фото: Театр «Астана Балет»
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар күні қарсаңында «Шекарасыз мәдениет» акциясы жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.13 қазан мен 31 желтоқсан аралығында өтетін акция аясында I, II және III топтардың ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мемлекеттік мәдени ойын-сауық мекемелері өткізетін іс-шараларға тегін кіре алады.
«Акцияның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мәдениет нысандарының қолжетімділігін арттыру, елдің мәдени өміріне қатысуын қамтамасыз ету және олардың проблемаларына қоғам назарын аудару», – дейді министрлік мамандары.
Айта кетері, бүгінде ерекше қажеттіліктері бар балалар мен бірінші және екінші мүгедектік тобы бар ересектер кез келген уақытта бейінді мемлекеттік мекемелердің мәдени ойын-сауық іс-шараларына тегін кіре алады. Ал үшінші топ үшін 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған.
Қазақстанда қазан айының екінші жексенбісі мүмкіндігі шектеулі жандар күні ретінде аталып өтеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!