Өнердегі аға буын өкілі Лұқпан Жолдасовтан талай жастар ақыл-кеңес алады. Олардың қатарында жақында танымалдылыққа ие болған “Ұйқым келмейді” әнінің авторы Диана Исмаилова да бар көрінеді. Диана Лұқпан ағасына әннің демо-нұсқасын тыңдатып, оң бағасын алған екен. Әннің неге әріптестерінің сынына ұшырағанын Жолдасов түсінбей жүр. Бұл туралы ол Stan.kz тілшісіне берген экслюзивті сұхбатында айтты.

– Лұқпан аға, қазір Нұр-Cұлтанда тұрып жатыр екенсіз, қалаға үйрендіңіз бе? Алматыға қайта қоныс аудару ниетіңіз бар ма?  

–Жоқ, мен Нұр-Сұлтанда біраз жылдар тұрақтаймын. Алматыға көшу жоспарда жоқ. Бәлкім, қартайған шағымда елге, яғни Маңғыстауға оралатын шығармын.

– “Лұқаң елордаға қоныс аударған соң шығармашылық тоқырау орын алған сияқты” деген әріптестеріңіздің пікірмен келісесіз бе?

– Иә, шығармашылығымда тоқырау болғаны рас. Бірақ ол пандемия, карантинге байланысты орын алды. Одан кейін елімізде көтерілістер болып, жұмысты тоқтатқанымыз бар. Алайда уақыт өтіп, жағдай бір ретке түскен сияқты. Қазір жақсы бағдарламамен жұмыс жасауды қолға алдым. Жақында міндетті түрде көріп, бағасын өздеріңіз бересіздер.

– Алматыда продюсерлік орталығыңыздан жиі жас әншілер мен топтарды дайындап өнерге қосушы едіңіз. Қазір мұндай жаңалықтарды мүлдем естімейміз. Неліктен?

– Иә, карантин кезінде біраз жастар ауылдарына кетіп, жұмыс тоқтап қалған еді. Қазір енді бір топты сахнаға дайындап жатырмын. Алла қаласа, жуырда көріп қаласыздар. Сәл шыдаңыздар, сүйінші сұраймын.

– Қазір көп әріптестеріңіз “халықтың талғамын түсінбей жүрміз, сондықтан ән жазу қиын” деп тулап жүр. Сіздің ойыңыз қандай?

– Әр мезгілдің, әр уақыттың, әр заманның өз әндері болады. Оған тулап, сынаудың қажеті жоқ. Әркім өз талғамындағы әндерді орындайды. “Заманың қасқа болса, түлкі боп шап” демекші, менің әр бағыттағы әндерім бар. Олардың да өз тыңдарманы бар, шүкір.

– Ал ұлыңыз Болаттың өнерге қайта оралу жоспарында бар ма?

– Ол өнерден алыстап кетпеді. Сахнаға көп шықпаса да, студияда әндер жазып, әндерді өңдеп, аранжировкамен айналысып жүр. Сосын үлкен концерттік шараларда менімен бірге шығып, гитарада ойнайды.

– Соңғы шыққан, бәрінің аузында жүрген “Ұйқым келмейді” деген ән туралы ойыңыз қандай?

– Шындығында мен Диананың орындауындағы демо-вариантын тыңдап көргенмін. “Ұйқым келмейді” – әп-әдемі ән. Бірақ оны орындаған қарындасымыз дұрыс жеткізе алмаған. Барлығы оның тіліне және ән айту мәнерінің өте төмендігіне күліп жүр. Одан кейін сынаушылар “Ұйқым келмейді. Сонан соң ұйықтап кетемін” деген сөзге тіреліп алыпты. Бірақ ары қарай ол сөйлемнің жалғасы бар ғой. Жалғасында “Ұйықтап кетемін, түсімде сені көру үшін” деп айтылады. Алайда бұл жолын ешкім қарап жатқан жоқ. Тек бірінші жолды талқылап әлек. Негізінде бұдан да сорақы әндерді естіп, көріп, оған да көндік қой. Бірақ бұл әнді дұрыстап орындап шықса, әп-әдемі ән. Орындаған қарындасымыз емес, Диананың өзі айтқанда керемет туынды болып шығар еді.

– Әнді мұндай деңгейде орындау өнерді қорлау ма, әлде қазақ тілін білмейтіндерге мотивация ма?

– Қазақ тілін қорлағысы келді деп айта алмаймын…  Бар білгенімен айтып шықты. Мен бұл ән қазақ тілін білмейтін адамдарға мотивация деп ойлаймын. Өзіміз қазақ бола тұра қазақ тілін осыншама қорлау сұмдық. Ойлану керек.

– Лұқпан аға, өнерден өзге қандай да бір бизнесіңіз бар ма?

– Ешқандай бизнес жоқ. Өнерден басқа салаға менің уақытым да, ниетім де жоқ.

– Қазір көп жастар тез үйленіп, сәл қиындыққа шыдамай тез бөлек кетеді. Жалпы отбасын сақтау үшін кім көбірек күресу керек? Берекелі отбасының басты құпиясы қандай?

– Үлкен құпиясы бар деп ойламаймын. Біріншіден, екі жастың өзара бір-бірін дұрыс түсінуі ғой. Екіншіден, қарапайым сабыр керек. Сабыр, сабыр, сабыр. Көп кезде ата-ана араласу керек деп айтады. Бірақ сол ата-аналар араласамын деп бүлдіріп алып жатады. Қыз жақ “ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды” деп айтады. Ол дұрыс емес. Ұл жақтың ата-анасы “еркекті тыңдау керек” деп тағы өзінікін айтады. Осылай дау ұласып кетеді. Бәрі екі жастың өзіне байланысты болу керек. Әрқайсының кішкентай кезінен азамат болғанға дейін алған, көрген тәрбиесіне байланысты. Тәрбиенің өзегі – қазақилықтан бастау алуы керек. Біздің заманымызда үйленген соң ажырасу деген жалпы болған емес. Бүкіл ел-жұртқа белгілі болса ұят саналатын. Жас отбасы бір-біріне сабыр етіп, уақыт өте бір-біріне үйреніп, екі жарты бір бүтінге айналады. Оған сәл уақыт керек. Менің үйленгеніме 39 жыл болыпты. Бізде де ыдыс-аяқ сылдырлаған кездер болды. Сол уақытта сабыр етіп, бір-бірімізді кешіріп, түсінуге тырыстық. Үйт-бүйт деп ақыл айтудан аулақпын. Бастысы әйел ерін сыйлап, тыңдап отырса, ал ері әйеліне аманат ретінде қарап, жылулық пен махаббатқа бөлеп, сынақтарға сабырлық таныста үлкен әулетке айнала алады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Жанар Тайырқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!