Әлемнің әр түкпіріндегі ұлттардың бір-бірін тілсіз ұғысып, сөзсіз түсінісуіне себепкер – өнер. Соның ішінде ән өнері, кәсіби вокалдық білім адамдарды алыстан-ақ жақындастыратын жақсы тәсіл. Бұл жағынан келгенде қазақтың әншілік өнеріне қарсы айтылар дау жоқ.

Қазақта Шоқан Уәлиханов алғаш естелікке алған, есте жоқ ескі заманнан келе жатқан мынадай бір аңыз бар: «Әлем жаралудан бұрын әуен жаралған екен. Ол бастапқыда ғарышта өмір сүріпті. Бір жолы ғарыштағы әуен әлемді шарлап көруді ойлайды. Жер бетіне жақындап келеді. Бір жерден аласа, екінші жерден биік ұшыпты. Әуенді жерде жасап жатқан барлық халық өзінше естіпті. Қазақ даласына келгенде, әуен тіптен аласа қалықтап өтсе керек. Сондықтан біз, қазақтар әнге бай, әнші халық болған екенбіз».

Музыка – қазақтың өзі өлсе де өлмейтіндей ұлы өнері. Жазиралы даламызда «әу демейтін қазақ жоқ» екені де рас. Бірақ осының сыртында музыканттар зерттемеген, музыканттар қол сұқпаған көптеген дыбыстар бар. Қазақ халқы сол дыбыстардың бәріне ат қойып таңбалапты: сырқырап тұр, шарылдап тұр, ысылдап тұр, барылдап тұр, қырылдап тұр, ызыңдап тұр, т.б. Бұл дыбыстар музыканттар қолданатын дыбыстардан тысқары. Бірақ осы сынды дыбыстарға та қоюда қазақ жүздеген сөз шығарған екен. Әлде кең табиғатта жүргендіктен жасады ма, әлде бір басқа да жағдай бар ма!? Қазақтың табиғатпен үндескен болмысынан, әндегі әр дыбысқа деген құштарлығынан қоңыр үн қалыптасса керек. Алайда қазіргі таңда әу дегеннің бәрін қоңыр дауысқа балап, қателесіп жүрміз. Қоңыр үннің қасиеті неде? Қоңыр әуен деп нені айтамыз?

Әлемдік экологияның дыбысқа байланысына бір ғана мысал келтірсек, адам баласы жарық дүниеге шыр етіп жылап келген соң,қалыптасатын мінез-құлқының 70-80 пайызы жағымды-жағымсыз дыбыс әсеріне тәуелді. Әр адам баласы жақсылықты 20 пайызға, жамандықты 80 пайыз жасауға бейім тұрады екен, сондай-ақ әр секундта қатердің 70 пайызын дыбыстан күтуге болады. Музыкада да таразының бір басы жақсылық болса, бір жағы жамандықты тартады.Адамды музыкада қоңыр дыбыспен емдеуге болса, өте қатты жағымсыз дыбыс күшімен өлтіруге де болады.

Құлаққа жайлы, бір сарынды жағымды дауысты «қоңыр» деп сипат­тай­мыз. Ал адам­ның рухын, мінез-құлқын бейне­лейтін кей жайттарды қоңыр қалыптағы күй дейді. Қорқыт ата қоңыр үнді қылқобызын ойнап отырғанда емделуге келген ауру адам Қорқыттың жүзін көрмеген, есіктің ар жағынан тыңдап – ақ, ау­руынан айығып жөніне кетеді екен деген аңыз бар. Сонда қоңыр саздың адам денсаулығына емдік қасиеті де болғаны ғой.

Нұрсұлу АЛТЫНБЕКОВА,

Т.Жүргенов атындағы

 №136 мектеп-лицейдің музыка пәні мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!