Қоғам қайраткері, публицист, әдебиет пен мәдениет ұғымдарының торабын тоғыстырған Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығының қорытындысы өтті. Бұл туралы облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова хабарлады.
– Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы 2023 жылды Темірбек Жүргенов жылы деп мәлімдеді. Қазақ халқы мен жалпы Орта Азия тарихында дара тұлға болып есте қалған мәдениет қайраткері Темірбек Жүргеновтың шығармашылығын дәріптеу мақсатында түрлі танымдық шараларды өткізу халықаралық және республикалық деңгейде жүзеге асты. Мәдени шаралардың қорытындысы «Темірқазық» атты мерейтойлық концертімен өз мәресіне жетті. Айтулы кеште өнер академиясының 68 дарынды өнерпаздары талантын паш етті,– деді басқарма басшысы.
Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор төрағасы Сәби Аңсат Темірбек Жүргеновтің жеткен жетістіктері мен мәдени еңбектерін ел жастарға кеңінен ұлықтаудың маңызы жоғары екенін атап өтті.
– Жүргенов – ұлт жанашыры бола білген, ерлігі ел есімінде қалған мәртебелі нар тұлға. Көшбасшылық қасиеттерін алға сүйреп, халқына қызмет етіп, парасатты ғұмыр кешкен тұлғадан қазіргі жастар үлгі алса екен деймін. Артында қалған сан түрлі мәдени мұра мен ерен еңбек халық жадынан өшпес-ті. Жастарға осындай дара тұлғаларды дәріптеп, олардың ұлы істерінен сабақ алуға жетелеуді жіті бақылауда ұстау қажет, – дейді қоғамдық қор төрағасы.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!