Сан қилы өнердің тоғысатын жері – театр. Ән мен бидің, қара сөз бен қи­мыл­дың үн­де­суі, кейде сахна­дағы үнсіз­діктің өзі адам жанының қатпарына бойлап, қойылым өмірге айналып кете барады. Сондықтан болар, антикалық кезеңнен пайда болған театр өнеріне деген көптің құрметі ерекше. Ал Уилл Роджерсше айтсақ, «Театр – кедейлер байларға жоғарыдан қарай алатын жалғыз орын». Демек театр – тек әртістер мен көрерменнің арасындағы диалог қана емес, сыртқы бейне мен басылған әр қадамның өзі талғамды қажет ететін эстетика мен этикеттің көзге көрінер мекені. Қазақ театры дамылсыз даму үстінде. Қойылым болмай қалған, театр тоқтап қалған кез болған емес. Ал көрермен мәдениеті ше? Бүгінгі театрларға кімдер барып жүр? Көрермен талғамы театрдың қалмай ма? Осы сұрақтар төңірегінде пікір алмасқан едік.

Ақтөре Оразалы, Нартай Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының режиссері:

– Станиславский атамыз: «Театр киім ілгіштен басталады» десе, жазушылар оны тікелей әдебиетпен байланыстырады. Ал режиссер ретінде театр мәдениеттен басталады дер едім. Мәдениет ошағынан өзін көріп, танып кетуге талпынатын көрерменсіз театрды, жалпы өнерді елестету мүмкін емес. Өз тәжірибем бойынша айтар болсам, көрерменнің бәрі бірдей емес. Кейбір көрерменнің эстетикалық талғамы биік, кез келген жайтқа өзіндік көзқарасы бар. Театрды кинотеатрмен шатастырып, жүгін арқалап, ішіп-жейтінін қолына ұстап келетіндер де бар. Ондай кезде ескерту жасалады. Жалпы театрдың кинодан ерекшелігі, мәдени деңгейі – биіктігінде.

Киноға қарағанда театрдың көрермені аз деген түсінік бұрыннан қалыптасқан таптаурын сияқты. Мәселен, біздің репертуарда 35-тен аса қойылым болса, әрқайсысының өз көрермені бар. Дәл сол драманы күтіп, сағынып келеді. Спектакльдерге келетін көрерменнің басым бөлігі де – жастар.Театрға кімдердің келетіні маңызды емес, көрер­меннің қандай оймен, нені сезініп шығатыны маңызды.

Қойылым туралы қоғамдық түсінікті қалыптас­тыратын көрермен пікірі, сыни көзқарасы. Көрермен талға­мынан шыққан туын­дының ғұмыры ұзақ болады. Сондықтан әрдайым сыни пікірмен санасып отырамыз. Әлеуметтік желідегі маркетинг дамыған. Билеттердің сатылымы да сайт арқылы жүреді. Қазіргі көрерменнің сұранысы, талғамы өте жоғары. Бұрынғы көрерменмен салыстыра алмаймыз.

Бекзат Ешмұратов, Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің жанынан құрылған «Ассорти» студенттер театрының жетекшісі:

– «Ассорти» студенттер театры – колледж студенттерінің қызығушылығымен құрылған орта. Ұжымда ешқандай кәсіби маман, жоғары білімді әртіс жоқ. 27 студенттің барлығы болашақ әртүрлі пән мұғалімі. Режиссер де, әртістер де өз қызығушылығымен, ізденісімен келген. Алғаш сахналаған туындымыз, тікелей желтоқсан оқиғасына байланысты жасалған «Ызғар» атты трагедиялық спектакль 2021 жылы 19 қараша күні облыстық филармонияда қойылған еді. Сол күннен бастап үздіксіз ізденіп, кәсіби мамандардан кем түспеуге талпынып келеміз. Студенттерден құрылған театр болғандықтан, көрерменіміз де – жастар.

Мойындау керек, Қызылорда қаласында театр мәдениеті әлі де қалыптасу жолында. Театрда әртістер ойнамайды, өмір сүреді. Сол себепті сахнадағы өмірге қызығатын, тұрақты көрермен болып жүрген жас көп. Бірақ кейде көрерменнің олқылығы – ішкі мәдениетінің жоқтығы байқалады. Мәселен, қойылымға қатысы жоқ артық күлкі, адамдардың әңгімелесуі, сырт киіммен отыруы, су ішіп, тамақ жеу өте орынсыз. Осындай қарапайым этикетті талап етуге тура келеді. Театр адам жанын тазартып, ізгілікке жол сілтеуші ғана емес, ішкі-сыртқы мәдениетке тәрбиелеуші құрал десек артық емес. Бұл орайда көрерменнің талғамы театр мәдениетін, көрермен әдебін таразылай алатын күн алыс емес деп ойлаймын.

