Фото: massaget.kz

Қазақтың қолөнері ұлттық мәдениетіміздің маңызды бөлігі екені бәрімізге мәлім. Себебі қолөнер ұлттың ұлылығын айшықтап, тамыры терең тарихтан сыр шертіп, қазақы қалпымыздың даралығын айқындай түседі. Сондай-ақ, он қолынан өнер тамған шеберлердің төл туындыларынан биік талғамның, әсемдіктің жарқын үлгісі анық байқалады. Халқымыздың шежіреге бергісіз тарихынан, рухани болмысынан, таным-түсінігінен айтарлықтай мәнді мәлімет береді. Сондықтан да ұрпаққа жалғасқан өміршең өнер ұмытылып, рухани құндылығымыздың құны кеміп, ұлттық мәдениетіміздің мәні жоғалады деу әбестік болар.

Қолөнердің қалыптасуы, дамуы тарих беттерінде бүгінге дейін таңбаланып тұр. Яғни, көне замандардан бастау алып, түрлі тайпалардың мәдениетінен құралған. Бүгінде жанданудың жолында қайта жаңғырып, дамудың нәтижесінде дәстүрлі қолөнерге айналды. Негізінен қолөнердің сан алуан салалары бар екендігі белгілі. Мәселен, зергерлік бұйымдарды дайындау, музыкалық аспаптарды жасау, киіз үй тігу немесе басу, ат әбзелдерін дайындау және өзге өнерлер жатады. Әрине, мұның бәрін даярлау шеберлігі шыңдалған шеберлердің һәм олардың тұтынушыны алдамай сататын адал еңбегінде. Әлдебір бұйымды жасау барысында әр бөлшегіне мән беріп, ұлттық сипаттағы нақышты бейнелеуде жан тәнімен білек сыбана белсене кірісетіндігінен кәсіпке деген адалдығын аңғаруға болады. Демек, еңбексүйгіштігімен еленетін қолөнершілердің ұлттық құндылықтарды насихаттауда алатын орны зор. Қазақ өнерінің өн бойындағы ерекшеліктің бәрі, өрнектелген оюдың әрқайсысы қазақ деген ұлы ұлттың бар екендігін жаһанға жариялап, әлемге паш етіп танылатындай танымды өнер десек артық айтқандық емес.

Алғашында тұрмыстық заттарды, күнделікті тіршілікке қажетті бұйымдарды жасаудан басталған берекелі іс ұлттық өнерге жалғасты. Ежелден қалыптасып, ғасырлар тоғысында жаңғыра түскен кәсіпшіліктің көрсеткіші жоғары, тарихы тым тереңде. Сонымен қатар бабадан мирас боп қалған рухани құндылықты санамен сіңіріп, өнерді

өң бойына дарытып, дарындылығымен дараланған, ерекше ептілігімен көзге түскен шеберлердің ел ішінде құрметі артып, абыройы асқақтай түскен. Олай болса, тұмса табиғатпен берік байланысқан, шежіренің шерін тарқатарлық құдіреті бар қадірлі өнердің түрлерін түс¬теп, туындылармен танысып көрелік.

Ағаш өңдеудің артықшылығы

Қазақ халқы тұрмыс тіршілігінде ағаштан жасалған бұйымдарды бағзыдан бері қолданып келеді. Бұған себеп ағаштың оңай табылуы ғана емес, жазда жайлауда, қыста қыстауда жүретін көшпелі өмір салты үшін маңызы ерекше болды. Жалпы, ағаш өңдейтін ұсталардың атқаратын жұмысы көп. Құрал-сайманын қасынан бір елі ажыратпайтын ұсталар киіз үй бөліктерінің барлығын өз қолымен жасап шығарған. Сондай-ақ, ерлер үшін аса қажетті еңбек құралдарын дайындап, соған сай мықты болу үшін ағаш өнімін де өзі таңдап, қайың, үйеңкі секілді ағаштарды пайдаланған. Ал, ағаш өрнектеу өнерін меңгерген ұсталар сәндік-қолданбалы өнердің қолданысын арттырып, әр дайындаған бұйымына ою түсіріп, көркем өрнектерді бейнелеуде зор ықылас танытқан. Айта кетейік, шеберлер домбыра, қобыз, жетіген секілді музыкалық аспаптарды және күнделікті өмірде қолданатын күбі, тостаған, ожау сияқты түрлі ыдыстарды да жасаған. Қазіргі таңда қолөнер саласына аса қызығушылықпен қарайтын, өз істерін ыждағаттылықпен орындайтын шеберлер көп-ақ. Әсіресе, қос ішегінде ұлтымыздың сан ғасырлық шежіресі баяндалатын қара домбыраның үні үзілмесін, сайын даланы тебіренткен Қорқыт қобызының қасиеті мен қадірі жоғалмасын деген мақсатта орындаушылардың орынды талабын ескеріп, түрлі аспаптарды жасауда аянып қалмаған шеберлердің ісі қуантады. «Қазіргі таңда елімізде ұлттық өнеріміз қарқынды даму үстінде. Төл мәдениетіміздің ерекше саласы саналған қолөнердің жан-жақты дамуы үшін шеберлер де атсалысуда» – дейді қолөнер шебері Ержан Абдрахман.

