«Оян, қазақ!» – белгілі киномотограф Мұрат Есжанның продюсерлігімен түсірілген фильм. Халықтың оң бағасын алған кино 6 бөлімді сериалдың қысқа нұсқасы. Екі апта кино әлемінде болып, кейін алаңдардан алынып тасталған соң көрермен қалауымен қайта жарыққа шыққан болатын. Үш күнде 107 миллион телңге кассалық қаржы жинаған туынды көрерменнің жүрегінен орын алды.
Буыны қатпаған жастардың тарихи туындыны қызыға қарағаны қуантады. Қысқа метражды нұсқа барлық жастағы көрерменге өте қызықты әрі түсінікті болған секілді. Халықтан кері байланыс та аз болған жоқ. Кез келгеннің жүрегіне жетіп, еліне, туған жеріне деген махаббатын оятпай қоймады. Қан мен тердің арқасында келген тәуелсіздіктің қыспаққа толы заманнан өткенін айқын көрсетті. Алаш зиялыларының мәңгілік өшпес ізін айқындады. Кинотеатр ішінде отырған халықтың жүрегін сыздатып, көрермен көзіне жас алды. Ұлы тұлғаларымызға деген мақтаныш, құрмет пен махаббатты берік орнады.
Көрермендер арасында еңкейген қариядан, еңбектеген жас балаға дейін байқайсың. Яғни, жас талғаған жоқ. Бұл кино тарихқа, білімге деген қызығушылығымызды да арттырды. Біз естіп жүрген қилы заманды көзбен көріп, сол сәтке бір мезетте орала алдық. Фильмнің ерекшелігі де сонда, көзбен елестетіп керегі жоқ, бәрін көз алдыңда айдан анық таспалады.
Алдағы уақытта Алаш өкілдерінің әрбіріне фильм түсірілсе деп көрермен сұраныс артуда. Айта кетсек, “Qazaqstan” ұлттық арнасының тапсырысымен түсірілген “Оян Қазақ” секілді тарихи сериалдар қатарында “Ахмет. Ұлт ұстазы”, “Мағжан. Мен жастарға сенемін!”, “Ғасырдан асып туған Мұқағали”, “Қаныш қазына”, “Әлкей. Ғұлама ғұмыр” кіреді.
Отансүйгіштік пен адамгершілік –адамзатқа берілген асыл қасиет. Қысқа ғана фильмнен өмір бойына жететін азық алуға болады. Тәуелсіздік тарландарынан кейінгі ұрпақ насихаттауды, дәріптеуді дәл осылай қолға алуы тиіс.
Фото: qazaqstan.tv
Әнел САЛМАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!