Мұражай – елдің рухани қоры, мәдени мәйегі. Жаңақорған ауданындағы тарихи өлкетану музейінде ықылым заманнан бері бүгінгі күнге мұра болып жеткен көне жәдігерлерді көріп, тарихи кезеңдерді кезіп, оқиғаларға ой жүгіртіп, белгілі дәуірдегі тұрмыс-салтпен танысып, тағылым алуға, келешекке кемел көз жүгіртуге әбден болады. Өлке тарихын келешек ұрпаққа жеткізу жолында бабаларымыздан қалған құндылықтарды жинап, көздің қарашығындай сақтап отырған бұл ғимарат қоғамның рухани дамуына орасан үлес қосып келеді. Әсіресе, жазиралы Жаңақорған өңірі талантты азаматтар мен құнды мұраларға бай өлке. Осындай баға жетпес жәдігерлерді жиып-теріп, мұражай төріне қойып қана қоймай, оны ұзақ жылдар сақтауға әрі жаңаша кейіпке енгізіп, бабадан қалған мұра мұражай төрінде сақтаулы тұр.

Жаңақорған өлкетану музейінде қаншама жақұт жауһарлар сақталып тұр десеңші. Әсіресе, ұлттық бұйымдар әрбір ою-өрнегі халқымыздың озық мәдениетен сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады. Ертеректе бойжеткендердің тұтынған ұлттық әшекейлеріне қарап-ақ, оның жасын, тұрмыстағы әйел екенін және құдандалы екенін сөзсіз ұққан деседі. Музейге кіргенде көзіме оттай басылған бай қызының артынан келген жасауы десем болады. Таза күмістен арнайы жасалған тұмар, алқа, сырға, шашбау мен жүзігі де ерекше үйлесімділікпен жасалғаны көрініп тұр. Қаншама жылдар өтсе құндылығын жоймай, керісінше бағалы бұйымға арналған әшекейдің әдемілігі жан біткенді қызықтырмай қоймайды.

Ата-бабаларымыз қыз баланы қонағындай құрмет тұтып, сый көрсеткен халқымыз «қыз – жат жұрттық» деген түсінікпен оның барған жерінде абыройлы, тастай батып, судай сіңгенін қалайды. Сондықтан қазақ халқы ерте кезден қыз жасауына зор мән бергені осындай құндылықтарға қарап тағы көзімізді жеткізе түсеміз. Бұрын қыздың дүниесі оның зергерлік бұйымдары мен киім кешегіне қарай бағаланғанын тарих беттерінен оқып жүрміз. Расында, зергерлік әшекей бұйымдар байлық пен сәндік белгілі ғана емес, киім кешек ұлттық құндылықтар мәдениетінің ажырамас бөлігі деуге болады.

Музейдегі асыл бұйымды өнертанушы ғалымдар зерттей келе «қазақ қыздарының ішінде болыс-билердің ғана қолы жететін асыл бұйым. Асыл тастары өте бағалы» екенін болжаған. Музейге арнайы барған сапарымда мұражай басшысы Ажар Жанаева апайдан осы құндылықтар төңірегінде көкейімдегі сұрақтарды қойып, бұрын-соңды естімеген тың деректерді білгенде мұражайға деген қызығушылығым арта түсті.

Әсіресе, «Музей жәдігерлерінің ішіндегі ең құнды, маңызды жинақтары ол – археология классификациясына біріктірілген, керамикалық қыш құмыралар. Қордағы қыш бұйымдар көне дәуірдегі шеберлердің ыдыс формаларының бірнеше түрін жасау технологиясын жете меңгергендігін көрсетеді. Қордағы осындай халқымыздың рухани байлығы, көне құнды жәдігерлерді зерттеп-зерделеп халық игілігіне ұсынып, ғылыми айналымға ендіру музей ісінің негізгі жұмысының бірі. Музейдегі жәдігерлердің салмағы мен маңыздылығы – көне тарихи құндылығында. Жалпы музей ісінің негізгі міндеті де сол, яғни өңіріміздегі жергілікті тұрғындардың қолында сақталған құнды, мәдени мұрамыз көне жәдігерлерді жинақтау. Көп жағдайда тұрғындар ата-аналары тұтынған тұрмыстық бұйымдарды өз еркімен музейге сыйға бере¬ді. Әсіресе, этнографиялық, ата-әжелеріміздің күнделікті тұрмыста қолданған заттар, кеуде белгілері, сурет, құжаттар, нумизматика клас¬сификациясына біріктірілетін экспонаттарды көптеп тапсырады. Ата-бабасының көзіндей болған бұл жауһар жәдігерлерді сақтау – біздің негізгі міндетіміз» деген сөзін естігенде құдды өткен тарихқа оралғандай күйге бөлендім.

Қазақ халқының дәстүрлі қолөнер туындыларының өміршеңдігін насихаттап, болашақ ұрпақтың бойына ұлттық мәдениетімізге деген сүйіспеншілік сезімін ояту мақсатында этнографиялық бұйымдардың маңызы зор екенін музейге барған кезде түсіндім. Меніңше, музей тек құндылықтар сақтайтын қойма немесе сол құндылықтарды көрсететін көрме ғана емес. Ең алдымен, ол – ұлттық ғылыми-зерттеу мекемесі. Мұражай – өткен мен болашақты жалғастырушы ордасы. Елдің өткені, бүгіні, болашағы осы мұражай арқылы танылады. Біз мұражай арқылы тарихымызды, өз-өзімізді танимыз. Сондықтан, мұражай баға жетпес байлығымыз десек артық болмас.

Тасан Дидар. 9 сынып оқушысы.
Билібай ауылы.
№255 негізгі орта мектеп.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!