Өмір деген адамзаттың тағдырынан құралған,
Өмір деген бітік өскен шырмауықтай шырмалған.
Өмір деген адасқанда шамшырағы жолыңның,
Сол өмірде, сол тағдырда бар тіршілік нәр алған.
Әр адамның өз өмірі өз қолында болғанмен,
Тағдыр қашан құлатарын біле алмассың шынардан?!
Қиындық та, қуаныш та аққан сеңдей өткінші,
Сүрінсең де, түңілсең де жақсылық күт тек алдан.
Өмір саған не жазғанын ешкім болжай алмайды,
Қайта жанған үмітіңді бір-ақ сәтте ұрлаған.
Бұл өмірде мәңгілікке қалмаймыз ғой дегенмен,
Жалғастырар ұрпағымыз ұлы жолды қураған.
Жаман атты адамдардың айырмасы жоқ онда,
Екі көзі қанталаған,буырқанған бурадан.
Өмір кейде демеу болар адасқанда жолыңнан,
Бес күн жалған бұл өмірде тағдырыңды құраған.
Ей, адамдар бұл өмірде не болары белгісіз,
Қанша өмір сүреріміз пешенеге жазылған.
Өмір деген кейде алдамшы,тылсым күштей сықылды,
Өмір деген нәр алғандай бұлдыраған сағымнан.
Кедергілер тосқауыл боп аяғыңнан шалса да,
Ешқашанда жаны таза, жақсы адамнан түңілме.
Қадірлейік қолда барды, бағалайық уақытты,
Жақсылыққа ұмтылайық, бес күн жалған өмірде.
Бағдаулет АЯҒАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!