Бүгін Сыр өңірінде ақын, жырау Жүсіп Қадірбергенұлының 150 жылдығына арналған «Қара өлеңнің шебері – Қаңлы Жүсіп» атты республикалық ақындар айтысы басталды. Айтысқа Петропавл, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалалары мен Арал, Қармақшы, Шиелі аудандарынан 12 ақын қатысты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз шеберлерін құттықтап, сәттілік тіледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жақында ғана өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында «Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағыт — рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны» деген болатын. Аймақ мәдениетін дамытуда ауқымды бастамалар бар. Биыл облыс орталығынан 1000 орындық «Өнер орталығын» ел игілігіне табыстаймыз. Бұл зәулім сарай таланттардың бұлақ көзін ашып, халық мұрасын жаңғыртатын өнерлі ұрпақтың жетілуіне қызмет етпек. Биылдан бері 20 мәдениет және әдебиет өкіліне облыс әкімінің арнайы «Тұран» сыйлығын табыстауды бастадық. Бұл сыйлық әдебиет пен өнер өкілдерінің шығармашылығын шыңдауға септігін тигізетініне сенімдімін. Игі бастаманы жыл сайын жалғастырамыз», – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, Сыр бойында өнер өкілдерін қолдау, шығармашылығын шыңдау үшін бірқатар тың бастамалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Жыл сайын тұрақты түрде кемінде 1 мәрте республикалық аламан айтыс өткізу жолға қойылмақ. 29 маусымда «Айтыс олимпиадасы» атты облыстық жасөспірімдер айтысы өткізіледі. Алғаш рет туы көтерілгелі тұрған бұл жоба Қаңлы Жүсіп пен үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, жерлесіміз Мұхтар Ниязовтың жас ізбасарларын табу мақсатында ұйымдастырылуда.
Бүгінгі айтыстың қазылар алқасының құрамында төрағалық еткен ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, А.Байтұрсынов атындағы Алтын медаль иегері Ғабит Тұяқбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Елубай Әуезов, айтыскер ақындар Бекарыс Шойбеков және Мамыр Байдәулетов бар. Сайысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, республикалық және халықаралық ақындар айтысының жеңімпазы Аманжол Әлтаев жүргізуде.
Айтыс нәтижесінде бас жүлде шымкенттік ақын Нұрлан Есенқұловқа бұйырды. Бірінші орынды жерлесіміз Мұхтар Ниязов алса, екінші орын шиелілік айтыскер ақын Иранғайып Күзенбаевқа берілді. Ал, үшінші орынды қызылордалық Нұрмат Мансұров пен аралдық Бексұлтан Орынбасаров өзара бөлісті. Мұнан бөлек, павлордарлық Жігер Бөкенге, өскемендік Серік Қуанғанға, қармақшылық Сырым Әділбековке, алматылық Нұрзат Қаруға және шиелілік Ержігіт Бекжанға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!