Аңызға айналған аниме жанры мыңдаған, тіпті, миллиондаған адамды қарапайым көрерменнің табынушысына айналдырды. «Жапондық Дисней» атанған режиссер-аниматор Хаяо Миядзакидің туындылары – анимацияның жаңа түріне, режиссерлік қиялдың жаңа деңгейіне жол ашты. Жақында Миядзакидің ұлы туындыларының бірі, қиял-ғажайып пен драманы, мелодрамма мен отбасылық жанрды бір арнаға тоғыстырған «Хаулдың жаяу қамалы» қазақ тіліне аударылып, дыбысталды. Өнер әлеміндегі бұл жаңалық естіген жанды таңдандырмай қоймайды.

2004 жылы жапондық анимация әлемінде жаңалық боп жарық көрген туындыға қазақша дубляж жасаған Dopamine voice сайтының мамандары. Мәтінді қазақ тіліне аударушы әрі дыбыс режиссері – қазақстандық Әділ Жұмаділ есімді азамат. Ал көрсетілім демеушісі – aviasales.kz. Dopaminevoice.kz – аниме мәдениеті арқылы қазақ тілінің популизациясына үлес қосу мақсатында Қазақстанның әр түрлі қалаларынан жиналған жастардың құрған жобасы. Жоба 2021 жылдың сәуір айынан бастап қарқынды жұмыс атқарып келеді. Негізгі қызметі – танымал анимелерді қазақ тіліне аударып, дыбыстау, сапалы дубляж жасау.

– Біздің ең алғашқы жобамыз, қазақшаға аударып, дыбыстаған туындымыз – «Сенің есімің» («Твое имя») толық метражды анимесі. Қазіргі таңда Dopamine Voice әлеуметтік желілерде өзінің жеке аудитория­сына, танымал­дыққа және үлкен сұранысқа ие. Одан кейін «Титандар Шабуылы 1-Маусым» («Атака Титанов»), «Хаулдың Жаяу Қамалы» («Ходячий Замок Хаула»), «Тыңшы Отбасы» («Spy Family») туындыларын қазақша сөйлеттік.

Қазіргі таңда Dopamine Voice әлеуметтік желілерде өзінің жеке аудиториясына, танымалдыққа және үлкен сұранысқа ие. Мәселен, TikTok желісінде 175 000, Instagram желісінде 11 000, ал YouTube желісінде 3 500 жазылушымыз бар. Мұның бәрі аз-аздан, үздіксіз жасалған әрекетіміздің жемісі, – дейді ол.

Жобаның негізгі мақсаты – қазақ тіліне аниме мәдениетін бейімдеу, қазақ тілін жастар арасында насихаттау, қазақша контентті көбейтіп, аударма саласына баса назар аудару, әлемдік классикаларды өз тілімізде сөйлету. Жаңа дубляждың қазақстандықтарға ұсынылғанына аз болса да, көрерменнің ыстық ықыласы мен жылы пікіріне ие болып үлгерген. «Миядзакидің әрбір туындысы жақсылыққа, фантастикаға, дидактикалық сарынға толы. Анимелерін  көрген ересек, не бүлдіршін болсын сол сәтте туындыны ұнатып қалады. Бала күннен көрген естеліктерді,  естіген фольклорлық туындыларды ол өзінің мультфильм­деріне арқау ете білген.  Соның арқасында әрбір жапон баласы өзінің ұлттық мәдениетіне қанық боп өсті. Бұл анимацияның құдіреті.

Ал «Хаулдың жаяу қамалы» сынды көркем туындыны қазақша сөйлеткен дофаминдіктерге алғысым шексіз. Осыған дейін көрген болсам да, қайталап қарап шықтым. Ерекше сезімде болдым. Меніңше дубляждарды ұлттық арналардан ұсынуға болады. Бұл – қазақша контент үшін жасалып жатқан құтты қадам болмақ», – дейді Жамал Жақсыбекқызы.

Иә, Миядзакидің туындыларын балалар ғана емес, ересектер де сүйіп көреді. Себебі ересектерді ескі альбомдағы суреттері ғана емес, естеліктерге толы сәттерді, тәтті қиялға толы шақтарды еске салатын мультихикая­лар да балалық шаққа апарып, қай­талан­байтын кезбен қайта өмір сүріп кел­ген­дей әсер қал­ды­рады. «Хаул­дың жаяу қамалы» кар­тина­сы – соның айғағы. Ағылшын бала­лар жа­зу­шысы Диана Уинн Джонс­тың шығармасының желісімен түсірілген аниме бір көрген адамды қайта көруге шақыратын, балалыққа сапарға шығатын пойыздың билеті сынды.

Айта кету керек, Хаяо Миядзаки 1941 жылы күншығыс елінің астанасы Токио қаласында дүние есігін ашқан. Ол Исао Такахато есімді режиссер-аниматормен бірлесіп «Гибли студиясының» негізін қалап қана қойған жоқ, жарты әлемді өз шығармашылығымен жалт қарата білді. Адамдардың өне бойына көзге көрінбейтін, күнделікті тіршілікте тынысымыз іспетті қажеттілікке ие – мейірім, адалдық, тазалық сынды сезімдерді қайта тірілте алды. Әлемде қанша тіл, ұлт болғанына қарамастан, адамзаттың ортақ тілі, Миядзакидің тілі – махаббат. Сондықтан «Хаулдың жаяу қамалын» көріп, қазақша контентті бағалауға шақырамыз.

Д.Меделхан