«Ұялмаған әнші болады» деген сөз рас. Себебі әншілік «карьерам» тым ерте аяқталды. Бастауыш сыныптан кейін менің дауысымды бірге тұрған пәтерлестерім мен үйдегілерден басқа ешкім естімеген. Жаңа жылдық концертте жүргізуші де, әнші де болатын едім. Қалаған уақытыңда пойызға билет алып, балалықтың бал дәмі сезілер өткен күндерге оралуға болатын болса, ойланбастан сол мезеттерді қайта кешкім келеді…
Шамамен 3 не 4 сыныпта оқитын кез. Ауылда ән байқауы өтетінін естіп, кешке үйге асығып жеттім де, кіре салысымен: «Әнші балапанға» қатысам» дедім. Сөйтсем, бірнеше күннен бері операцияға дайындалып жүрген мамам қалаға кетіп қалыпты. Үйде әкем, әжем, әкемнің қарындасы ғана бар. Сіңлім менен кіші. Олардың байқауға қатысатыныммен шаруасы жоқ. Мамам сол күйі 1 апта әлде 10 күндей қалада ауруханада жатты. Ал мен Шәмшінің «әлдилеп аялап» деген қайырмасымен танымал ана туралы әнін айтамын деп шештім. Сағынғаннан-ау.
Үйіміздің арасында үй жоқ көршіміз болатын. Менімен жасты қызы бар, бір сыныпта оқимыз, бірге ойнаймыз. Жарыс жарысымен, достығымыз үзілген емес. Дайындығы бар, басқасы бар «әнші балапанды» анықтайтын межелі мезгіл де жетті. Үміт екеуміз әдемі көйлегімізді киіп күздің алғашқы айында мәдениет үйіне қарай тарттық. Тізім бойынша алдымен оның кезегі. Балалықтың гимніне айналған «ертегілерді» шырқауда. Өзі сондай көңілді. Бір кезде сахнада тұрған оның айналасына сары жапырақтар шашылды да, күзгі далада жүрген қыздың образындағы Үміт қолына қолшатыр ұстап, әнмен бірге әдемі сахналық көрініс жасап шықты. Тура теледидардан көрсететін әншілер сияқты. Әрине, даладан сарғайған жапырақты теріп әкеліп, қолшатырды да, қойылымды да дайындаған – оның жоғары сыныпта оқитын тәтесі мен мамасы.
Бала жүрегім мамамды қатты сағынып, оның қасымда болмағанына налимын. Енді менің кезегім. Шықтым да, ана туралы әнді орындадым. Жылағым келді. Өйткені залда менің мамам жоқ еді. Ауырып жатқаны да бар. Бірақ одан гөрі Үміттің мамасы, тәтесі келді, ал менің мамам жоқ деген реніш басымырақ секілді. Жүрекпен орындадым, жылағым келгеннен дауысым дұрыс шықпағандай ма, білмеймін. Сол жылы «әнші балапан» атана алмадым. Үміт үздік шықты. Мұны көргенде одан сайын көңіл-күйім түсіп, үйге қайтқым келді. Мамам сол кеште менімен бірге болмаса да, тәтем мен сіңлім қолдап келген еді. Ол кезде мамамен сөйлесетіндей смартфон түгіл, әшейін нокиа да жоқ. Өзім қалағандай сахнаға әдемі боп образ жасап шықпадым. Әнші балапан да болмадым. Оны қойшы…
Күнде кешке уәделескендей балалармен бір уақытта жамырап далаға шығатын мен ойнап келіп, үйде отырған жерімде көз іліппін. Түсімде ертегі әлемде жүрмін. Елде жоқ әншімін. Сахнада қызыл көйлек пен әдемі жалтыраған туфли киіп, «Ертегілерді» шырқап тұр екем. Бәрі қол шапалақтауда, мені жарысып фотоға түсіріп жатыр.
«Жұлдыз, айы – көркем,
Әдемі еді неткен!
Құстары сөйлейді,
Бұлттары тербейді,
Мен оянып кеттім, әттең!
Ертегілер, ертегілер,
Неге мені ертпедіңдер?!
Әлемдеріңнің ғажап күйін
Шертпедіңдер, сендер…»
Осылайша аяқ астынан ертегім үзіліп кетті. «Тұра ғой, екі кештің ортасында ұйықтауға болмайды» деп тәтем көтеріп жатыр. Есеңгіреп отырмын. Жәй ғана түсім екен ғой. Менің ертегі әлемім.
Түсімде болса да «әнші балапан» атанып, сахнаға шыққаныма өзімді бақыт­ты сезініп қалдым. Сол кезден бері түс көруді жақсы көрем… Тек ертегілердің өзімен бірге ертіп кетпейтіні өкінішті.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!