Екі жастан асқан баланың тұсауын кескен ел ағаларын көрдік. Алайда егде жастағы азаматтардың тұсауын кестіргенді бұрын естімеуші едік. Әлеуметтік желідегі желдей тараған бейнежазбалар көптің сан алуан пікірін туғызды. Әдеттегідей, бірі даттайды, келесі бірі жақтайды. Нақтырақ айтсақ, бір бөлігі бұл әрекетті дәстүрден аттап кету, салтты бұрмалау деп бағаласа, енді бірі оны ерекше риясыз тілек пен құрметтің белгісі ретінде қабылдайды. «Жасы ұлғайған азаматтың тұсауын кесу – оның жаңа өмірге, жаңа бастамаға қадам басуын білдіреді немесе сәтсіз қадамын жаңадан бастау» деп пікір білдіргендер жоқ емес. Ал «Салтымызды мазақ етті-ау» дегендердің жазбасына қолдау көрсеткендер күн сайын артып келеді.
Ендеше тұсаукесер дәстүріне тоқталсақ. Қазақ халқының ең көне дәстүрлерінің бірі. Баланың алғашқы қадамына тілек айтып, ақ жол тілеу мақсатында жасалатын бұл рәсім ежелден келе жатқан символдық мағынаға ие. Айта кететіні, тұсау кестіру үшін де ырымға балап, қайшы немесе пышақты ел алғысына бөленген, батасын алған азаматтарға тапсырады. Алайда бүгінгі қоғамда бұл салттың шеңберінен шығып, жаңа рең алуына қарап, «дәстүр дамып жатыр» деушілер де бар. Естеріңізде болса, осыдан 5-6 жыл бұрын дәл осы тұсаукесер дәстүрін жасаумен жарысқандар көбейді. Батыр кейпіндегі аниматорларды жалдап, аттарды мейрамханаға кіргізді. Енді бірі сәбиге көлік сыйласа, келесі бірі жасанды жүргізуші куәлігін сыйға тартып, қонақтарға ерекше әсер қалдырғандар болатын. Қазір бұл әрекеттер күнделікті тұрмыстағы тіршілікке айналғандай.
Мәдениеттанушылар мен этнографтар бұл құбылысқа әрқилы көзқараспен қарайды. Бірі салт-дәстүрлердің түпкі мәні мен формасын сақтау қажеттігін алға тартса, екіншілері заман ағымына сай бейімделу – мәдени мұраның өміршеңдігін арттырады деген пікірде.
Қалай болғанда да, тұсаукесердің бұл жаңа «нұсқасы» қоғамда елеулі реакция туғызып, ұлттық дәстүрлерге деген қызығушылықты арттырып отырғаны анық. Жаңа үрдіс қалыптаса ма, әлде бұл бір сәттік назар аударту ғана ма – оны уақыт көрсетеді. Осы тұста республикаға белгілі журналист-этнограф Сәкен Алдашбаев ерсі көрінген рәсімді «хайп қуалағандардың» ісі деп бағалайды. Ал жол ашу деген болатын болса, сол алғаш кестірген кей балаларымыз түзу жолдан адаспас еді, мүмкін қыл мыскер-лер бол мас дейді.
– Жалпы алғанда салт белгілі бір нәрсеге сүйенуі қажет. Тұсаукесер жүре бара, уақыттың өтуімен қалыптасқан дүние. Алайда тұсаукесердің мақсаты – тікелей медицинамен байланысты. Тәй-тәй басқалы тұрған баланы ортаға шығарып, жүгіріп келген балаларға жетектетіп жүргізеді. Себебі, қол ұстасқан балалар энергияның 60-70 пайызын алақанымен жеткізеді. Бұны ғылымда «Иппотерапия» деп атайды. Бұл медицина саласындағы қолданыстағы тәжірибе. Ал ала жіпті қайшымен қию, пышақпен кесу сынды дүниелер сенім ретінде жасалатын әрекеттер. Мысалы, арамен кессек, қатты жүгіретін болады деген сенім де алдағы уақыттары пайда болуы мүмкін. Сондықтан салт, дәстүр, ырым деген дүниелер өзінің пайда болуымен, жаңарып тұруымен, жоғалып кетуімен құнды. Бірақ, қазіргі балаға да жасап жүрген тұсаукесердің негізі дұрыс болғанымен, сенімі дұрыс емес. Ал үлкендердің тұсауын кесіп жүруі, бұл бабаларымыздың тәрбие негізінде қалдырған құндылығын мазақ қылу деп түсінемін, – дейді Сәкен Алдашбаев.
