Фото: gov.kz
Adyrna.kz. Наурыз мейрамын тойлауды ұйымдастыру туралы 2024 жылғы ресми нұсқаулықты талдау
Наурыз мерекесінің ұлттық этно-құндылықтар шоғыры екенін ескере отырып, мерекені өткізу жөніндегі жария болған құжат нұсқасына көзжұмбайлықпен қарай алмадық. Сондықтан 15 жыл бойы дайын тұжырымдаманы ұсынушы әрі наурызтанушы ретінде өз көзқарасымыз бен ішінара талдауымызды жариялау – ұрпақ пен мемлекет алдындағы парызымыз әрі міндетіміз. Аталмыш құжатты Тұжырымдама форматына келмейтіндіктен бұдан әрі «Нұсқаулық» атаған абзал.
1. Мейрамның онкүндік форматқа бағынуы советтік идеологиялық дәстүрлі өлшемді жаңғырту көрінісі болып көрінеді. Негізі 10 күн артық. Мерекенің басты 2 датасымен шектеліп, 14-22 наурыз аралығында 9 күндік қазақ танымына сәйкес 9 санына сыйғызғаны мақұл еді. Оның үстіне 14 наурыз мейрамның басы ғана емес, түркілік Жыл басы есебінде демалыс күнге лайық болатын. Бұл қоғамдық ұсыныс шешілмей қалды.
2. Аталмыш Нұсқаулық 2009 жылы әзірленіп, 2016 жылы 6 сәуірде тіркелген №0626 авторлық куәлікпен расталған Тұжырымдаманың негізінде жасалғаны құпия емес, бірақ мейлінше бұрмаланған нұсқасы ретінде атап өтеміз. Авторлық тұжырымдамада 14-22 наурыз арасында 9 күндік «Наурыз-фест» аталған фестиваль түрінде атап өту ұсынылған. Әр күннің атауы, бояуы, эмблемасы,шаралар жимасы сипатталған еді.Нұсқаулықты әзірлеушілер аталған ғылыми туындыдан бас тартып, бірақ оның негізгі идеяларын алып қолдану өз алдына, өте дөрекі түрде бұзылған, идея жұлмаланған, тәрк етілген.
3. Нұсқаулықта қолданылған «наурызнама» сөзі сын көтермейтін әрі қазақ тілінің лингвистикалық бірлігін бұрмалау. Қазақы ортада бұл сөз «наурыздама» ретінде белгілі. Бұл турасында өзінің еңбектерінде белгілі этнограф, философ әрі жазушы Мәшкүр Жүсіп Көпейұлы «наурыздама» сөзін қолданады.
4. Наурыздаманың эмблемасы ретінде қызғалдақ/төлпан гүлін алу өте қате, ол топырақ қызғанда шығатын жазғы гүл. Қызғалдақ/төлпанның көктемгі емес, жаз маусымының басына тән өсімдік. Ал көктем мерекесі ретінде Наурыз мейрамына тән гүлдің түрі – бәйшешек, бұл гүл қар мен мұхзды тесіп шығуымен тартымды. Бәйшешектің насихатталғанына бірнеше жыл болды. Бұл жайт көктемгі мерекенің сипатына танымдық жағынан селкеу түсіреді.
5. Ресми бекітілген тұжырымдама ғылыми-тарихи-рухани танымдық мәліметтерге негізделмеген, саяси-әлеуметтік мазмұнға негізделіп, насихаттық нұсқаулық форматындағы құжат есебінде, халықтық іс-шаралардан гөрі мемлекеттік мекемелердің ұйымдастыруына тәуелді, бұған дейінгі сахналық-шаралық сипатты қамтыған. Бұндай кірісім мерекенің мазмұнын бірлік, бауырластық пен ынтымаққа емес, жасандылыққа,әкімшілдікке, күштеуге, шығын шығаруға бет бұрғызады. Көптен күтілген азаматтық мереке мен жалпыхалықтық мейрам тұрғысын тұл етеді. Ондай шаралар кеңестік идеологиялық формат болғандықтан жұртшылықты қызықтырмайды.Мысалы, Наурыз мейрамына қайырымдылық шарасын жүктеп, бір күнді беру – соның дәлелі.
