Белгілі ақын, экс Мәжіліс депутаты Мұхтар Шаханов өзінің үйінде екенін және қарттар үйінде болмағанын мәлімдеді. Сонымен қатар ақын желіде жалған ақпарат таратқандарды сотқа беретінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мұхтар Шаханов видео жариялап, қазір үйінде екенін айтты.
«Мен өз үйімде отырмын. Осы үйде кітаптарым, әр түрлі адамдармен бірге түскен суреттерім, барлығы тұр. Сондықтан мен туралы өсек таратқандарды кешірмеймін, оларды керек болса сотқа беремін. Себебі менің әйелім Ханшайым Бөкенқызы мен дегенде ішкен асын жерге қояды. Сол әйелімнің арқасында мен аман-сау жүріп жатырмын», – деді ол.
Сонымен қатар ақын өзі туралы жалған ақпарат таратқан адамдардың үстінен халықаралық сотқа шағым түсіруге дайын екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Мұхтар Шахановтың «қарттар үйінде екені» жайлы ақпарат тараған еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!