Жас жұбайлар бірге болуға сеніммен серт етеді. Куәгерлердің көзінше жары болуға келісімін береді. Бұл – ең жауапты әрі аяулы сәт. Осы орайда өңірімізде «Отбасы» орталығы бой көтеріп, лентасы да қиылған болатын. Енді зәулім ғимарат жанұя игілігіне жарауға әзір. Бұл туралы «Отбасы» орталығы басшысының орынбасары Ұлбосын Қылышбаевамен әңгіме өрбіткен едік.

– Шариғат шартына сәйкес неке қию мешітте өтеді. Ал неке сарайы АХАТ бөлімінің жұмысын жандандырды десек болады. Айтыңызшы, орталық ашылғаннан бері қанша неке тіркелді? Мұнда табан тіреген жас жұбайлардың сезім күйімен бөліссеңіз…

– Отбасы орталығы өткен жылдың қыркүйек айында салтанатты түрде ашылып, сол уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында 70-тен астам жұп неке қидырды.

Кез келген адам үшін үйленіп, отбасы болу ең маңызды кезең әрі жауапты іс. Сондықтан неке қию алдындағы қуаныш пен қобалжу баршаға тән сезім. Жастардың шаңырақ құрып, үлкен өмірге аяқ басқан сәттерін көру әрине ерекше.

– Отау құрған екі жас шағын мемлекеттің моделін құрады. Демек бұған аса дайындық керек. Сіздің ойыңызша, ұл мен қыздың міндеті қандай?

– «Отан отбасынан басталады» деп тегін айтылмаған. Яғни мемлекеттің ең басты байлығы – халық болса, қоғамда халықтың тұрмыс жағдайымен қатар, бақытты болуы да үлкен рөл атқарады. Ал адам отбасы құру арқылы бақытын еселейді. Отау құруға ниетті ұл-қыздың негізгі мақсаты да бақытты отбасы құру. Ол үшін өз өмірі мен іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Яғни сезіммен ғана емес, саналы тұрғыда қабылданған шешім арқылы шаңырақ көтеру маңызды. Одан кейін бір-біріне деген сыйластық, сүйіспеншілік болса отбасының іргетасы берік, шаңырағы биік болып, үй іші бақыт пен шаттыққа толы болары сөзсіз.

– Неке сарайына немкетті қарап, «даңғарадай зал тек неке қиюмен шектеле ме?» деген сыңаржақ пікір де айтылды. Бірақ бүгінде отбасы орталығына айналуы ғимараттың ғибратқа толатынын білдірді. Мұнда тағы қандай қызметтер көрсетіледі?

– Үйленуге бір ай бұрын өтініш білдірген жас жұбайлар отбасын жоспарлау мақсатында медициналық тұрғыдан тексеруден өте алады. Ата-ана үшін қуанышты шақ – сәби сүю. Сондықтан жастар денсаулығы орталығы мамандары жүктілікті жоспарлау, бедеуліктің алдын алу бойынша кеңес береді. Ер мен әйел денсаулығындағы созылмалы ауруларды емдеу арқылы бала босану мүмкіндігі туралы хабардар болады.

Тіпті жұмыссыз жүрген жастар орталықтағы «Мансап» бөліміне келсе, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға ықпал жасаймыз. Ал «Бақытты отбасы» бөлімі жас отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Бұл ретте «Отбасы банк» филиалының қызметкерлері жастарға үй алудың тиімді жолдарын қарастырып, бағыт береді. Сондай-ақ «Бақыт мекені» бөлімінде қазақы отбасының құндылығы мен тәрбие туралы түсіндіріледі. Мұның бәрі отау құратын жастарды жаңа өмірге дайындайтыны сөзсіз. Жас жұбайлардан болашаққа деген сенім мен үмітті байқап, жолдары ашық болсын деп іштей тілеп тұрамыз. Яғни орталық – берекелі ғұмырдың баспалдағы іспетті.

– Қоғамда резонанс тудырған «Бірақ» бағдарламасы бірінші шығарылымынан-ақ жабылды. Әйелдің жан-айқайы мен ішкі күйзелісі көп көңілін күйретті. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда отбасы орталығы қандай шараларды жүзеге асырмақ?

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық өте өзекті мәселе. Отбасылық мәселеге тап болған әйелді зорлық көрсеткен күйеуіне қосуға тырысу дұрыс емес. Бұл одан да сорақы жағдайға алып келуі мүмкін. «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе, ол үшін әйелдің хал-жағдайын түзе» деген сөз әлі күнге дейін маңызды. Зорлық-зомбылықтың көбеюіне әр түрлі себеп бар. Бірі – тәрбие, екіншісі – тұрмыстың төмендігі, үшіншіден – ерлі-зайыптылар арасына басқа тараптардың араласуы. Түптеп келгенде мұның бәрі адамның психологиялық тұрғыдан әлсіз әрі сауатсыз болуы деп ойлаймын. Себебі кез келген адам өзінің эгокүйлерін сау басқара алатын болса, ішкі-жан дүниесіне үңіле алса, басқа адамға жанашырлық таныта алса, бәлкім, бүгінгідей статистиканы азайтар ма едік?! Орталықта бұл мақсатта тұрақты түрде психолог жұмыс істейді. Яғни жастардың әлде де бір-бірін танып білуіне үлес қосады. Жан саулығына қатысты кез келген сұрақтарға жауап береді.

– Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді дейміз. Соңғы уақытта орын алған жайттар ер-азамат атауы мен әке рөлін түсіріп жіберген сыңайлы. Сіздіңше, заңнан басқа отбасы институтын сақтаудың негізі не?

– Әр отбасы жеке мемлекет. Ол мемлекеттің іргетасын қалаушы, басқарушы – отағасы, әке. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Алайда әке болу бар да, әке бола білу тағы бар. Өкініштісі, бала тәрбиесіне келгенде көп жағдайда отанасына ысыра салатын әке жетерлік.

Бұрын бала санасында, әсіресе ер баланың санасында әкені тұлға ретінде қалыптастыруда ананың рөлі ерекше еді. Анамыз әкеміздің қабағына қарап өсуге бейімдеп, тәрбиелеген болатын. «Әкең жұмыстан келеді», «әкеңмен ақылдас», «әкеңнен сұран» деген секілді қарапайым ғана тәрбиені санаға аналар құйып өсірді. Қазіргі таңда әкенің рөлі сәл төмендеп қалғандай көрінеді. Баланың әкеден гөрі анасына иек артуы басым болып кетті. Менің ойымша, ұл рухты, намысты болып ер жетуі үшін әкесінің тәрбиесін көп көру қажет. Сонда бала әкенің бүкіл тұлғалық болмысына, өмірлік ұстанған принциптеріне қарап, бой түзейді.

Әкенің рөлін көтеріп, абыройын арттыру үшін ана ықпал етуі тиіс. Бірақ қазір бала ақылды. Кімнің көңіл бөліп, бөлмеуін өзі саралай алады. Сондықтан әкелер отбасына, бала тәрбиесіне уақыт тауып, көңіл бөлгені құба-құп. Сонда отбасындағы, бала алдындағы, жар алдындағы рөлі ешқашан аласармақ емес.

– Сұхбатыңызға рақмет!

З.ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!