Қызылорда қалалық «Жастар» театры өз алдына шаңырақ көтергені көпке белгілі. Осы тұста театр ұжымы көрерменге алғашқы қойылымын ұсынды. Жазушы Төлен Әбдіктің «Оң қол» психологиялық драмасын таңдауы талғамның осал емесін байқатты. Шындыққа толы шым-шытырық оқиғадан пьеса жазған театрдың жас драматургі Нұрдәулет Баймахан. Ал қойылымның жоғары деңгейде өтуіне ықпал етіп, сахналаған жас режиссер Берік Ахмет. Психологиялық тұрғыда күрделі, санаға салмақ түсіретін әр образды шынайы сомдаған артистердің шеберлігі айқын көрінді. Басты рөлдегі Мақсат Серіков пен Тоғжан Дастанқызының қабілетіне көрермен куә.

– «Жастар» театры ресми түрде жұмысына кірісті. Оңталап Нұрмаханов жарғақ құлағы жастыққа тимей, кәсіби театр ретінде қалыптасуына, қаламызда тағы бір театрдың шаңырақ көтеруіне күш салды. Осы арқылы жастарға эстетикалық тәрбие беруде бүкіл ұжымды жұмылдырды. Соның нәтижесінде алғашқы премьерасын да қойды, құтты болсын! Қазір бұл театрға кәсіби түрде баға беруіміз керек деп ойлаймын. Трейлер бағытында қойылғаннан кейін автор, режиссер, көркемдік жетекші де шығарманың стиліне, жанрына байланысты шешім шығарған. Әрине бұл дұрыс. Алдағы уақытта да жақсы қойылым ұсынатынына сенім мол, – деді Қазақстан Республикасының Еңбегі сіңірген қайраткері Әмір-Темір Хұсейін.
Науқастардың қилы тағдырына қапа болып, жан сырына селт етесің. Оң қолы өзіне бағынбайтын Алманың жан күйзелісі мен дәрігердің өз міндетіне адалдығы, соңында жынды болып кетуі шиелінесті шарықтау шегіне жеткізгендей болды. Бұдан бөлек Мұхтар мен Айшаның ішкі толқынысы мен дертке айналған күйігі қоғам шындығын көз алдына әкелді. Саулығында кінәрат, жүрегінде мұңы болмаса да болмашыны қайғы көретін кей адам тәубеге келетін секілді. Тордағы құстай құсаланған әр науқастың жай-күйін сезініп шүкіршілік ететіні шүбәсіз. Ал мұны қалың көрермен ой елегінен өткізіп, сезіне алса, «Жастар» театры ұжымының еңбегі ақталғаны деген сөз.

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!