Экскурсовод деген мамандық жоқ. Кез-келген энтузиаст экскурсовод бола алады. «Экскурсия» сөзі латыннан аударғанда «серуен» дегенді білдірсе, экскурсовод – серуеннің жетекшісі. Музей серуенінің басты кейіпкерлері – экскурсанттар. Музейге келуші қонақтар. Музей – театр емес. Театрда көрермен, кітапханада оқырман, музейде экскурсант не музейге келуші болады.

Экскурсовод – музейдің айнасы. Музейге алғаш келгенде осы сөзді біздің музейдің музасы Жанар Дәуренқызынан алғаш естідім. Расында солай! «Қош келдіңіздер!» деп музейге келушілерді құрақ ұшып қарсы алатын – экскурсовод.
Ол музейде міз бақпай қатып тұрған әр экспонатты сөйлетеді, келушіге сырын ашады, сезіндіреді, өткен ғасырға өзімен бірге алып кетеді, келушіні рухтандырады, қанат бітіреді, таным көкжиегін кеңейтеді, экскурсантпен диалог құрады, естелік әңгімелерін тыңдайды, тарихқа деген қызығушылығын оятады және алдағы күндері экскурсантты қайта күтеді. Иә, қайта күтеді. Жақсы экскурсиядан кейін экскурсант міндетті түрде музейге қайта оралады. Енді бір өзі емес! Отбасымен, достарымен, әріптестерімен… Музей педагогикасының басты миссиясы да осында – музей достарын көбейту!
Экскурсовод тақырыпты, уақытты, экспозицияны және аудиторияның күш-қуатын өлшей алу керек. Музей экспонаттарының әрбірін тұла бойынан өткізіп, сезіне алуы керек. Күнде көріп жүрген дүниені жаңа көргендей қонақтармен бірге таң қалу, сұраққа егжей-тегжейлі жауап беру, қарапайымды шытырманға айналдыру – нағыз экскурсоводқа тән қасиеттер.
Экскурсовод кім? Ол рухани көшбасшы, өлкетанушы (жергілікті аймақтың тарихын зерттеуші), актер-орындаушы, психолог-педагог (кез-келген ыңғайсыз жағдайда экскурсанттың көңілінен шыға білу, танымына жол табу), драматург (экскурсия тілін білу, экскурсиялық материалдың композициялық құрылым заңдарын түсіну), социолог (қоғамды түсіну, экскурсанттың жас ерекшелігіне, кәсібилігіне, ішкі құндылықтарына басымдылық беру), экскурсия мәтінін құрастырушы (авторлық экскурсиялар т.б.), әдіскер (әр экскурсияға тән әдіс-тәсілдер) және т.б.
Мықты жады, қиял, эрудиция, интеллект, дикция, реакция, ұйымдастырушылық, бақылаушылық, коммуникативтілік, мәдениеттілік, шешендік өнер. Мұнын барлығы экскурсоводтың бойында болу керек қасиет. Бұған тағы не қосар едіңіз?

Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!