Жалғыз қазақ халқының ғана емес, барша адамзат баласының Абайы дүниеден озғаннан кейінгі уақыттарда Алаштың қайраткерлері мен қазақ зиялылары Абай Құнанбайұлын жоқтауды бастады. Қазақтың рухының өктем болуын, Алаш арыстары өз жолын табуын Абаймен байланыстырды. Халқымыздың сөйлеудегі ерекшеліктері, сөйлемдерді құрастыруы Абайдан алынған деседі. Оған бірден-бір мысал ретінде Ахмет Байтұрсынұлының сөздерді түрлендіріп жазу әдісін Абай Құнанбайұлынан айта аламыз.
«Қазақ газеті» Абай Құнанбайұлының өмірден өткеніне он жыл толуы негізінде өткен өмір жолын, өнерін келер ұрпаққа дәріптеу ниетінде арнайы мақалаларды қолға алған. Соның бірі – Абайтану тарихында ең бір елеулі оқиғалардың бірі «Қазақ газетінде» редактор болып істеген ағартушы атамыздың «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласының жариялануы еді. Бұл мақала қазақ әдебиеті саласындағы бірінші зерттеулердегі шығармалардың қатарынан екендігі белгілі. Мақала негізінде ұлы ақынның рухани тұлғасы, көркем шығармаларындағы сөз саптауы, тарих қойнауындағы алған орны суреттелген деседі.
Одан бөлек, ұлы Абайдың қара өлеңдерінің мағынасының тереңдігі туралы зерттеулер ақынның сыншыл екендігін аңғартқан. Мақаланы жазу барысында Абай шығармашылығын сыни ойлау негізінде қарастырған Ахмет Байтұрсынұлы қайран қалғандығын бүкпесіз баяндаған. Оған дәлел «Абайдан асып түсетін қазақтың қай заманында болмасын ақын жоқ» деп сипаттауынан аңғаруға болады. Мұндай түйінделген саралы ойдан кейін бұл сөздің ұлылығын мойындамасқа хақ бар ма?! Жарияланған мақала негізінде Ахмет Байтұрсынұлы «ақын болса Абайдай болсын» деген тұжырымға келе, өзі редакторлық қызмет атқаратын «Қазақ» газетіндегі жарияланатын шығармаларға Абайды үлгі ететіндігі байқалған. Сол уақытта жариялаған мақаласы барлық ой-толғауларының жинағы, тоқсан ауыз сөзінің тобықтай түйіні болған тәрізді. Ахмет өз шығармасында талай ақын-жазушылардың айтып жүрген мәселелерін көтере келе Абай өлеңдерінің тіл тұрғысынан салмағы ауырлығын, мәнін түсіну қиындау екендігін айтқан. «Жыр жазушы адамдар бір жағынан жазушы, екінші бір жағынан сыншы бола білуі керек. Сөздердің шырайлылығы, оның өңді болуына ойлардың шеберліктері қажет. Көпшілікке ұнайтындай, татымды, орнықты болуына сыни көзқарас қажет, мән-мағыналы, маңыздырақ болып шығуына ғылым-білім қажет. Абай Құнанбайұлының шығармаларында, осы аталғандардың барлығы бола білген» деген ұтымды ойымен бөліскен. Ахметтің мақаласы барысында Абайдың өлеңдеріне деген мықты мысалдар келтірген. Сондықтан болар бұл шығарма Абайтану тарихында айрықша орын алған. Шынтуайтына келгенде, Ахметтің Абай шығармашылығына эстетикалық талдау жасауы сынды зерттеулер өте сирек кездесетін. Сондықтан да бұл мақаланың қай тұрғыдан болмасын алар орны ерек, тұрар тұғыры биік.
Қорыта келгенде А.Байтұрсыновтың “Қазақтың бас ақыны” атты мақаласының жарық көруі Абай ұлылығын қазаққа тағы бір мәрте паш еткен дүниелердің бірі болды. Нәтижесінде Абай шығармалары жан-жақты талданып, шеберлігі дәл суреттеліп, эстетикалық тұрғыдағы сынды қалыптастырғандай. Абай шығармалары қашанда өзекті, әуезді әрі әлді болған. Құрылымдық ерекшеліктері, өлеңдердегі ұйқас жолдары, әдебиеттегі барша көркемдеуіш құралдардың үйлесім табуының шарықтау шегі де осы Абайдың шығармаларында. Қазақтың көркем әдебиетіне осындай сүбелі шығарма ұсыну арқылы Ахмет Байтұрсынұлы талдау жүргізудің негізін қалауға үлес қосты. Ел басына күн туғанда бар қиындығын жүрегімен сезіне жырлаған Абайдың ұлылығын сөз етпеу ауыр күнә болар. Ұлы Абай ойы адами қасиеттерді зерделеді, әдебиетімізді әуелеген әнімен, сазды әуенімен тербеді. Барша қазақ әдебиетіндегі ақын, жазушыларымызға үлгі боларлықтай шығармаларды өмірге әкелді. Осындай алып тұлғаның қазақтың маңдайына біткен шоқжұлдызы болғандығына қуана отырып, тағзым етеміз!
Дамир СЕЙЛХАНОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!