Әп-сәтте екеуміз алыса кеттік. Тіпті, не үшін, неге олай болғанын да түсінбедім. Ақ көйлек, көк галстуктың алба-жұлбасы шығып, екеуміз екі жаққа омақаса құладық. Ал менің бетіме орындықтың бұрышы тиіп, әжептәуір іскені байқалады. Жалма-жан орнынан атып тұрды да:
– Құлап қалдым деп айтшы, – деді.
Оның жүзінен үрей байқалды. Кішкентайдан бірге өскен досым­ның бұл тірлігіне өзім де сәл ыңғай­сыздансам да, мақұл деп келістім. Мақсұт келді де, үнемі мен қызығып жүретін кішкентай қойын дәптерін ұсынды.
– Мынау менің сыйлығым. Са­ған ұнайтынына сенемін. Кешірім сұра­ғаным деп қабылда, – деді салмақты үнмен.

  • * *
    Одан бері қанша жыл өтті. Мақ­сұттың өлең жазатын қабілеті бар болатын. Әлгі қойын дәптердің ал­ғашқы екі бетінде өлең жазылған.
    «Жаным, менің өзіңе,
    Мөлдір қара көзіңе» деп баста­латын.
    Қойын дәптер қолға тигелі мен де ойымнан өлең құрай бастадым. Шабыт атты әлемнің есігін айқара ашып, табалдырығынан аттадық. Оқушылық сәттерде көптеген жыр додаларында, мүшәйраларда бақ сынап, талай рет жүлделі орын­дар­ды қанжығаға байладым. Бірақ, әлі күнге сол досымның алдында қарыздар секілді сезінемін. Қолыма қалам ұстатқан оның қойын дәптері сияқты. Кім білсін?!
    – Гүлназға хат жазып берші, – деді.
    Он жыл бойы бір сыныпта оқыған екеуміздің достығымыздың арасынан қыл да өте алмастай еді. Әлі де солай. Бірақ, ол айтқан Гүл­назға мен де ғашық едім. Жүре­гімнің төрінен жып-жылы сөздерді суырып шығарып, ақ қағазға тө­гіп-төгіп тастадым. Көз алдыма Гүл­наз екеуміз көк майсалы белде қол ұстасып бара жатқанымызды елес­тетіп, мөлдіретіп хат жаздым. Тек астындағы автор тұратын тұста менің емес, Мақсұттың есімі. Хатты үш бұрыштадым да, сыртына «Лети с приветом, вернись с ответом» деп жазып, досымның қолына ұстаттым. Иә, жан дүнием қанша алай-дүлей болса да, досымның мен сүйген қыз­ға деген сезімінің алдында дәр­мен­сіз едім.
    Амал нешік?! Екеумізге де бұйыр­мады. Ауылға қаладан қонақ болып келген жігіт нағашылар ауылынан өзі­не олжалағандай етіп, алып қаш­ты. Біз еш нәрсе түсінбестен қал­дық. Бала махаббатымызды ұрлап кеткен сол жігітті көргенде кәдімгідей ашуымыз келетін. Ол кезде студент едік. Ал Гүлназ өмірге бала әкел­ді, сыныптас ретінде барлық қуаны­шы­на ортақтасып жүретінбіз. Бірақ жү­ректе сол баяғы орнында қалған еді…
    «Мұңаямын жаным, жалғыз сені
    ойлаумен,
    Елестетем сені дидарыңа тоймаумен.
    Жүрегімнің мұңы,
    Көңілімнің сыры,
    Мені еріксіз қинайды…».
    Мақсұттың орындауындағы осы ән ги­та­ра үнімен үндесіп, бізге ерек­ше сезім сыйлап тұрғандай. Жұрт­тың бәрі оның өнеріне тәнті бо­лып, риза болысып жатты. Ал мен оның көздеріндегі сағыныш отын, Гүл­наз­ға деген махаббатының әлі де өшпе­генін байқадым.
    – Досым, – деді Мақсұт көліктің алдыңғы жағында отырып. – Бұйыр­ған бақыт ешқайда кетпейді. Айналып өзіңді табады. Ал талант көшпелі. Менен саған көшсе, оған сен де, мен де кінәлі емеспіз. Өзіңді қарыздар санама. Мен сенің Оралханды жата-жастана оқитыныңды білемін ғой, Тортай мінер ақ боз ат Оралхан мен Тортайдың арасындағы жай. Біз­дің арамызда мәңгілік ажырамас достық. Ал менің саған сүйінші жаңа­лығым бар. Ол – тосын сый, – деді жү­зі бақыттан бал-бұл жайнаған Мақсұт.
    Бір уақытта көліктің артқы есігін жас қыз ашты. Жүзі таныс, бірақ есіме түсіре алмадым. Ал Мақсұт екеуі қос ғашық екенін байқатқандай бір-бірінің қолын қатты қысып алып­ты. Маған жымия күліп:
    – Түк те өзгермепсің. Арада 15 жыл өтті ғой, – деді.
    Сонда ғана мен оның баяғы Гүлназ екенін таныдым. Ып-ырас, мен оны көшеде осы күйінде көрсем, таны­май өтіп кете берер едім. Мақсұт екеуінің жолдары түйісіпті. Өмір ғой, бұрын шыққан күйеуінен жолы болмапты. Ал Мақсұт оны қай уақытта да қабылдауға уәде берген.
    – Досым, бұйырған бақыт ешқай­да кетпейді. Менің үйленбей жүрген себебімнің бірі Гүлназды күтуім еді, – деді.
    Ал мен бақыт тіледім. Олардың енді ешқашан ажырамауын тіледім. Бірақ, қалай дегенмен де бала ма­хаббат тәтті естелікерімен, ерек­ше іңкәрлік, тазалығымен есте қалады екен…

Аян СПАНДИЯР

фото massaget.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!