Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Оқушылар астан уланып қалмау үшін дастархан жаюға тыйым салынған. Тек мәдени-танымдық шаралар өтеді, деп хабарлайды Kaz.inform.kz.

Елімізде Наурыз мейрамы аясында онкүндік өтіп жатыр. Тек қоғамдық орындарда емес, мектеп, балабақшада түрлі шара ұйымдастырылады. Тек бірқатар шектеу қойылған. 

– Мектептерде Наурыз мейрамында дастархан жаюға қатысты шектеу бар екені рас. Бұл ең алдымен балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған талаптармен байланысты. Білім беру ұйымдарында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес, сырттан әкелінген тағамдарды жаппай тұтынуға рұқсат етілмейді. Себебі олардың сақталу жағдайы, дайындалу талаптары мен сапасына мектеп әкімшілігі толық жауап бере алмайды. Мұндай талаптар балалардың денсаулығына қауіп төндірмеу мақсатында енгізілген. Мектептерде мерекелік іс-шараларды өткізуге шектеу жоқ. Білім беру ұйымдарында Наурыз мейрамына арналған тәрбиелік сағаттар, ұлттық дәстүрлерді таныстыру, концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар мен көрмелер ұйымдастырылады. Мейрамның мазмұны мен рухын балаларға таныстыру жұмыстары жалғасып келеді. Басты мақсат — балалардың қауіпсіздігін сақтай отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, 14-23 наурыз күндері Наурызнама онкүндігі аясында республика бойынша 747 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізу жоспарланған. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!