Қытымыр қыстағы қалың қардың сықыры, суықтың сызы кетіп, жер-дүниенің жаңарып, табиғаттың түрлене түсетін мерекесі – Наурыз. Ырыс көбейеді деп ырымға жоритын халқымыз наурыз айын ерекше айшықтап, «Ұлыстың ұлы күні» деп атау берген. Бауырмалдық пен бірліктің байлыққа бергісіз бағасы бағамдалатын ай да Наурыз. Аузы аққа тигеніне, малдың төлдегеніне мейлінше қанағат етіп, қуана алатын халықтың жасар тойы да бөлек, думаны да ерекше. Ұлыстың ұлы күніне орай Сыр өңірінде 700-ге жуық, ал Қызылорда қаласында 100-ден аса мерекелік шара өткізілмек. Тіпті төл мерекені тойлау басталып та кетті.

– Бүкіл Шығыс халқына ортақ, сан ғасырлық тарихы бар Наурыз мейрамы – жаңарған қазақ елінің кешегісі мен бүгінін, ертеңі мен болашағын жалғастыратын басты мерекеміз. Биылғы мерекелік шараларда ҚР Президенті Әкімшілігі тарапынан бекітілген тұжырымдаманы және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан берілген ұсыныстарды басшылыққа алып, жұмыс атқарылуда. Төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрін қалыптастырып, оның мазмұнын идеологиялық мәнмен байыту үшін жыл сайын 14 – 23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігін жариялап, оның әр күнін белгілі бір тақырыпқа арнадық. Қалаға қарасты кент, уылдық округтерде, қаланың барлық шағын аудандарында, білім, спорт, мәдениет ошақтарында түрлі сипатта шаралар өткізіледі, – деді қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов.

Наурыз – қаймағы бұзылмаған қазақы салт-дәстүрдің сипат алып, ұлттық ойындардың ұлықталып, көңілді ән мен күйдің көмкеретін кезеңі. 14 наурыз көрісу күніне орай А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің жанындағы «Достық» аллеясында «Амал келді, жыл келді» атты мәдени-көпшілік шара өтті. Қала әкімі Серік Қожаниязов жиылған жұртшылықты мерекемен құттықтады. Алтыбақан құрылып, арнайы дәм ұсынылып, аллея аумағы шаттыққа бөленді. Жігіттер қауымы ұлттық ойыннан сайысқа түсіп, ақ жаулықты әжелер мен ұлттық нақышта киінген жастар ән шырқағаны көпке мәлім.

Сонымен қатар мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Зиялы қауым өкілдерімен сүбелі сұхбат өрбіп, А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде, Талсуат және Қарауылтөбе ауылдық клубтарында ұлттық фильмдер көрсетілгені санаға серпіліс бергені сөзсіз. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекованың сөзіне сәйкес, бұл күні музей тегін қызмет көрсетті. 22 наурызға дейін жалғасатын шарада тұрғындар тақырыптық көрме аралап, рухани кемелденуге бір қадам жасағаны анық. Әсіресе Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында өткен Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Дәулет Тойшыбавтың «Kilem Art» көрмесіне келгендердің қарасы қалың. Кілем бетіне салынған суреттер ұлттық өнер мен қазақы болмысты көрсеткені рас. Мәдениетке қатысты шара мұнымен шектелмей, «Анаға тағзым орталығында» салт-дәстүр рәсімі орындалып, облыстық Н.Бекежанов атындағы драма театрда балаларға қойылым ұсынылды.

Жанұя жарасымын сақтап, отбасы құндылығын түсінетін халықпыз ғой. Содан болар, Шаңырақ күні де шет қалмады. Яғни А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Жанұя шуағы» бұрышында «Ұлағат» ата-әжелер ансамблі «Қымызмұрындық» дәстүрін жасады. Қариялар көне дәстүрдің мән-мазмұнына тоқталып, балалық шақтағы есті естелігімен бөлісті. Ал берген бата-тілегі басқосудың маңызын арттырғаны шындық. Сондай-ақ «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығына отау құрғандарына 25, 40 және 50 жыл болған отбасылар шақырылды. Олар отбасылық өмір жайында айтып, жастарға кеңес берді. Ал жақында шаңырақ көтерген жас жұбайлардың неке қию рәсімін өткізіп, қолдарына куәлік алуы жауапкершілік жүктегені рас.

Әр елдің ерекшелігін көрсететін негіз – ұлттық киім. Көйлекке өң беретін ою-өрнекті қамзол, шаштың сәнін келтіретін шолпы мен шашбау, ажарды айшықтайтын әшекейдің өзі қазақы болмысты баяндайды. Наурызнаманың онкүндігінде ұлттық киімді дәріптеу дүйім жұртты сүйсінткені сөзсіз. Осы ретте «Анаға тағзым» орталығында «Этно FASHION» ұлттық киімдерден сән үлгісі фестивалі, отбасы орталығында ұлттық киімдер дефилесі өткізіліп, әлеуметтік желілерде арнайы челленджер ұйымдастырылады.

Жер-ананың бусап, тіршіліктің қайта түлейтін сәтінде айналаны қоқыс қалдығынан тазарту да назардан тыс қалмады. Жаңару күні – табиғатқа жанашырлықтың негізі десек, көптің жұмыла кіріскені көз қуантты. Ұлттық спорт күнінде әр аймақта түрлі жарыс өткізілді. Сайыпқырандар сайысқа білек сыбанып келіп, шеберлігін көрсетті. Бойға қуат пен жігер беретін спорттық ойындардың өткізілуі мереке салтанатын сезінуге сеп.

Береке мен бірлік қашанда маңызды. Досы көпті жау алмайды деген бір ауыз сөзбен түйіндейтініміз содан. Ал бес саусақ біріккенде тірлік те тындырымды болады. 21 наурыз – ынтымақ күні. Символдық мәні – бірлікті бекемдеп, берекені берік ету. Бұл ретте қызылордалықтардың қатысуымен «Армысың, әз-Наурыз!» атты мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылмақ.

– 22 наурыз күні негізгі шара Тараз қаласы көшесінің бойында өткізіледі. Өнер орталығының алдында «Руханият ауылы» ұйымдастырылып, онда басқармаға қарасты мекемелер киіз үйлер тігіп, креативті қолөнер шеберлерінің сауда көрмесі, музей, кітапхана, архив салалары бойынша тақырыптық көрмелер, ұлттық киімдерден дефиле, салт дәстүрден көріністер, жырау мен дәстүрлі орындаушылардың концерті өтеді, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова.

Ұлыстың ұлы күніне арналған іс-шара «Әз-Наурыз – берекенің ақ бесігі» атты гала-концертпен қорытындыланады. Эстрада жұлдыздары және жергілікті талант тардың қатысуымен өтетін кеш көпке мерекелік көңілкүй сыйлайтыны анық.

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!