14 наурызға берілген «Көрісу күні – Амал мерекесі» деген мәртебе ғылыми негізсіз, қазақы танымға қайшы және мейрамның басты мәртебесі болып есептелетін «Жыл басы», «Ұлыстың ұлы күні», «Амал келді – жыл келді» секілді концепттерді ашпайды, локалдық сипаттағы концепт ретінде жалпықазақстандық ауқымды шараға үйлеспейді. Көрісу айға созылатын жалпыхалықтық құттықтасу ғұрпы, ол 14-і күні кіретін мүшелдік жаңа жылды көлегейлеп, тәрк етіп тұр. Мерекенің басты мәртебесі ашылмай қалды. Оның үстіне «Амал» сөзі бұрынғы наурыз айының ауызекі атауы, этнография ғылымы ондай мерекенің барын тіркемеген және мойындалмаған дерек. Жалпы алғанда Наурыз мейрамы әу бастан осы күннен басталғандықтан мерекенің ішінде мереке болуы –абсурд! Наурыз мейрамының ішіне «Көрісу күні», «Амал мерекесі» деген дүдәмал мейрамдар зорлап енгізілген де жаңажылдық көктемгі басты мерекенің мазмұны артық мағынамен ауырлатылған. Бұны құжаттағы мына сөйлем де растап тұр: «Батыс өңірлерде «Көрісу» рәсімі жағымды мағынада екенін, ал оңтүстік аймақтарда бұл жақсылық түсінігімен қоса кісі қайтыс болғанда көңіл айту ғұрпымен де байланыстырылатын ескере отырып, қоғамдық айналымға неғұрлым қолайлы нұсқа – «Көрісу күні – Амал мерекесі» ұғымын енгізу жөнінде шешім қабылданды».
Нұсқаулықта келтірілгендей көрісу ғұрпы «Батыс өңірге» ғана тән емес. Керісінше ғылыми деректер мен фольклорға, археологиялық артекфакттарға негіздей отырып, оның Қазақстанның барлық өңіріне тән ғұрып болғандығы ескерілмеген.Құжат бұл жағынан ғылыми негіздемеге емес, әкімшілік нұсқаулық стиліне негізделген.
Наурыз мейрамының басты тарихи куәлігі ретінде ғылыми әрі танымдық айналымға еніп үлгерген Таңбалыдағы мүшелдік мерекенің панорамасының ескерілмеуі, ұлт құндылығын паш етуге жаратылмауы өте өкінішті. Сайып келгенде «14 наурыз – мүшелдік жыл басы» деген мәртебеге лайық күн. Бұл мәртебе ешбір қисын мен логикаға жатпайтын, күн мен түннің теңесер күні 22 наурызға қисынсыз беріле салынған. Бұл концепт 2010 жылы қабылданған 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» мәртебесіне қайшы және 22 наурыздың мүшелдік жаңа жылға қатысы жоқ.
6. 15 наурыз – Қайырымдылық. Наурыз мейрамының өнебойы қайырымдылық пен мейірімділікке толы мереке. Тұжырымдамада бұл шара Тағзым күніне 19 наурызға белгіленген және қазақ халқының барлық қайырымдылық институттарын өрбіту ғана емес, аға ұрпаққа деген ізеттілік пен халқымыздың осы мереке қарсаңында қолға алынатын «Иіс» аталатын салт негізінде атап өту ұсынылған еді. Бұл халықтың өзін мерекеге жұмылдыруды артыратын факторлардың бірі болатын. Сондай-ақ шүлен тарату, асар, үме секілді ұлттық дәстүрді заманға лайықтап паш ету мен түлету қарастырылған-ды. Нұсқаулықта бұл сипат әміршілдік мазмұнға ауысқан және «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту корпоративті қорының жұмыстарын Наурыздаманы күтпей-ақ жыл бойына атқаруға тиіс мүмкіндіктер жеткілікті.
7. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні.
…ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу бойынша іс-шаралар ұйымдастырып, мәдениет ұйымдарында мерекелік марафон – халықтың кең тараған салт-дәстүрлерінің (тұсаукесер, бесікке салу, беташар және т.б.) көрсетілімдерін өткізу керек. –Бұл жолдар бұған дейінгі Наурыз мейрамының этнографиялық еске алу сипаты мен сахналық көріністен ажырамай қалғандығын көрсетеді.
17 наурыз – Шаңырақ. – Отбасы институтын күшейту мен насихаттау жылдың басқа 355 күнінде өтетіндей мемлекеттік шараға айналғаны мақұл еді.Наурыз мейрамының бір күнін арнау жай ғана формальды шара екені түсінікті.
Балаларға арналған мерекелік дәстүрді бекітуге арнайы көңіл бөлу керек. Тұжырымдама-А-да арнайы балалар мен төлдер күні бар, ол «Өркен» аталады.