Санат Жүзбай, Нартай Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының әртісі:

– Қазіргі таңда қазақ театрындағы көрермен мәдениеті, театрдағы этикет енді дамып келеді. Неге десеңіз, орыс театрларымен салыстырғанда көрермен мәдениетінің айырмашылығы айқын байқалады. 2017 жылы қалаға келген Қарағанды музыкалық театрының спектакліне қызылордалық орыстілді аудитория көрермен болды. Барлығы классикалық үлгіде киініп, қойылым біткенде әсерімен бөлісіп, театр ұжымын шынайы қолдаумен шығарып салды. Сонда таңданғаным рас. Әрине, мақсатым орыс-қазақ деп бөліп-жару емес. Мүмкін, кей адамдар әлі де театрдың мәдениетін түсінбейтін шығар. Енді көрермен мәдениетін қалыптастыру – біздің қолымызда.

Бүгінгі күннің адамын белгілі бір дүниеге сендіру қиын. Театр – өмірдің айнасы. Қойылымға келіп, актердың жасап жатқан дүниесін сараптап, сынай алатын көрермен жеткілікті. Сондықтан киноға қарағанда біздің көрерменнің саны аз болғанмен, сапасы жоғары деп ойлаймын. Бірақ Алматы, Астанадағы театрлармен салыстырсақ, облыстық мәдениет ошақтары енді жаңа даму жолына түсіп, тың серпін алып келеді.

Қызылордалық жастар – біздің тұрақты көрермен. Себебі олардың жылы лебіздерін жиі естіп жатамыз. Жақында «Кездесу мен қоштасу» спектаклі рекорд орнатып, билет құнын қымбаттатқанмен, қойылымды көруге асыққандар қатары көп болды. Аталған қойылымға тұтастай дерлік жастардың келуі де соның дәлелі.

Өңірлік театрларда көрермен мәдениеті бар ма деген сұраққа екіұшты ойдамын. Біздің қызметкерлер ұялы телефонды өшіріп не дыбыссыз режимге қою керегін, тамақ алып кіруге болмайтынын ескертеді. Соған қарамастан кей көрермен су мен тәттілерін әкеліп, театрда отырады. Мұндай қылық мәдениет ошағына мүлдем жат. Киноға солай барса, түсінуге болады. Театрдың мәдениеті көрерменнің деңгейіне сай емес.

Әлмұхаммед Алдажаров, А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан ашылған «Жастар» театрының труппа жетекшісі:

– Театр –  қай кезде де жоғарғы мәдениеттің бет-бейнесі. Сондықтан келетін көрерменнің көпшілігі қоғамда өзіндік көзқарасы бар, терең ойлай білетін, тұлға болып қалыптасып келе жатқан жоғары мәдениетті адамдар деп айтсам, қателеспеймін. Осы санаттағы адамдардың, театрсүйер көрерменнің саны көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Әсіресе, олардың басым көпшілігі – жастар. Яғни, театрға тек үлкендер немесе өнерге жақын, әдебиетті сүйетін адамдар ғана келеді деген жаңсақ пікірден толыққанды арылдық. Жастар үшін қойылымдардан алар дүние көп-ақ. «Театр – өмірде мазалайтын сұрақтардың жауабын табудың жоғары инстанциясы» дейді Александр Герцен. Мәдениет ошағында екі сағат көрермен боп кеткенмен, сахнадан алған әсер арқылы өмір бойы жан дүниені кірлетпеуге, өзімізге адал болуға ант береміз. Театрдың құнын басқа дүниелермен, салыстыруға келмейді.

Қазір бұрынғы кезбен салыстырғанда көрерменнің театр мәдениетінің артып келе жатқанын байқаймыз. Уақыт өте келе осындай қарқынмен қазақ театр өнері және көрермен деңгейі шетелдік театр мәдениетімен иық теңестіретініне сенім мол.

Пікірлерді жинақтаған:

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!