Қазақтың даңқты күйшісі Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 160 жыл толды. Тақырып аясында оқырман қауымға ұлы даланың даңқты күйшісі жайында мәліметтер ұсынуды құп көрдік.

Динаның шын аты дұрысында Мәдина болу керек-ті. Алайда осы аттас сүйген қызын түн асыра сайда күткен жас жігіт Төремұрат елең-алаңда «өмірге келген сәбидің атын қойып кет!» деп қолқалаған қос кемпір мен анасы Жәниханың көңілін қалдырмай, тіл ұшына кеп қалған таныс есімнің тек «…Дина»-сын ғана айтып, «мә»-сін ішіне сақтап, күдік туғызбай, тездеп аттанып кеткен екен…  Осылайша күллі қазаққа Дина есімі кеңінен таныла бастады.

 Дина Кенжеқызы кең байтақ Отанымыздың батыс өңірінде, Еділ-Жайық екі өзен аралығында орналасқан бұрынғы Бөкей ордасы, Нарынның Бекетай құмы жерінде осыдан тура жүз алпыс жыл бұрын (1861 ж.) қарапайым шаруа отбасында өмірге келген. Әкесі Кенже оны ерекше еркелетіп, домбыра тартуға еліткені бір бөлек, етжеңді ерке қызын ер балаша киіндірген. Сөйтіп Дина көбіне ер балалармен ойнауға машықтанған, жастайынан жұғыса кеткенмен күресуге бейім болған, тіпті «сен бізбен емес, анау қыздармен қуыршақ ойна» деген балаларды жек көрген. Дина тоғыз жасында әкесі үйреткен күйлер мен әндерді өзінше домбырада еркін ойнаған, содан «домбырашы қыз» атанған. Күй өнеріне құштар болған Дина күйші өмір жолында ұстазы Құрманғазының күйлерін үйреніп, тартумен шектелмей, сол өңірде аттары белгілі күйшілер Дәулеткерейдің, Соқыр Есжанның, Әлікей, Баламайсадай көрнекті халық композиторларының шығармаларын тартып үйреніп, өзі де домбыра сайыстарына қатысып, өнерін шыңдап отырған. Дина Кенжеқызы 1880 жылы 19 жасында күйеуге ұзатылады. Динаның өнердегі ұстазы болған күйші Құрманғазы озат шәкіртінің ұзатылар тойының үстінен шығып, құдалардан жас келіннің болашағына, оның домбыра тарту өнеріне тыйым салмай, қарсылық білдірмей, керісінше, оның өнерінің ұшталуына, жетілдіруіне әр кез көмектесіп, қошемет білдірулерін өтініп, уәделерін сұрап алады. Осындай уәдені күйеу бала Нұрпейістің өзінің аузынан естиді. Сол тойда Құрманғазы Динаны шақырып алып, күй тартқызып, соңынан сол тойға қатысып отырған жұртшылыққа естіртіп: – Домбыра менің өмірлік серігім еді. Ол ғұмырымның ұзақ та қиян-кескі қиын жолында сенімді серігім, берік сүйеу болды. Енді осы қимас серігімді лайықты мұрагерім – саған табыстаймын, – деп күй ойнаған домбырасын Динаға сыйға береді. Ұстазының аспабын үлкен толғаныс үстінде қабыл алған шәкірті де: – Ұстазымның домбырасын ешқашан жанымнан тастаған емеспін, оны киелі дүниедей қастерлеп сақтадым. Күй шығарып толғанған, азапқа түскен шақтарымда ұстаз домбырасы маған ақыл-кеңес беріп, дұрыс бағытқа сілтегендей болатын еді, – дейді Дина кейінірек. Шәкіртінің домбыра тартудағы өнері, қағысы өз ойынан шыққан ұстазы Құрманғазы осындай кездесулердің бірінде Динаға «енді өзің де күй шығаруға дағдылан» дегендей ақыл-кеңес береді. Осындай ой Динаның өз басында да бар болатын. Ол Құрманғазының жігерлі де тез, жылдам ойналатын күйлері мен лирикалық әсем, майда қоңыр сазды Дәулеткерей күйлерін толықтай меңгерген кезі. Сондықтан ұстазының әлгідей ұсынысына қанаттанған Дина өзі де күй шығаруға тәуекел етеді. Деректерге қарағанда Дина алдымен өзіне бұрыннан таныс күй тақырыптарын таңдап алып, оны іштей қорытып, өзінше түсініп игеру арқылы жаңа музыкалық образдар енгізіп, одан әрі байыта түседі, «парафаз» жасау арқылы жаңа әуендер енгізеді. Сондай тырнақалды шығарған күйлерінің қатарына «Бұлбұл», «Байжұма», «Жігер» күйлерін атауға болады.