18 наурыз – Ұлттық киім күні. – Наурыздама этностық мереке ме, мемлекеттік мейрам ба? Деген сауал туғызатын жайт. Мерекенің фокусы неге этностық деңгейге төмендетіледі? Ұлттық киімді насихаттау мен өндіруге жылдың басқа бір күнінтіпті аптасын арнауға болмас па еді?!
19 наурыз – Жаңару. Дәстүр бойынша түркілік мүшелдік жаңа жыл 14-не кіргендіктен, жаңару тақырыбы ең болмаса 15-де басталғаны әбден қисынды еді. Бұнда да саяси-идеологиялық астарды көруге тура келеді.
20 наурыз – Ұлттық спорт. Өте ыңғайсыз,қолайсыз мезгілге бір күн ішінде ұлттық спорт шаралары мен насихаттау мүмкін бе? Бұл кезде мінетін ат та дайын емес, оңтүстік өңірден өзгесінде атсыз спорт түрін де өткізуге жағдай жоқ.Бұл да шикі әрі формальды жолдар екені айқын.
21 наурыз – Ынтымақ. Таза советтік құндылыққа итермелейтін идеология мен насихаттың нұсқаулығы. Тарихта қазақ ұлтын жауыр еткен, «Қазақстан – ұлттардың лабораториясы» деген советтік ескі ұранның иісі аңқиды.
22 наурыз– Жыл басы. Күн мен түннің теңесу мезетіндегі жаңа жылдың мәртбесі мен тарихи танымдық ұлттық мәлімет мүлдем сәйкес келмейді.Көрісу ғұрпы, «Амал келді – Жыл келді» тәмсілі, Қ.Шәкәрімнің «1 наурыз (жаңаша – 14 наурыз) – қазақтың жаңа жылы, ұлыстың ұлы күні» деген күні деректердің барлығына қайшы! Бұл күнді Тұжырымдама «Бастаңғы» атап, ежелгі сақтардың, ғұндардың және қазақ халқының дәстүріне байланысты таңды қарсы алу ғұрпына арнайды. Бұл күн Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы(Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 267-ІІ Заңының 3-бабында) заңда «21-23 наурыз – Наурыз мейрамы» түрінде мәртебе берілген. Енді аталмыш Нұсқаулық бұл заңға қайшылық келтіреді! Бұл күн ресми түрде «Жыл басы» емес.
23 наурыз – Тазару. Жалпы бұл күннің Наурыз мейрамына ешбір қатысы жоқ. Басы артық демалыс. Тұжырымдамада тазару мазмұны 15 наурыз күнгі Жаңарудың бір шарасы ретінде қарастырылған.Және де мерекеге тазарып кіру үшін әдейі бірден сол күн жаңажылдық көрісу науқанынан соң қолға алынуы тиіс. Дұрысы – бұл күнді Наурыздама науқанынан өшіріп, 14 наурызды демалыс ету керек еді.
8. Қорыта келгенде, құзырлы органдардың кабинет форматында жасақтаған бұл мемлекеттік құжат деуге болмайды, себебі ол арнайы жарлықпен не бұйрықпен бекітілмеген. Әзірлеуші тарап ондай жауапкершіліктен неге қашқаны белгісіз. Шала жасақталған, ойластырылмаған, логика мен ғылыми негізі таяз бұл құжаттың басты мұраты саясаттану өнім әрі идеологиялық нұсқаулық ретінде тек қана мемлекеттік мекемелер мен ішкі саясатқа қатысты ұйымдардың атқаруына арналған құжат екені анық байқалады. Бұндай нұсқаулық форматтағы дүние қарапайым азаматтардың басшылыққа алып іске асыруына мүлдем икемсіз. Демек, Наурыз мейрамыазаматтық мереке емес, бұрынғыдай – форматтағы сахна-көрермен тұрпатымен қала бермек.
9. Қорытынды. Сайып келгенде, бұл Нұсқаулықтың басты нәтижесі 14-22 наурыз аралығын қосқандығы. Алайда, мерекенікүтілгендей мазмұн мен бағытқа жетелеуге, мейрамды азаматтық мерекеге өрбітуге қажетжәне ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2021 жылғы 5 қаңтарда жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында келтірген «…Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн» деген бастамасы әлі де жауапсыз қалып отырғанын атап өтуге мәжбүрміз.
Серік Ерғали, наурызтанушы, «Наурыз мейрамын жаңаша өткізу тұжырымдамасының» авторы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!