Қазақ қоғамында әрбір салт-дәстүр тек ритуал емес, терең тәрбиелік мәні бар құндылық саналады. Осы тұрғыдан алғанда, тұсаукесердің мағынасы тек баланың алғашқы қадамы ғана емес, оның өмір жолына бағыт-бағдар беруді білдіреді. Ал егде жастағы адамның тұсауын кесу – көптің түсінігіне сыймай жатса да, бұл әрекет кей жағдайда символдық жаңғырудың, жаңа белестің бастауы ретінде қабылдануда. Біздің редакциялық құрам, жасы 26 жастан асып, өзінің тұсауын кестерген Айгеріммен (есімін жасыруды өтінді) тілдесіп көрдік. Оның пікірінше, ол осы уақытқа дейін бірнеше сәтсіздіктерге жолыққан. Соның зардабын тәй-тәй басқан уақытында тұсауын дұрыс кестірмеген жағдаймен байланыстырады. Ал желі қолданушылары жазған дәстүрді мазақ ету дегенмен келіспеймін дейді.
– 26 жасымда тұсауымды кесу анамның ұсынысы болды. Анамның айтуынша, бала кезімде ұмытып кеткен. Мақсаты – жақсылық болсын, өмірінде кездесетін қиындықтарды тез еңсерсін, жолы ашық болсын деген ниетте болды.
Дәстүрді мазақ қылу дегенге келіспеймін. Өйткені қазақ ырымға сенетін халық. Баласының уақытында кесілмеген тұсауын жақсылыққа жорып, салтты орындап жатса және бұл өз септігін тигізсе жақсы емес пе?!
Кейде тұрмысқа шығуға жасы келген қыздарды көп баласы бар ибалы келіншектер «Менің жолымды берсін, келін атансын, сәбилі болсын!» деген игі тілекпен тұсауын кеседі. Осыдан-ақ біз жасалатын жоралғының бәрі жақсылыққа ниеттенсе, оның ерте-кеші жоқ екенін байқауымыз және білуіміз керек.
Менің осы жылдың қаңтар айында тұсауымды үйде ата-анам алтын сақинасын сыйлап, ырымдап кескен болатын, артынша бір жұмадан кейін мені тағы қосымша жұмысқа шақырды. Бәлкім, бұл жағдайды кездейсоқтық дейтін шығармыз. Бірақ өзім тұсаукесердің әсері болды деп ойлаймын. Одан кейін де жеке өмірімде, жұмысымда, қаржылық жағдайымда көптеген жақсы жағдайлар орын алуда.
Дәстүрдің ерте-кеші жоқ, бастысы – ниет пен ықылас. Қазақтың кез келген жоралғысы адамның өміріне жақсылық тілеп жасалады, – дейді кейіпкеріміз.
Мысалы, әлеуметтік желіде тараған бір бейнежазбада ұзақ жыл ауыр дерттен кейін аяққа тұрған қарияның тұсауын кесіп, оған ақ тілек айтылған. Тағы бірінде өмірінде алғаш рет жеке кәсібін ашып, жаңа өмірлік белеске қадам басқан кісінің тұсауы кесілген. Бұл жағдайларда туыстары мен жақындары рәсімді рухани қолдау, мотивация беру ретінде өткізген.
Дегенмен этнографтар мен салт-дәстүр зерттеушілері бұл үрдіске абай болуға шақырады. Қазақы рәсімдердің мағынасы бұрмаланып, тек көңіл көтеру немесе елдің назарын аудару үшін қолданылып кетпеуі керек. Ұлттық болмысты сақтау үшін кез келген жаңашылдық салттың мәні мен мазмұнын жоғалтпауы тиіс.
Қорытындылай келе, ел арасында тараған бұл жаңа бағыт – қоғамның дәстүрге деген ықыласы мен саналы қызығушылығының бір көрінісі. Алайда әрбір жаңашылдық ұлттық сана мен салтқа сай болуы тиіс. Жаңаны жасау үшін ескінің негізін ұмытпау – ұлттың мәдени тұтастығының кепілі екенін жадымыздан шығармауымыз керек.
Айдос МЫРЗАЛЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!