Ұлттық мәдениеттің байырғы, құнды саласы – қолөнер. Бүгінгі ұрпақ өзінің ұлттық кодын, патриоттық сезімдерін, дәстүрлі өнерін жоғалтпауы қажет. Өнер адамға жақсы әсер ететін және тәрбиелейтін нәзік дүние. Оның құндылығы орасан зор.

Осы орайда Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынов атындағы №211 орта мектебінде «Қазақ қолөнер туындылары – ұлттық құндылық пен дәстүр жалғастығы» тақырыбында көркем еңбек пәні мұғалімдерінің қалалық семинары өтті.

Өнерлі балақайлар мен шығармашыл ұстаздардың әуезді әні мен күмбірлеген күйі орындалды. Бастауыш сынып оқушыларының әсерлі хоры көпті тәнті етті.

Шебер ұстаздар мен талантты шәкірттердің әзірлеген қолөнер көрмесі қойылды. Лайфхакқа толы «Шеберлік сағаттар» ерекше әсер қалдырды.

Мектепте ұйымдастырылған «Іскер ана» жобасы бойынша қыз балалардың аналарымен бірлескен жұмыстары семинарға келген қонақтарға ұсынылды.

Бұл мектепте республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Дәрігүл Таңатарова мен Ұлдана Жүсіпова жетекшілік ететін жоба 2022-2023 жылдан бастап қарқынды жұмыс істеп келеді. Ата-аналармен бірлескен жұмыстар өз нәтижесін беруде.

Оған қоса шара барысында талантты қылқалам шебері Азиз Әуезханұлы өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленетін туындыларының қалай жарыққа шыққанын айтты. Ол тәжірибесімен бөлісу арқылы әріптестерінің бейнелеу өнеріне деген ерекше құрметін арттыра білді.

А.ӘДІЛЖАНҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!