Ел ішін елеңдеткен жаңалықтарды жасайтын басты кейіпкерлердің айналамызда жүргенін байқамай қаламыз. Әлемді мойындатып, жүлдемен оралса ғана «Қазақстанда жасалған» немесе «міне, қазақтың баласы» деп жататынымыз бар.

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде жұрттың, нақтырақ айтсақ, Louis Vuitton брендінің назарын аударған Айнұр Полатова – ұлттық ойындарды қайта жаңғыртуды өзіне мақсат еткен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты. Айнұрдың «Talapai» атты стартап жобасы туралы жиі айтылып жүр. Стартап жобаның ерекшелігі неде? Әлемге әйгілі бренд қазақ қызының қолынан шыққан дүниеге не үшін қызықты?

Филология факультетінде оқитын Айнұрдың айтуынша, «Бес тас», «Құмар», «Ағаш үй» бес­темшесі, «Тұмар» бестемшесі, «Тоғыз­құмалақ» секілді бес ұлттық ойынды кіргізген Жоба расымен көрген адамды таңғал­дыр­май қой­майды. Әсіресе, сөмке тәрізді ағаштан жасалған, сыртында оюы бар қорабына қызықпау мүмкін емес. Мұны әлемдік деңгейге шығарғысы келген 22 жастағы Айнұр былтыр Швейцария тауларының етегінде киіз үй стилінде бутик ашқан әйгілі Louis Vuitton-ға хат жолдаған. Сән үйіндегілер де бұл жобаға таң-тамаша болса керек, екі аптадан соң жауап жазып, Парижде кездесіп, ақылдасуға шақырған.

Киіз үй пішініндегі сөмке жасау туралы ұсынысын әлемге әйгілі брендтердің бірі қолдап, дизайнын талқылау үшін сәуір айында Парижге аттанатын ару: «Әлеуметтік желідегі жарнамада Louis Vuitton-ның қазақтың киіз үйіне ұқсайтын дүкен ашқанын көрдім. Мені қызықтырғаны сонша, компанияға хат жазып, киіз үй пішінінде сөмке жасауды ұсындым. Өзімнің ұлттық ойындарды дамыту мақсатында «Talapai» жобасын жүзеге асырып жатқанымды, олардың сыртқы қорапшасының пішіні ата-бабаларымыздың көшпелілер мекеніне ұқсайтынын айттым. Бұл дизайнды өзім жасап шықтым», – дейді.

Ақтөбелік кейіпкеріміз дизайн мамандығын кәсіби түрде оқымаған. Биыл ЕҰУ академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Германияда, Франкфурт Гёте университетінде оқиды.

– Қазір ЕҰУ-да магистратураның 1-курсында оқимын. Өз басым бір орында отырмайтын адаммын. Үнемі бірдеңені зерттеп, қарап жүруім керек. Іске асырғым келетін идея жетерлік. Ал жоба туралы идея биыл тамыз айының соңында туындады. Бізде не көп, шетелдің ойындары көп. «Ал сол ойындардың орнын алмастыратын қазақы дүние бар ма?» деген сұрақ маза бермеді. Әу баста ойыма қорапшадағы асықтар келді. Бірақ оны немен байланыстыратынымды білмей, бас қатырдым. Сосын Астанада ұлттық академиялық кітапханадан бастап өзге кітапханаларды аралап, ұлттық ойындарымыз туралы еңбектер мен энциклопедияларды ақтардым. Олардың арасынан үстел ойынына келеді-ау дегенін теріп алдым. Ережелерін өзара салыстырдым. Белгілі этнографтардың пікірін оқыдым. Сөйтіп бар тапқанымды бір жүйеге келтірдім. Бастапқыда бұл жобаға жеті ойын кіріктіремін деп жоспарлаған едім, бірақ қаражат тапшылығына байланысты бес ойын ғана енгізуіме тура келді.

Шынымды айтайын, жобаға 1 миллионнан да көп қаржы жұмсадым. Бұл туралы ата-анам білген жоқ. Айналамдағы бір-екі адам ғана білді. Бұл – мен ойлап тапқан ойын түрі емес, халықтың ойыны. Дизайн құрастыру, қайта жаңғырту жағынан үлесім бар шығар. Бірақ ұмыт бола бастаған ұлттық ойындарды халық назарына шығаруды көздеген менде көпшіліктің көңілінен шықса екен деген ниет басым.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!