«Сағындым сағым уақыт» деп әуелете ән сала жүріп, қапияда мәңгілік сағынышқа айналып кете барған Мәдина апамыз жайлы жан толқытар естеліктер елдің жадынан ешқашан өшпек емес. Қазақтың қаласы мен даласын әнге бөлеп, сан мыңдаған жүректі сұлу сазды үнімен тербеген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Мәдина Ералиеваға биыл 70 жыл. Осыған орай Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында ауыз толтырып айтар ауқымды шара өтті.

Екі күндік шара тамыз айының алғашқы күнінде «Қазақтың Ақбаяны» атты І республикалық әншілер конкурсынан бастау алды. Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен «ертеден салсаң – кешке озған, ылдидан салсаң – төске озған» кіл талантты жастар қатысып, Сыр елінің аспанында әсем әнін әуелетті. Сайысты облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова ашып, барша қатысушыға сәттілік тіледі.

– Қазақтың жезтаңдай әншісі, сыбызғыдай сызылған ерекше үннің иесі Мәдина апамыздың 70 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған республикалық конкурс алғаш рет өзінің туған жерінде өткізіліп отыр. Осы іс-шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының өздеріңізге деген ықыласын қабыл алыңыздар! Арнайы келген қонақтарға алғысымызды білдіреміз. «Бұлақ көрсең көзін аш» дейді дана халқымыз. Үлкен өнер сапарына мөлдір бұлақтай қадам басып жатқан талапкерлерге бұл конкурс жемісті, нәтижелі баспалдақ болады деген үміттеміз, – деді Мира Жомартқызы.

Конкурс шарттары бойынша 18-35 жас аралығында 15 талапкер бақ сынап, нәтижесінде жүлделі ІІІ орынды Дариға Сатарова (Астана қаласы), Қарақат Базарбай (Қызылорда облысы) еншілесе, ІІ орынға Дулат Жасұзақ (Жамбыл облысы) және І орынға Мадина Қабдолла (Павлодар облысы) лайық деп танылды. Ал дүбірлі доданың бас жүлдесін Асыл Жомартов (Түркістан облысы) жеңіп алды. Күміс көмей, жез таңдай жеңімпаздар мен марапат иелеріне қаржылай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, Қазалы ауданы әкімінің арнайы жүлдесі – «Туған жер» номинациясы әншінің жерлесі Рахымжан Мақсатбаевқа (Қазалы ауданы) табысталса, «Ақбаян» номинациясын Айбек Абдыашимұлы (Ұлытау облысы) иеленді.

Конкурстан кейін Мәдина апамыздың ұлы Арсен, немересі Әлішер мен сайыс қатысушылары әншінің атындағы мәдениет үйіне ат басын тіреді. «Ақниет» әжелер ансамблі әнші репертуарындағы «Қазақтың дастарханы» әнімен құшақ жая қарсы алып, қонақтарға орталықтағы «Ақ баян» бөлмесі таныстырылды. Әншінің қолданған бұйымдары, әшекейлері мен сахналық киімдері көздің жауын алады. Сонымен қатар әнші құрметіне дайындалған «Кәусар бұлақтай сұлу үн» атты кітап көрмесі ел назарына ұсынылды.

Әрі қарай облыстық музейге бағыт алған көш Сыр өңірінің сан ғасырлық тарихымен сусындап, Мәдина апамызға арналған экспозициялық бұрышты тамашалады. Сондай-ақ, әншінің баласы Арсен анасының естелік кәдесыйын музей қорына аманаттады. Іс-шара бағдарламасы аясында конкурс талапкерлері қаламыздың көрікті орындарын аралады. Отбасы орталығына да арнайы ат басын бұрып, жұмысымен танысты.

Қос күнге ұласқан шара «Ән өнерінің аққуы» атты еске алу кешімен қорытындыланды. Кеш барысында әнші туралы естен кетпес ең ыстық естеліктер айтылып, шығармашылығы насихатталды. Мәдина Ералиеваның ұлы Арсен Ералиевке құрмет көрсетіліп, әншінің студенттік шағының куәгері Заруха Әлімбетова сөз сөйледі.

Сондай-ақ, кеш қонақтары ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Жеңіс Ысқақова, Жұбаныш Жексенұлы, Елена Әбдіхалықова, ҚР еңбек сіңірген әртістері Күлән Қалымбетова мен Бақтияр Тайлақбаев, Мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ноғайбаева және алғаш рет өткізіліп отырған «Қазақтың Ақбаяны» атты І республикалық әншілер конкурсының жеңімпаздары өнер көрсетіп, Сыр халқының ыстық ықыласына бөленді.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!