Осы жылдың 11 тамыз күні Елордада «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруымен «Өзіңді тап – өзегіңе орал» атты дәстүрлі жалпыұлттық ата-аналар форумы өткізілді. Осы жөнінде Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Сенімен Болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының басшысы Шәкизат Қаратайұлы тереңірек тоқталды.
«Форум қоғамдық бірлестік құрылғалы қатарынан үшінші рет өткізілуде. Оның мақсаты – ата-аналардың бала тәрбиесінде мазалайтын басты сұрақтардың басын біріктіріп, үлкен алаңда мәселенің шешу жолын, түйткілін табу. Биылғы форум ауқымдылығымен ерекшеленіп, еліміздің түкпір-түкпірінен 700-ден аса ата-ана қатысты», – деді ол.
Форумда әртүрлі бағытта тақырыптар талқыланды. Мәселен, бала тәрбиесінде ата-ананың әлеуетін нығайту, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін қоғамдық ұйымдардың, ата-аналар қауымының, мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру қажеттігі туралы қозғалған. Сондай-ақ, Швейцариядан арнайы келген халықаралық деңгейдегі коуч, гуманды педагогиканың рыцары, педагогика ғылымдарының докторы Марина Чайка баламен достасудың жеті негізгі жолын көрсетті.
Бұған қоса, қоғамдық бірлестік 6 өңірде пилоттық жобаларын жүзеге асырды. Соның бірі аймағымызда яғни Қазалы ауданында өткізілді. Мұнда репродуктивті тәрбие, жыныстық сауаттылық тақырыптары айтылды. Сәуір айынан басталып, шілдеге дейін созылған пилоттық жобаға 100 ата-ана, 100 студент қатысқан. Форумның делегаты, бірлестіктің жанашыр ата-анасы Арал ауданындағы №67 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Абибуллаева брифингке келіп, өз әсерімен бөлісті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!