Атасы мен әкесінің ізгі жолын қуып, асыл қасиетті бойына дарытып, мирас боп қалған кәсіпті жандандырып жүрген шебер Ержан Нұрланұлы бүгінде түрлі ансамбльдер мен оркестрлерге музыкалық аспаптар дайындайды екен. Кішкентайынан атасы немересін шеберханада шыңдалуға баулып, осы салаға бейімдеген. Тәлімді тәрбиені көрген, іске икемі бар жас шебердің қолөнерге қызығушылығы осылай артып, ісіне мығым маман атанған. Е.Нұрланұлының айтуынша, музыкалық аспаптарды жасауда аса шыдамдылық, табандылық, шығармашылық қабілет керек. Себебі әр жұмыстың өз қиындығы барын ескерсек, аспап-тарды дайындауда дыбыстың дұрыс әрі таза шығуы үшін, аспаптың сапалы болуы үшін өнімді ету қажет екен. «Қазіргі музыканттардың аспапқа деген сұранысы көп. Сондықтан талабын ескеріп, қалауына сай, көңілінен шығатындай аспап түрін жасау үшін шеберлік қажет» деді ол. Демек, сұраныс бар жерде қай нәрсенің де жоғалмасы анық, яки ұмыт болмасы да хақ. Бұл көнермеген өнердің ешқашан өшпейтінін білдіреді.

Ұсталықтың сыры көп

Қазақтың қыз-келіншектерінің көркін кіргізіп, келбетін келістіріп, сымбатын үйлестіретін – қазақы әшекей бұйымдар. Демек, зергерлердің зеректігі мен зейінін салып жасаған әшекей бұйымдар қыздардың, әйел-аналардың ажарын айшықтай түседі деген сөз. Жалпы, зергерлік өнер – дәстүрлі мәдениеттің ерекше саласы. Халықтың тарихи танымы-мен тоғысып, болмыс-бітімімен баяндалған көрнекті кәсіп. Зергерлер көбінесе алқа немесе көз тартарлық түрлі өрнектер салынған өңіржиектер, құлаққа сырға, білекке білезік, шашқа арналған шашбаулар, саусаққа сақина және жүзіктер жасаған. Осы орайда, жақұтпен жапсырылған, асыл тастармен көмкеріле жасалатын түрлі түйреуіштерді, оюмен безендерілген басқа да қолданыстағы заттарды, түймелерді ерекше атап өтуге болады.

Тері илеу ұмыт қалмаса…

Мақала жазарда тағы бір тақырыпты қарап шықтым. Қазақ қолөнерінде иленген мал терісі жиі қолданылған. Себебі көшпенді халық үшін теріден жасалған бұйымдардың орны айрықша. Яғни, табиғи терінің денсаулыққа пайдалы, жылулық қасиеті жоғары болған. Соның негізінде теріден әртүрлі киімдер, былғарыдан етіктер тігіліп, аталған шикізаттан сүт өнімдерін сақтайтын сыйымдылығы жоғары, ықшамды ыдыс-аяқтар жасап, қамшы, ат әбзелдері мен ер-тұрмандарды қаптады. Сонымен қатар ер-тұрман жабдықтарының ішінен тоқым, құйысқан, жүген, қамшы сынды бөліктерін теріден жасаған. Қысқасы, халық өмірімен біте қайнасқан қолөнердің маңызы аса зор, ерекшелігі де жетерлік екен. Ал, тері өңдеу өнерінің адамзатқа әкелер пайдасы мол. Өйткені, ежелден күнкөрістің негізгі көзі мал шаруашылығы болғандықтан қазақ халқы малдың етін, сүтін күнделікті азық етсе, терісін киім-кешек тігуге, сүйегінен әртүрлі қолөнер бұйымдары мен қажетті тұрмыстық затттарын әзірлеген.

Алида ҒАНИҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!