Қазақ халқының өмір-салтында ұлттық ойындардың орны ерекше екені мәлім. Өкініштісі, қазіргі таңда кей ұлттық ойын ұмыт болып, кей түрі танымал емес. Бүгінге жеткен ереже-шарттың өзі бұлыңғыр, ойын барысы туралы мәлімет аз. Содықтан ескіден келе жатқан ұлттық ойындарды дәріптеу, еске салу кезек күтірмейтін қадам. Ендеше бүгін ұмыт қалған ұлттық ойындарға қысқаша шолу жасайық.

«Жамбы ату»

Қазақтар жамбыны ат үстінде тұрып немесе шауып келе жатып атқан. Жарысқа 16 жастан жоғары ерлер мен әйелдер де тең дәрежеде қатысуға мүмкіндігі бар. Ереже бойынша, ұзын сырықтың басына күміс немесе алтын шүберекке оралып, қыл арқанмен байланады. Мергендер атқанда ораулы тұрған жібін атып барып, жамбыны жерге түсірген. Нысана мылтықпен немесе садақпен көзделеді. Ату сызығының нысанаға дейінгі аралығы – 15-20 метр. Ал өткізілетін алаңның көлемі 50х200 метрден кем болмауы тиіс.
Бұл ойын мергендер тігілген жүлдені атып алғанға дейін жалғаса береді.


«Жорға жарыс»

Бұл ойынға кез келген адам қатыса алмайды. Себебі, жарысқа түсетін жорға аттар ел арасында өте сирек кездеседі. Екіншіден, жорға деген аттардың өзі кейде желіске түсіп кетеді. Ал ереже бойынша, қатысушылар белгіленген екі көмбенің арасын тек жорғалап жүріп өтуі тиіс.
Айта кетейік, жарыс тек қысқа, жол ыңғайына қарай 2-3 шақырым аралықта өткізіледі.
«Күміс алу»
Ойынға нағыз ат құлағында ойнайтын шабандоз қатысу керек. Олар қатты ағынмен шауып келе жатқан аттың үстінде еңкейіп, жерде ораулы жатқан күмісті іліп алуы тиіс. Атқа шаба білу ғана жеткіліксіз. Оған ержүректік пен шапшаңдық қасиеті де керек.
«Күміс алу» ойынына кез келген ат жарай бермейді, оған бойы аласа, орташа іріліктегі аттар пайдаланылады. Бәйгеге қосылатын еңселі аттар мұндай ойындарға жарамайды.
Ереже бойынша екі көмбенің ортасына бірнеше жерге шүберекке оралған күмістер тасталады. Ойынға қатысу­шылар бір көмбеден екінші көмбеге шауып өткен жолында жерде жатқан күмісті еңкейіп іліп алуы керек. Осылайша кезекпен ойын­шылардың барлығы бір-бір реттен өтіп шығады. Егер ешқайсысы жүлдені іліп ала алмаса, онда екінші көмбеден кері қарай ойынды қайта бастайды. Сөйтіп, жердегі күміс алынғанша ойын жалғаса береді.

«Тұмақ ұру»

Ойын жазық, кең алаңда өткізіледі. Қатысушылар 20-30 адымдай жерге таяқты жерге қадап, оның басына бас киім іліп қояды. Сосын аттылы ойыншының біреуі қолына қамшы ұстап көмбеге келеді. Жүргізуші оның көзін орамалмен байлап, атының басын бас киім ілінген қазыққа қарай бұрып жібереді. Көзі байланған ойыншы атын желдірте жүріп бара жатып, қазықтағы тұмақты қамшысымен дәлдеп ұруы керек. Егер тұмаққа дәл тигізсе, белгіленген жүлдені ұтып алады. Ал тигізе алмаса, жұрттың күлкісіне қалады.


«Қарагие»

Бұл ойын көгалда, спорт алаңдарында өтеді. Ойынға тек ер балалар қатысады. Адам санына шек қойылмайды. Әр ойыншының қолында қайың, ырғай, тал секілді қатты ағаштан жасалған ұзындығы 3-4 метрлік найза таяқ болады. Кейбіреуі таяқтың ұшына жез, одан кейін темір таққан.
Ереже бойынша ойыншылар бас киімдерін шешіп ортаға тастайды. Көмбеден 25-30 адымдай жерге қазықтар қағып (аралары 1 метр), бас киімдерді қазықтарға бір-бірлеп іледі. Сонан соң әр ойыншы көмбеде тұрып қолындағы найза таяғын лақтырып, бас киіміне тигізуі тиіс. Көп тигізген ойыншы ұтады. Әлсіз ойыншы бір-екі рет лақтырғаннан кейін ойыннан шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда жүргізуші оны ойын аяқталғанша жібермей, соңынан «жаза» қолдануы шарт.
Бозбалалардың бұл ойыны көшпелі тайпа жауынгерлерінің соғыста мықты да, төзімді, найза лақтырған кезде мерген, батыр тұлғалы болып жетілуіне, жекпе-жекте жауға берілмеуіне көп септігін тигізген.
Бүгінде бұл ойынды ойнағанда биіктігі 1 метр қазыққа пішімі 60х60 см тақтай қағып, оның бетіне ортасынан бастап, айнала ұпай санын көрсететін он шеңбер сызылады. Әр шеңбердің арасы 5 сантиметр болады.
Ойын ережесі бойынша әр ойыншы үш реттен, немесе бес реттен нысананы көздейді. Қорытындысында кім қанша ұпай жинағаны анықталып, ең көп ұпай жинаған ойыншы жеңімпаз атанады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!