауына, тіл көркемдігінің артуына үлкен үлес қосып, қазақ поэзиясына тың жаңалық әкелді.

Қарақат ЕСЕНГЕЛДІ,
І.Қабылов атындағы №12 IT-мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!