Театр – тірі организм. Тынымсыз тіршіліктен бір сәт тыныш табатын саф өнердің ордасы. Сана тазарып, рухани тоят табатын мәдениеттің мекені. Қым-қуыт оқиғаларды қиыннан қиыстырып, өмірмен ұштастыра бейнелегенде ақыл мен жүректе өзара арпалыс басталады. Бұл – сахнаның киелілігі мен әртістің шынайы шеберлігі. Театр тағдырға төрелік етпейді. Тек жақсы мен жаманды нұсқап, ақ пен қараны анық көрсетіп, өмір болмысын боямасыз көз алдыңа әкеледі. Әрі қарай көрермен түйінді оймен соңғы нүктені өзі қояды.
Түпсіз тұңғиыққа жетелеп, тебіреніс пен толғанысты қатар сезіндіру театрға тән негіз. Қас-қағым сәтте жанарды жасқа толтырып, езуге күлкі үйіретін де қойылымның қоспасыз қалпын айшықтайды. Демек театр, қойылым, әртіс үйлесімі санада сілкініс тудыратын үштік. Дегенмен шырайлы сәттің шырқын бұзатын кедергі мен келеңсіздік тағы бар. Жалпы «театр мәдениетін» қаншалықты сақтап жүрміз?
Театр табалдырығын аттай бере қаперде ұстайтын қағидалар бар. Мұндайда әдепті әдетке айналдырған абзал. «Мәдениет – киім ілгіштен басталады» дейміз. Бірақ, сонда да ұлардай шулап, артынып-тартынып келетіндер жоқ емес. Иә, премьераны тағатсыздана күтіп, кестеге сай уақытын ыңғайлап келетін көрермен көбейген. Әсіресе жас буынның бірде-бір қойылымды жібермейтіні көңіл қуантады.
Десе де кейбірінің оғаш қылығы, әдеп пен тәртіпті ұмытуы қойылымды ден қойып көруіне кедергі келтіреді. Мәселен, қойылым басталып, зал түгел тынышталып, сахнаға назар аударды делік. Ал кешіккендер орнына жайғасамын дегенше даурықтырып жібереді. Бірі телефонмен ұзақ сөйлесіп, дауысты бәсеңдету керегін естен шығарып алады. Мұның бәрі сахнадағы әртіске қолайсыздық тудырып, қойылымды беріле тамашалаған кей көрерменнің титығына тиюі әбден мүмкін. Негізінен театр түрлі эмоцияның себепшісі. Бірақ солай екен деп жер тепкілеп қарқылдап күлу, айғайлап жылау қаншалықты орынды? Трагедия, комедия, драма сынды жанрлар жанды түртіп, көңілді тербейтіні анық. Дегенмен бұл құбылған күйді әсірелетіп, лық толы залдың мазасын алу керек деген сөз емес. Бәрі өз өлшемімен, шегімен әдемі.
– Театрда он жыл қызмет етіп келемін. Осы уақыт аралығында аса бір келеңсіз жағдайлар болған емес. Бізде қойылым басталмас бұрын «телефонды дыбыссыз режимге қойыңыздар» деп алдын ала айтылады. Көрермендер де оны біледі. Кейде бірі ұмытып кетсе, енді бірі бұған мән бермейді. Егде жастағы кісілердің қатты сөйлейтін кезі де болады. Сосын студенттер кинотеатрға келгендей өзімен чипсы әкеледі. Бірақ бұл кедергі келтіріп, әртіске әсер етеді деп айта алмаймын. Тек ескерілмей жататыны осылар. Осындай бірен-саран олқылық болмаса, көрерменнің өзін-өзі ұстауы, мәдениеті мен театрға құрметі ұнайды. Қойылым соңында қошеметін аямай, бірге суретке түсіп, сый-сыяпатын табыстап жатады. Кері байланыс орнатып, пікір білдіріп, әсерімен бөлісетіндер көп. Сыр көрермендеріне ризамын – деді Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының әртісі Қанат Архабаев.
Еуропа елдерінде театр дамудың күрделі процесін бастан кешірді. Сондықтан болар, діңгегі мықты. Жергілікті халықтың да театрға қызығушылығы жоғары және құрметі айрықша. Бізде де өнер ордасына осыншалықты ынта мен ықылас артса деген ниет пен дәме бар. Әрі осы ізгі ойымыз ақырындап жүзеге асып жатыр деген ойдамыз. Қаперден шығар қарапайым қағиданы, ескерер ережені айтпағанда театрға табан тірейтіндер көбейген. Мұны талантты әртіс Қ.Архабаевтың да сөзі қуаттады.
– Еуропада қойылым үшін бір жыл бұрын билет алып қояды. Сөйтеді де киім кию үлгісіне дейін мән беріп, тыңғылықты дайындалады. Мәскеу қаласына оқуға барғанда осыны байқадық. «Рухани демаламыз» деген ниетпен барады. Тіпті тапжылмастан 4-5 сағаттық қойылымды тамашалайды. Мәдениет ошағында көрермен де бір-бірімен тіл табысып, пікір алмасып, екінші жанұя секілді араласады. Сондай-ақ, қойылым уақытында еш алаңсыз отырып, бар назарын сахнаға бұрады. Ал бізде көрермен көзі сахнада болғанмен ойы үй-жайында, бала-шағасында болуы мүмкін. Сондықтан театрға толық енбей, қойылым барысын қалт жіберіп алады. Жастар әлеуметтік желіге жүктеуге видео түсіремін деп, ұялы телефонға ұзақ үңіледі. Осылайша қойылымды меңгеруі қиындайды. Көш жүре келе түзеледі. Театр мәдениеті қалыптаспаған, құрмет жоқ деп кесіп айта алмаймыз. Өйткені, өнердің шаһарына айналған Астана, Алматы қаласында қызығушылық жоғары. Тикетоннан билет табылмайтын кездер бар. Бұл да алға жылжуға сеп, – деді ол.
Театрға жиі баратын жас буын да әдеп пен мәдениетті сақтау керегін шегелеп айтуда.
– Тарихымыз бен мәдени мұрамызды сақтауда театр мәдениеті де маңызды рөл атқарады. Классикалық пьесалар мен заманауи қойылымдар арқылы әртүрлі кезеңді, қоғамды зерттей аламыз, өзімізді және айналамызды тереңірек түсінеміз. Енді «театр мәдениетін сақтап жатырмыз ба?» дейтін сауалға тоқталайық. Шынайы сомдаулар қойылып жатқан кезде екеуара әңгіме айтатындарды көп байқаймын. Бұл ғана емес, ең ыңғайсызы – сахна түгелдей қара реңкке енген кезде кейбірі телефон жарығын қосып отырады. Батыс елдерінде театр мәдениеті жақсы қалыптасқан. Ешкім-ешкімнің мазасын алмайтын көрінеді. Мұны Еуропа елдерінде болған таныстарымнан көп естимін. Мүмкін, ол нәрсеге біз де жетерміз. Спектакль көрермен үшін қойылады, соны көзбен көруге тиіспіз. Сезіну қажет. Қазір де көрермендер мәдениеттен жұрдай дей алмаймын. Сондай ынта-ықыласын салып тұрып тамашалайтын адамдарда бар. Бірақ аз. Оларды көбейтуіміз керек, – деді Ердәулет Сәрсенұлы.
Түйіндей келе, күйбең тірліктен бір сәт арылып, жан тыныштығын тапқанға не жетсін?! Киелі өнер сананың соқыр, ойдың таяз болуынан сақтайды. Егер көрермен қатары үзілмесе театр тынысы да тоқтамақ емес.
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!