Мемлекет үшін бұқаралық ақпарат құралдарының орны бөлек. Қазіргі кезең қарулы емес, ақпарат майданы екенін ескерсек, төртінші биліктің қоғамды алға сүйреуде орны өзгеше. Бүгінде БАҚ-тың жүйелі әрі сапалы жұмыс істеуі өзекті мәселелер тізбегінде және оның түйінін тарқатуда жүйелі шаралар қолға алынып жатыр. Бар күш-жігерін ел ертеңіне арнаған мамандық иелеріне қолдау, ынталандыру шаралары да жүйелі. Редакцияға леп беріп, жұмысын жандандыруға септігін тигізетін байқаулар соның қатарында. Ал, «Медиа дамыту қорының» бастамасымен өтетін «Үркер» сыйлығының қаламды серік еткен жандар үшін орны тіпті бөлек. Жақында ұлттық сыйлықты облыстың ата басылымы – «Сыр бойы» газетінің иеленуі мәртебені арттырып, мерейімізді тасытты.

Сыйлықты табыстау шарасына қатысқан «Сыр медиа» ЖШС Бас директорының орынбасары Айжан Абдуллаева келер жылы 95 жылдығын атап өтетін аймақтың ата басылымы заман көшінен қалмай, ақпарат саласында айшықты орнын қалыптастырғанын және бұл жеңіс Сырдағы шығармашылық ұжымның ұзақ жылдық қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін айтты.
– Облыстық «Сыр бойы» газетінің қазақ журналистикасындағы шоқтығы биік ұлттық сыйлығына лайық болғанына, «Үздік өңірлік БАҚ» номинациясын иеленгеніне өте қуаныштымыз. Бүгінгідей ақпараттық технологиялардың жылдам қарқынмен даму кезеңінде және тенденциялардың көз ілеспес жылдамдықпен даму кезеңінде газет шығаруға күш-жігер тауып отырған әріптестерімнің бұл үлкен жеңісі және жаңа жүзжылдық қарсаңындағы әріптестеріме берілген үлкен баға, үлкен шабыттың көзі деп санаймын. «Urker-2023» ұлттық сыйлығы биыл 12 номинация бойынша үздіктерді іріктеген еді. Байқауға баспа, радио, интернет-журналистика саласында қызмет етіп жүрген журналистерден барлығы 450 өтінім, солардың ішінде ең көбі «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал», «Жылдың үздік сұхбаты», «Үздік өңірлік БАҚ», «Жылдың үздік аналитикалық материалы» және «Жылдың үздік репортажы» номинациялары бойынша түскен. Үздік жұмыстарды құрамында беделді журналистер, медиаменеджерлері бар қазылар алқасы анықтады, – деді А.Жұмабекқызы.
Міржақып Дулатұлының «Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де күшті» деген тұжырымы әлі де өзекті. Бүгінгідей әлеуметтік желі, интернетте жалған ақпарат көбейіп кеткен тұста әрбір ақпаратты сүзгіден өткізіп, оқырманға нақты ақпарат, мазмұнды дүние ұсынуға асығатын «Сыр бойы» ұжымының еңбегін дүйім жұрт біледі. Жүйріктерді даралап, журналистерді желпінтетін байқауда озық шыққанына да мыңдаған оқырман дән риза.

А.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!