Алматылық мультипликатор Глеб Пономарев қазақ хандығы жауынгерлерінің суретіне «жан бітірді».  

Мультипликатор бұл видеоны жасау барысында қазақ суретшісі Талғат Тілеужановтың қазақ хандығы жауынгерлерін бейнелейтін «Әбілқайыр» суретін негізге алған. Пономарев бұл жұмысқа 30 сағатқа жуық уақыт жұмсаған. Керемет туынды бір күн бұрын, яғни 15 ақпанға қараған түні аяқталған.

«Суретті алғаш көргенде оның атмосферасына таңғалдым. Жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі қазақ хандығының жауынгерлері (болжамым бойынша) шайқасқа дайындалып жатыр. Суретте жауынгерлердің қатал, батыл жүздері әдемі бейнеленген. Суреттегі эмоцияны басқаларға жеткізгім келіп, дереу іске кірістім», – деп жазды видео авторы әлеуметтік желіде.

Пономарев қазіргі БАҚ-та, кинода және әлеуметтік желілерде қазақ өнерінің туындылары көбірек болғанын қалайды.

«Қазір жастар түрлі сурет көрмелеріне бармайды. Бірақ олар әлеуметтік желідегі видеоларды қызығушылықпен көреді. Сондықтан екі форматты біріктірсек жастарға тарихымызды, өнерімізді кеңінен насихаттайтын едік. Бұл менің жастарға тарих пен өнерді кеңнен насихаттауға қосқан кішкене ғана үлесім», – деді ол.

Автор суретке «жан бітіру» үшін әр кейіпкер мен затты, сондай-ақ тауларды, аспанды, жерді бірнеше бетке бөлген. 100-ден аса бет бар, Пономарев әрқайсысын қолмен өңдеген.

Картина авторы, суретші Талғат Тілеужанов мультипликатордың жұмысы ұнағанын, бірақ бір тұсы дұрыс жасалмағанын айтты. Автор картинаның бір ғана фрагментін (Әбілхайырсыз) пайдаланып, соны бейнелеген. Суретте Аңырақай шайқасы басталар алдындағы оқиғалар бейнеленген.

«Идея екі картинадан (диптих) тұрады. Пономарев олардың біреуін ғана қолданды. Диптихтің екінші суреті бар, бұл – жауынгерлер мен хан қарап тұрған сурет. Ол – «Жекпе-жек» (Әбілмансұрдың Шарышпен жекпе-жегі).

Бірақ Пономарев мұны білмеген. Себебі, ол суретті кездейсоқ, Интернеттен алған», – деді суретші.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!