Елде Кеңес өкіметі орнағанмен, қиян-кескі азамат соғысы кезінде тыныштық бұзылып, оған қоса ашаршылыққа душар болған 61 жастағы Дина әжейдің үлкен отбасы 1922 жылы Астраханның Қызылжар (Красный яр) жеріне – Азау мекеніне көшіп барады. Бұл жерде қырдың өсімдігі құмаршық қағып, одан нан мен көжелік талғажау жасап, жанұясын ашаршылықтан сақтап қалады. Бұл қыр елін отаршылыққа ұйымдастырған кезең болатын. Кейінірек елде ұжымдастыру науқаны басталғанда Дина әжей отбасын Володар ауданының Козлово ауыл советіне қарасты бір шағын ауылына қоныстандырады. Бұл – табиғаты тамылжыған, жанында ағып жатқан өзені бар, бір жағы егін салуға құнарлы жері мол елді мекен болатын. Сол кезде орталығы Козловодағы «Қызыл ту» артелінің төрағасы Әбуов Ғаббастың атына арыз жазып, мүшелікке алуын өтінеді әженің үлкен ұлы – Жұрынбай Нұрпейісов. Ол сонда мал шаруашылығына жұмысқа сұранады. Ол кезде артельге адамдар көптеп керек. Сол артельге мүше болып, әже де арыз жазып кірген. Жалпы, 20-30-жылдар елде клуб жұмыстары қарқын алып, тұрғындардың белсенділігі көтеріле бастайды. Бұл кезде Астраханда аз ұлт әйелдерінің облыстық съезі өтеді. Оған әжей де қатысады. Осы кезеңде 67 жастағы Дина әжейдің өміріндегі бір жаңалық – алғаш рет клуб сахнасына көтеріледі. Күнделікті ауыр жұмыстан кейін Дина әжей әр кеште артель мүшелеріне домбыра тартып, көңілін көтерген. Козлово ауылынан бар-жоғы бір жарым шақырым жерде орналасқан сол елдімекен «Дина ауылы» атанған (Диановка с.). Дина күйші 1937 жылы тамыз айында оны арнайы іздеп келген композитор Смағұл Көшекбаевпен Алматыға аттанған. Сонда Дина Нұрпейісова елмен қоштасарда: «Туысқандар! Мен өз борышымды, алдыма қойған асыл мақсаттарымды орындау үшін Қазақстан астанасына аттанып барамын. Мен ұстазым – атақты домбырашы Құрманғазыдан көп нәрсені үйрендім, оның өнерін бізден кейінгі домбырашыларға жеткізуге уәде берген едім. Құрманғазыдай ұстаздың домбырада ойнау өнерінің қыры мен сырын әрбір домбырашының сана-сезіміне жеткізу үшін барамын… Мен соны түсіндіруге тиістімін. Сендермен қоштаспаймын, қазақтың қоңыр домбырасының қадір-қасиетін, оның өнерін әлі де жоғары көтеру үшін, көп еңбек сіңіру үшін, соған аянбай жұмыс істеу үшін аттанып барамын, – деген. Қазір сол Козлово селосының орталығында Мәдениет үйі бар. Ол Дина Нұрпейісова атында. Володар ауданы орталығында бір көше халық композиторының атымен аталады, сондай-ақ Козлово ауылында да бір көше Д.Нұрпейісова атында. Мұрағат қазынасын ақтарғанда «Дина Нұрпейісова 1934 жылы Володар аудандық, 1937 жылы Красный Яр аудандық депутаттар комитеті атынан «Қазақ музыкалық аспабында асқан шеберлікпен орындағаны үшін Дина Нұрпейісоваға Құрмет грамотасы сыйға тартылады» делінген. Бұл сол кездегі күйші әжемізге берілген үлкен баға деуге негіз бар. Дина Нұрпейісованың домбырада орындаушылық өнеріне қайран қалған композитор Ахмет Жұбанов: «Дина ұзын да сүйріктей саусақтарымен домбыра пернесінде, сағалағында небір алшақ пернелер аралықтарын ешбір мүлтіксіз алады. Симфония сазындай сиқырлы әуенді 62 тамырыңды бойлата, шымырлата, жаңғырта, шулата, буырқана небір әсерге түсіреді», – дейді…

Әйгерім ҚУАНДЫҚОВА, ҚМУ студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!