Фото: Facebook/Dreadnought

Ұлыстың ұлы мейрамы Наурыз биыл ерекше аталып өтуде. Ерекшелігі сонда, 14 наурыз бен 23 наурыз аралығындағы әрбір күн – атаулы дата. «Көрісу күнінен» бастап, Қайырымдылық, Шаңырақ, Жаңару, Ұлттық спорт, Ынтымақ күні секілді жеке-жеке атау алып, әрқайсысы өз деңгейінде ерекше тойлануда. Оның ішінде 18 наурыз – «Ұлттық киімдер күні» болып бекітілді.

Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек. Дегенмен, киім-кешек адам баласына көрік беруден бөлек ыстық пен суықтан қорғап қана қоймай, олардың қоршаған ортасы мен қоғамынан, өмір сүрген дәуірі мен дәстүр салтынан терең сыр шертеді. Адамзат атаулы аң терісінен жамылғы, жүннен жіп жасауды меңгерген сәтіне бастап киім-кешек түрлері де заман ағымына сай құбылып, түрленіп, дамып келеді. ҚР Дизайнерлер Одағының мүшесі Дәулетхан Болысбаев өз сұхбатында «Ұлттық киім – түркі халықтары үшін маңызды орынға ие. Орта Азияны мекен еткен әр халықтың өзіндік киім кию үрдісі бар. Басындағы тақиясынан аяғындағы мәсісіне дейін ерекшеленіп тұрады. Қазақтың ұлттық киімі жайлы көптеген ғалымдар өз зерттеуін жасаған. Өзбекәлі Жәнібековтың «Ұлттық киімнің табиғаты» деген мақаласында құнды деректер айтылған болатын. Онда көбіне ерлердің жас ерекшеліктеріне қарай киген киімі мен шапанның түрлерін талдап шыққан. Оңтүстіктің тумасы Ғани Иляевтың да бұл бағытта қалдырған қолтаңбасы ерек ше. Осындай қоғам қайраткерлері тек сол дәуірдегі қоғамды ағартумен ғана танылмаған. Олардың ұлттық құндылығымызды дәріптеудегі еңбегі де ерен» дейді.

Ұлттық киім жайлы сөз қозғағанда қазақ үшін қашанда қастерлі болған шапанның сөз басында тұратыны даусыз. «Шапан жабу»– көпке сыйлы той иелеріне немесе қадірлі қонақтарға көрсетілген құрмет. Яғни, шапан көп киімнің бірі емес, халқымыз үшін ыстық ықылас пен нағыз сыйластықтың нышаны іспеттес. Дәл осы жалғыз шапанның өзінің қаншама түрі бар десеңші. Мәселен, ертеректе тысы мен астарының арасына қалың жүн салынып, сырма шапан дайындалған. Сырма шапан – суықта сыр бермейтін сырт киімнің көне түрі. Мұндай шапандар сұлулығынан гөрі, жылуына қарай бағаланатын болған. «Сұлуынан жылуы»немесе «Астарлы шапан тоңдырмас, үш өрім жіп үзілмес»деген секілді мақалдар осыдан қалса керек. Дегенмен, ұланғайыр Ұлы даламыздың оңтүстігінде орналасқан қазақтың киімін солтүстіктегі немесе басқа өңірлердегі қазақтардың киімімен салыстырмалы түрде қарағанда әжептеуір айырмашылық барын байқаймыз. Бұған халық орналасқан аймақтың ауа-райы себеп. Сондықтан да жоғарыда атап өткен сырмалы шапаннан бөлек халқымызда бұл сырт киімнің қаптал шапан, қималы шапан секілді бірнеше түрі бар.

Қазақ қыз-келіншектері мен аналары үшін камзолдың орны тіпті бөлек. Қандай көйлектің де сыртынан киіле беретін бұл камзолдың қазақтан басқа бірнеше елдің ұлттық киімдері санатында бар екені көпке мәлім. Камзолдың жеңі болмағаны секілді оған жаға да тігілмейді. Тек, омырау тұсына дейін ойық ойылып, алды ашық қалдырылады. Үй шаруасындағы әйелдің отырып-тұруы мен еркін қимылдауына ыңғайлы бұл киім түрі арқаның жылы жүруіне септігін тигізеді. Қызығы, камзолды кей өңірлерде «жеңсіз бешпент» деп атаса, кейбірінде «кәжекей» дейтін көрінеді.

Тақия – қазақ бас киімдерінің ішінде ең кеңінен таралған түрі. Біз білетін тақияның біз білмейтін түрлері де бар. Киіз үйдің кішірейтілген формасында келетін бас киімнің зерлі, үкілі, оқалы, сырма, шошақ төбе, тікше, қатипа тақия секілді т.б. көптеген атаулары бар. Тарихи деректерге сүйенсек, үш жүздің жұртының тақиясы үш түрлі келеді. Орта жүз жұрты тегеріш тақияны тұтынса, төбесі жалпақ биік тақия кіші жүзге тән деп келтіріледі кей деректерде. Ерлер тақиясынан бөлек қыздардың тақиясының жоғарғы тұсы конус тәріздес етіп тігіліп, төбесіне міндетті түрде үкінің немесе тотының қауырсыны тағылады. Қазақ ұғымындағы «үкідей үлбіреген», «тотыдай таранған» деген тіркестер дәл осы қыз дар тақиясындағы қауырсынның қозғалысына қарап туындаса керек.

Халқымыздың тарихы мен тамыры қаншалықты тереңде болса, тұрмыс-салты, қолданған бұйымдары мен киім-кешегі де соншалықты ауқымды сипатқа ие. 1970 жылы қазба жұмыстары кезінде Алматы облысы, Есік қаласынан табылған алтын адам әлем назарын аударды. Есік өзенінің сол жағалауынан табылған құнды жәдігер көне сақ жауынгеріне, әйел адамға тән екені анықталған және төрт мыңға жуық аң бейнесіндегі түрлі әшекейлермен қамтылған. Кейін дәл осыған ұқсас жәдігерлер Шығыс Қазақстан мен Орталық Қазақстаннан да табылды. 1999 жылы Атырау маңындағы Аралтөбе қорғанынан табылған екінші алтын адам біздің заманымызға дейінгі үшінші ғасырға жататыны анықталған. Ал 2003 жылы Шіліктіден табылған алтын адамның Есік қорымындағы алтын адамнан 400 жылға үлкен екені зерттеле келе белгілі болды. Археолог-ғалымдар дәл осы Шілікті қорымынан 4303 алтын бұйым табылғанын мәлімдеді.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!